«Көлікпен қуған»: Алматы облысында шаруа қожалығының иесі қоластында істеген малшысын соққыға жықты

Алматы облысында шаруа қожалығының иесі өзінің қарамағында малшы болып жұмыс істейтін жұмысшысын аяусыз соққыға жықты. Кәсіпкер ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасаған agroqogam.kz тілшісі.

Ақсу ауданы Матай станциясы маңында жеке шаруа қожалығы бар 43 жастағы азамат өзінің қоластында жұмыс істеп, әйелі және екі баласымен оның фермасында тұрып жатқан малшысын соққыға жыққан. Оқиға 2 мамыр күні кешқұрым орын алған. Қазіргі таңда полиция болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Алдын ала дерек бойынша, малшы өзіне төленетін жалақыға наразы болған, салдарынан екі азамат арасында кикілжің туындаған.

«Алдын ала дерек бойынша күдікті Lexus 470 көлігімен малшыны қуған. Қашып бара жатқан жұмысшыны қуып жетіп, көлікпен қаққан. Одан бөлек, оны таяқпен ұра бастапты. Қазіргі күні күдікті қамауға алынды. Сараптама нәтижесіне сүйенсек, ұсталған сәтте шаруа қожалығының қожайыны масаң күйде болған (жеңіл дәреже) болған. ҚР ҚК 106-бабы бойынша (денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру) жүріп жатыр. Жол талғамайтын көлік тәркіленіп, арнайы тұраққа жеткізілген», — деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, дәрігерлер зардап шеккен азаматқа гемопневмоторакстың асқынған түрі, 9 қабырға мен жауырынның сынуы және т.б. диагноз қойып отыр.

Ер адам облыстық аурухана дәрігерлерінің қатаң бақылауында.

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.