Құс жұмыртқасы Ақтөбеден Өзбекстанға экспортталады

«Ramazan Qus» құс фабрикасында 500 жұмыртқалайтын тауықтар бар. Олар күніне 450 000 жұмыртқа шығарады. Бұл Ақтөбе тұрғындарын ғана емес, Қазақстаннан өзге мемлекеттерді де әлеуметтік өніммен қамтамасыз етуге жеткілікті.

Өткен жылы Ресейде құс тұмауынан жұмыртқа тапшылығы туындаған кезде Ақтөбе құс фабрикасы көрші елдің облыстарына өнім жеткізді.

Қазіргі уақытта азықтандырудың технологиясы мен өнімділігін өзгертіп бес түрлі жұмыртқа өнімін ұсынады. «Диеталық», «Таңдаулы», «XXL» және «Premium» деп аталатын жұмыртқа түрлерінің қатарына «Деревенская» жұмыртқа өнімі қосылды.

«Біз, 17 түрлі қоспаны пайдалана отырып арнайы рецепт негізінде құс жемдерін әзірлейміз. Қазірде жем мәзіріне қоректік негіздегі қоспаларды араластырудамыз. Бұл жем құрамында микроэлементтерді арттырып, «Деревенская» жұмыртқа өнімін ұсынуға мүмкіндік берді. Өнімді 7-8 айлық тауықтардан аламыз. Оларды калориялы жеммен қоректендіріп, соя ұнын қосып береміз және тауықтар ақуызбен көбірек қоректенеді.

Біз жұмыртқа өнімін көрші өңірлерге, Ауғаныстанға жеткізіп келдік. Енді құс фабрикалары жұмыс істемей тұрған Өзбекстан мемлекетіне де жеткізуді бастадық.

Өткен жылдарда Өзбекстан Қазақстаннан бидай сатып алатын. Қазіргі кезде бидай тасымалына шектеу болғандықтан жем өнімінің жетіспеушілігі сезіледі, сондықтан көрші мемлекет бізден дайын өнімді сатып алуға шешім қабылдады. Осы жағдайға байланысты логистикалық шығынның 50% үкімет тарапынан қайтарылады. Енді айына 4-5 жүк көлігімен жұмыртқа өнімін Ташкент қаласына жіберіп отырамыз. Бір жүк көлігінде 840 қорап, әрбір қорапта 360 жұмыртқа, яғни, бір жүк көлігінде 302 мың жұмыртқа өнімі тасымалданады. Өзбекстанға жас тауықтардан алынатын С1 және С2 категориялы жұмыртқа өнімі экспортталады.

Ауғаныстан мемлекеті бізден арзан бағадағы С2 категориялы жұмыртқа өнімін сатып алады. Бұл елде халықтың сатып алу қабілеті төмен», – деп «Ramazan Qus» құс фабрикасының меңгерушісі Серік Қалауғали баяндады.

Ақтөбе қаласының дүкендерінде жергілікті құс фабрикасының 1-ші санатты жұмыртқа өнімінің ондығы 262-273 теңгеден сатылады. Әлеуметтік азық бағасын тұрақтандыруға мекемеге үкімет жәрдем етеді.

Құс фабрикалары құс жеміне арналған бидайды «Азық-түлік корпорациясынан» алады. Бұл бидай қоры тамыз айына дейін ғана жеткілікті.

Шілде айына дейін Ресейден бидай тасымалына шектеу қойылған. Мамандардың пікірінше бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.

Қазақстанда биылғы егіннің қымбат болу ықтималдығына байланысты күзден бастап жұмыртқа өнімінің бағасы да қымбаттауы мүмкін. Жұмыртқа өнімінің өзіндік құнының негізгі мөлшерін құс жемі құрайды. Құс жемінің 70% егін өнімінен, деп өндірушілер түсіндіреді.

Аслан Әділбек,

Ақтөбе облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.