Жетісу облысы Көксу ауданында мелатонинді сүт өндірісі қолға алынбақ. Бірқатар дертке ем бола алатын мұндай сүт өндіруге аудандағы «Каримов» ЖК кіріспек. Бұл туралы кәсіпкерлік басшысы Каримов Рахим мәлім етті, деп хабарлайды agroqogam.kz тілшісі.
Ерекше пайдалы сүт өндірісін қолға алу туралы идеясын кәсіпкерлік басшысы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Көксу ауданына іссапары кезінде жеткізді. Ол өзінің бизнес-жоспарын таныстырып, «түнгі сүтті» табиғи жолмен алу әлеуеті туралы айтты.
Айтуынша, мұндай сүт алу үшін сүт бағытындағы мүйізді ірі қараны тыныштандыру үшін жайлы жағдай жасап, арнайы жұмсақ жарықты қоса отырып, түнгі сағат 2 мен 4 аралығында сауу керек.
Осындай жолмен алынған сүт өнімдері ұйқысыздық дертіне шалдыққандар үшін ем екен. Балпық би ауылында орналасқан аталған шаруа қожалығы асыл тұқымды голштин сиырын асырайды. Асыраудағы 1 522 бас ірі қараның 383-і сауынды сиыр. Олардан 305 күнде 10 мың келіге дейін сүт алынады.
Жалпы түнде сауылған сүт өнімдері ұйқысыздық дертіне шалдыққандар үшін ем. Қараңғы ғимарат ішінде сауған кезде сиыр сүтіндегі мелатонин мөлшері әдеттегіден 10 есе көп болмақ.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қазіргі таңда Финляндияда аталған сүт өндірісі қолға алынған. Онда «түнгі сүт» өзге сүттерге қарағанда 20 пайызға қымбаттау болады. Десе де белсенді сатып алушылары да бар.
Мұндай жолмен алынатын сүтті сауу аппаратынан соң бірден сүт құбыры арқылы автоцистернаға құю керек. Артынша шикізат комбинатта 140 градус температурада ультрапастерленеді. Бұл тәсіл сүт құрамындағы зиянды микробтарды жойып, пайдалы заттарды сақтауға сеп болады, дейді мамандар.
Айтолқын Адырбайқызы,
Жетісу облысы,
Agroqogam.kz