Алматы облысы Кеген ауданында биыл қыста 431 жылқы, 1900 қой, 266 ірі қара мал қырылған

Алматы облысы Кеген ауданының тұрғындары облыс әкімі Қанат Бозымбаевпен кездесу кезінде өңір басшысын сұрақтың астына алды. Жиында жайылымдық жерердің аздығы, ауылдардағы жұмыссыздық, елдімекендерге газ құбырын тарту сонымен бірге ауылшаруашылық саласының өзекті проблемалары қозғалды.

Кеген ауданы тұрғындарының 90 пайызы ауылшаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысады. Халықтың басты табыс көзі – мал. Осыған қарамастан, өңірде осы саладағы проблемалар да аз болмады. Тұрғындар мал жаятын шұрайлы жер болмағандықтан, қыста мал шығыны көп болғанын тілге тиек етті. Алайда, бұл ретте тұрғындарға ешқандай өтемақы берілмеген.

«Былтыр 2021 жылы қуаңшылық болды, жайылымдық жер жетіспеді. Бұл жұт жылқы малына қырғидай тиді. Жылқы жаз айларында қазы жинауы керек еді. Қаңтар айынан бастап мал қырылды. Мен өзім көрдім, бір үйден тоғыз жылқы, он жылқы, жиырма, қырық жылқыға дейін өлді. Ал жайлауға шыққанда, өліктері шашылып жатты. Малдың қырылғанының кесірінен бірнеше үй қалаға көшеміз деп отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізіп, өтемақы төленуі керек деп санаймын», —  деген талабын жеткізді Қарқара ауылының тұрғыны Нұрбаев Сұлтан.

Аудандық атқамінерлер болса, бұл мәселе бойынша барлық арнайы хаттама толтырылғанын жеткізді. Десе де, олар халыққа ешқандай көмек көрсетілмегенін мойындады.

«Шығын болғаны рас. Көктемгі күн райының күрт өзгеруінен наурыз айында 266 бас ірі қара, 431 бас жылқы, 1900 қой шығын болған. Қолдау көрсетілген жоқ», — деді ол.

Десе де, шаруаларға ешқандай көмек көрсетілмегенін айтқан жергілікті басшылар облыс әкімінен сөз естіді. Сорақысы, ол бұл мәселеден мүлдем бейхабар болып шықты.

«Мен бірінші рет естіп отырмын. Мен ойлаған едім 5-6 мал басы кетті деп. Мына мәселені тоқтатайық. Облыстан комиссия жіберемін. Көрсін, құжаттаманы тексерсін. Мал шығынын анықтайды. Көмек көрсетеміз. Біз тиісті мәселені көтереміз. Комиссия келесі аптада келеді», — деді ол.

Ал екінші бір тұрғын бұл мәселенің басы арыда екенін айтты. Айтуынша, жергілікті шұрайлы жерлердің барлығы инвестордың қолында болғандықтан, халық жайылымдық жер таппай отыр.

«Тасашы ауылдық округі бойынша жер бізде бар. Маңғыстау атыраудағы сияқты емес, шөп өседі, көп өседі. Сол жерлерді мақсатымен тиянақты пайдалана алмай отырғандықтан осындай жағдай болды. Біздің аудан облысқа 650 млн теңге пайда әкеледі. 30 жылда Қазақстан Қазақстан болғалы бұл ақшаны салған да жоқ, салмайды да. Неге тұрғылықты халық оның зардабын шегуі керек? Бізде осында Алматыдағы сияқты тұрғымыз келеді. Неге олай болды? Себебі біздің жерлеріміздің барлығы инвестордың қолында. Бізге шөп өспейтін дәрілер бергісі келеді. Бірақ ол жерге ондай шөп өспейді. Бізде жайлау бар. Бірақ малды бар жайлауға шығара алмаймыз, малымыз өзіміздің отырған жерге жайылады. Жердің мәселесі дұрыс шешілмеген», — деді ол.

Облыс әкімі аталған мәселені шешуге уәде берді.

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.