Параны Kaspi арқылы жіберген: Ақтауда облыстық ауылшаруашылық басқармасының экс-орынбасары сотталды

Маңғыстау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Бақтыбай Ізімтаев пара алғаны үшін сотталды. Белгілі болғандай, экс-шенеунік күн панельдерін жеткізушілерге субсидия беру кезінде қамқорлық жасаған. Ол мұндай «қамқорлығы» үшін кәсіпкерлерден пара алып отырған, деп хабарлайды agroqogam.kz тілшісі.

Сот материалдарындағы деректерге сүйенсек,  ауылшаруашылық басқармасының бұрынғы орынбасары қызметін асыра пайдаланып, бірнеше тұлғаға мемлекеттен субсидия алып беруге жәрдем болғаны анықталған. Оның ішінде бірнеше мекемемен алдын ала келісіп, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне орнатылған күн панельдері үшін субсидия алып беруге мұрындық болған. Ал бұл көмегі үшін ол параны Kaspi қосымшасы арқылы алып отырған.

«Өзінің лауазымдық жағдайына байланысты олардың мүддесіндегі әрекеттерге ықпал ете алатынын ескере отырып, оларға Мекеме тарапынан субсидия қаражаты аударылмай тұрып, олардың заңдылығын тиісті түрде тексеруге қасақана әрекетсіздік таныта отырып, субсидиялардың  түсуін бақылап, субсидиялар шаруа қожалықтарына жолданған кезде ол туралы аталған мекемелердің басшылары мен өкілдеріне хабарлап отырған», — делінген сот материалдарында.

Ақтау қалалық сотының үкіміне сәйкес 2022 жылдың 30 мамырында Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Бақтыбай Ізімтаев пара алу дерегі бойынша кінәлі деп танылды. Оған мемлекетке келтірілген залалдың 4 еселенген көлемі мөлшерінде айыппұл салынды. Осылайша экс-шенеунік 28 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалады.

Бұдан бөлек, Ізімтаев өмір бойына мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан айырылды.

Ізімтаевпен бірге сотта бірнеше күн панельдерін жеткізуші пара бергені үшін кінәлі деп танылды. Оларға 2,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Аталған істе бір емес, бірнеше адамның есімі аталды. Соның бірі – «Байсырымов» ЖК иесі. Бұл азамат та Ізімтаев басқарма басшысының орынбасары болып қызмет атқарған уақытта жалған құжат жасап, мемлекеттен 23 млн теңгеге жуық субсидия алған.

Сот «Байсырымов» ЖК иесін алаяқтық дерегі бойынша кінәлі деп танып, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.

Айта кету керек, аталған іс бойынша кінәлі деп танылған азаматтардың кесірінен мемлекетке 6,9 миллион теңге көлемінде залал келген.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.