Алматы облысы Көксу ауданы Лабасы ауылының тұрғындары жергілікті ірі сүт зауыты өндірістік қалдықтарды қолданыстағы арық суғару каналына ағызатынын айтып, шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, біршама уақыттан бері арықтағы судан жағымсыз иіс шығып, елдің мазасын алуда, деп жазады agroqogam.kz тілшісі.
Тұрғындар ауылындағы проблемаларын айтып, жергілікті пабликтердің біріне шағымданған. Олар арықты пайдалану мүмкін еместігін және сүт зауытының әрекеттері экологиялық ахуалға кері әсерін тигізіп жатқанын жеткізген.
«Ағызу шұңқырына зауыт қалдықтарын ағызады. Ол шіріп, жағымсыз иіс шыға бастайды. Ал бұл су каналға ағызылады. Арнайы құбыр жүргізіп қойған, ол арқылы сүттің түрлі қалдықтары жіберіледі. Міне, осындай сүтті арықтармен бізді бақшамызды суарамыз. Біз зауыттың жабылғанын талап етпейміз. Бірақ осыған қатысты әрекет етсе болар еді», -деген тілегін білдірген ауыл тұрғындары «zakono.poslushniy.grazhdanin» желісіндегі пабликте.
Аталған дерек аудандық прокуратураның назарына ілігіп, облыстық экология департаменті іске араласты. 2 маусым күні ағызу шұңқырынан жағымсыз иіс шығу дерегі бойынша тексеріс жүргізілді.
Алматы облыстық экология департаментінің хабарлауы бойынша «Koksu S&M Compani» ЖШС әрекетіне қатысты шағым бақылауға алынған.
«Мамандар Лабасы ауылдық округінін тұрғындарымен кездесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары сарқынды суларды ағызу орнынан химиялық талдау жүргізу үшін су сынамаларын алды, су сынамаларын алу хаттамаларын толтырылды. Қазіргі таңда, Департаментпен бейне-жазбада аталған мәселені жан-жақты қарастыру мақсатында жоспардан тыс тексеру тағайындау бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Мәселе Алматы облысы бойынша экология департаменті басшысының бақылауында», — деп пікір білдірді департамент.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz