Атырау облысында балық шабақтарын құтқару жұмыстары жүріп жатыр

Махамбет ауданының балық қорғаушылары өндірістік кооператив қызметкерлерімен бірлесіп, шабақ құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Махамбет ауданына қарасты Ақтоғай ауылдық округі аумағындағы Бақсай көлінде «Інжу-маржан» ЖШС-і мен «Құрманғазы» өндірістік кооперативі қызметкерлерінің қатысуымен балық шабақтарын құтқару шаралары қолға алынды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жалпы аудан бойынша 18 көл болса, соның тек 8-інде де ғана су бар. Қазір Махамбет ауданында орналасқан «Бақсай», «Петрушкин», «Алмағамбет», «12 ауыл», «Кіші Қарашығанақ», «Қызылжар», «15 ауыл», «Қоржын» су айдындары Жайық өзенінен толық үзілген. Өр суы қайтқан мезгілден бастап, яғни маусым және шілде айларында табиғат құтқарушылардың көмегімен 200 мыңдай қарабалық тұқымдас балық шабағы құтқарылған. Мамандар жайылма судан ау құралдарының көмегімен су астындағы балық шабақтарын сүзіп шығарады. Кейін арнайы ыдыстарға салып, тасымалдау арқылы Жайық өзеніне жібереді.

– Көктемгі өр суы кері қайтқанда су айдындары Жайық өзенінен үзіліп қалады. Осы үзілген су айдындарында өсіп-жетілген балық шабақтарын табиғат қорғаушылардың көмегімен сүзіп алып, табиғат ортасына, яғни Жайық өзеніне жібереміз. Махамбет ауданындағы 8 су айдынындағы қалып қойған балық шабақтарын құтқару жұмыстары тамыз айында да жалғасын табады, дейді Махамбет аудандық балық инспекциясы бөлімінің басшысы Бектұрған Сұпығалиев.

Құтқару жұмыстарына «Інжу-маржан», «Тілекші», «Қызылбалық», «Каспий рыба Евразия», «Құрманғазы», «Жамбыл» мекемелері жұмылдырылды. Қазір балық шабақтарының кейбір түрлері уақ болғандықтан алдағы тамыз айында да құтқару жұмыстары жалғасады. Балықтың тұншығу қаупі бар су айдындары Махамбет балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің толықтай бақылауында.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.