Жетісу облысы Кербұлақ ауданында иесіз жайылып жүрген бұқа зейнеткерлерді сүзіп, салдарын 70 жастағы әжей ауруханадан бір-ақ шыққан. Бұл туралы желіде зейнеткердің қызы жазған. Полицияның берген дерегіне сәйкес, өгіз иесіне айыппұл салынған, деп хабарлайды agroqogam.kz.
Зардап шегуші тараптың айтуынша, бұқа сүзген әжей өздігінен жүре алмайды.
«Бұл кісілер менің әке-шешем. Қарт кісілер. Оңбай қалды. Бірінші папамды сүзген, мамам қорқып жүгіріп шығып, құтқарам деп ойлаған. Екеуінде оңдырмапты. Мамамды лақтырып жіберіп, артынан тағы барып сүзген. Жамбас сүйегіне кіріп тұратын ұршық сүйек сынып кеткен. Қарт кісі болғандықтан, жүріп кетуі қиын. Иесіне 30 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салған», — деген бұқа сүзген кісілердің қызы.
Кербұлақ ауданының полициясының мәліметінще, тәртіп сақшылары ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша хаттама толтырған. Сондай-ақ олар қазірдің өзінде дәл осы бап бойынша 315 азаматқа айыппұл салғанын атап өтті. Десе де, иесіз жүрген мал саны азаймай отыр. Сол себепті енді Кербұлақ ауданы аумағында малды уақытша ұстауға арналған орындар салу жоспарланып жатқан көрінеді.
Ал аудан әкімдігі әкімшілік өгіз иесімен түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін жеткізді.
Мал иесі 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеп, жәбірленушіні емдеуге кеткен шығынды өтейтіні белгілі болды.
Айтолқын Адырбай,
Жетісу облысы,
Agroqogam.kz