Алматы облысында тағы бір ауыл жергілікті зауыттың заңсыз қалдығына шағымданды

Алматы облысы Шалқар ауылының тұрғындары өзінің заңды жеріне үй сала алмай отыр. Себебі олардың жерінің маңында орналасқан жергілікті арақ-шарап шығаратын зауыт өндірістік қалдықтарды заңсыз ең жатқан далаға шығаруда, дейді олар. Олардың айтуынша, бұл қалдықтар ауқымды аумақты алып жатыр. Аталған жайтқа қатысты ауыл әкімі мен Алматы облысы экология департаменті араласты, деп жазады agroqogam.kz.

Алматы облысындағы түрлі кәсіпорындарға деген тұрғындардың шағымы азаяр емес. Бұл жолы Шалқар ауылының тұрғындары жанайқайын жеткізіп, ауыл маңындағы арақ-шарап шығаратын зауытқа шағым айтқан. Айтуларынша, зауыттан шыққан қалдықтардың кесірінен тұрғындар үйін сала алмай отыр. Себебі, қалдық аралас су кәдімгі ен далаға жайылып жатыр. Бұл жайттың видеосы әлеуметтік желіде жарияланған (сілтемесі: https://www.instagram.com/p/CeLZLeYjOuW/)

«Су мұнарасының асты тіпті көлге айналған. Бұл жерлердің барлығы жеке тұрғын үй салуға арналған. Жергілік әкімшілік бұған қалай көз жұмып отырғанына таңғалам. Үш канал ағып жатыр сарқырама сияқты. Қайдан келіп жатқан су?! Тұрғындар зауыттан келіп жатқан су дейді. Иісін айтып жеткізе алмаймын. Бұл су мұнарасынан қырықтан астам жер иелеріне су беріледі. Жер алып қойып, үйін сала алмай жүрген тұрғындар бар. Бірақ осындай шамамен бір гектардан астам жерді улап жатқан мекемеге шамасы жетпей жатқанына таңғалам. Су жерге сіңбей жатыр», — дейді видео авторы.

Кей тұрғындар осы маңнан жер алып, ондағы канализациялық қалдықтар салдарынан жерден бас тартқан жағдайлар да болған. Бұл туралы тағы бір ауыл тұрғыны Әділет Сәбитұлы жеткізген.

«Кезінде біз де алданып, екі жер алғанбыз осы жерден. Ол жер Жандосов әкімдігіне қарайды екен, әкімдікке шағымданып барғанымызда, еш нәрсе істей алмайтындығын айтып шығарып салған. Сатқан адамға жерін қайтарып берген біз»,  — деді тұрғын.

Тұрғындардың жанайқайын тыңдауға Жандос ауылдық округінің әкімі Жанболат Алмаз Ғалымжанұлы да келген. Ол өз кезегінде бұл мәселе құзырлы органдардың назарында екенін жеткізді.

«Винзавод-17» деген мекеменің ағынды сулары заңсыз ба, заңды ма соған байланысты тисіті мекемелерге хат жолданды. Келесі аптада жауабы шықса, сіздерге де сол кезде жауабын береміз. Ал заңсыз болса, тоқтатылады», — деді ол.

Аталған мәселе бойынша жергілікті тұрғындардың бірі Клара Көпбаева Алматы облысы бойынша экология департаментіне арнайы хат жазып, «Винзовод-17» зауытынан өндірістік қалдықтар ағып, өз учаскілеріне жайылып жатқандығына шағым айтқан. Өз хатында ол жайылған сасық су тұрғындарға қолайсыздық туғызып жатқандығы жайлы жазған.

Алматы облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы Әбенов Қадыржанның айтуынша, осы хат негізінде тексеріс жүргізіліп, сарқынды сулардың сынамаса алыныпты.

«Аталған мәселені жан-жақты қарастыру мақсатында жоспардан тыс тексеру тағайындау бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Оның нәтижесін хабарлайтын боламыз», — деді ол.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы

Aqroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.