Алматы облысында өлген мал қалдықтарын ауыл шетіне заңсыз үйіп тастағандар жазаланды (ВИДЕО)

Алматы облысы Төңкеріс ауылында тұрғындар ауыл шетінде тау боп үйілген өлген мал қалдықтарын тапты. Жергілікті белсенділердің арқасында бұл мәселе облыстық экология департаментінің назарына ілігіп, кінәлілер жазаланды, деп хабарлайды agroqogam тілшісі.

Сәуір айының басында ауыл шетінде үйіліп жатқан өлген малдың қалдықтары, оның ішінде сүйектері, бас-сирақтары және т.б., тұрғындардың назарына іліккен болатын. Олар елдімекен зираттың маңына белгісіз біреулер мал өлекселерін тастап жүргенін айтып, наразы болған. Бұл жайтты белсенділер видеоға түсіріп, жергілікті әлеуметтік желідегі топтарға жария еткен-ді.

«Төңкеріс ауылының шетінде өлген малдың өлекселері шіріп жатыр. Кішкене ғана ауылда бұл жайтқа кінәлілерді анықтау қиынға соқпасы анық. Мұны жай қалдыруға болмайды. Барлық ауру да, сібір жарасы да осыдан шығып отыр», — деп жазған видео авторы.

Абырой болғанда, төңкерістіктердің жанайқайымен құзырлы органдар айналысып, өлген мал қалдықтарын заңсыз төккен кәсіпорын да анықталды.  Алматы облысы бойынша экология департаменті Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің Төңкеріс ауылың биологиялық қалдықтармен, оның ішінде жануарлардың қалдықтарымен үй жануарларын (ірі қара мал, ұсақ мал) етке бордақылаумен және одан кейін союмен айналысатын «БАДЫР-ХАН» ШФҚ ластағанын анықтады.

«Қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша «БАДЫР-ХАН» ШФҚ Алматы облысының Төңкеріс ауылында жануарлардың сүйек қалдықтарын тастаған жерлерге толық тазарту жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек, өңірлік экология департаменті Талғар аудандық полиция басқармасынан келіп түскен материалдардың негізінде ҚР ӘҚБтК 344-бабының 3-бөлігі бойынша хаттама жасап, айыппұл салды. Қазіргі таңда компанияның қызметі бақылауға алынды», — делінген өңірлік экология департаментінің хабарламасында.

Видео: https://www.youtube.com/shorts/qv121_3kmO8

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.