Қуаңшылық қаупі: Маңғыстауда шаруалар өзге облыстарға көшіп жатыр

Ақтау қаласындағы ашық аспан астындағы амфитеатрда маңғыстаулық жүздеген адам жиналып, Жаратқанға жалбарынды. Теңіз жағасына жиналған жамағат Құдайдан жаңбыр тілеп, намаз оқыды.

Тасаттық жергілікті шарулар мен қожалық иелері өтініші негізінде ұйымдастырылған.

Еске салсақ, былтыр Маңғыстау өңірінде қуаңшылықтан жерде от болмай, мыңдаған мал басы қырылған еді. Аймақ тұрғындары биыл да жауын-шашынның аздығынан қуаңшылық бола ма деп уайымдайды.

Тіпті, биыл да қуаңшылық қаупі барын болжаған маңғыстаулық шаруалардың алды малын тиеп, басқа облыстарға кетіп жатыр екен. Солардың бірі – шаруа қожалық иесі Әділбек Сағындық. Былтырғы құрғақшылық салдарынан Әділбек біраз шығынға батқан. Жергілікті шаруа биыл да өңірде сондай қиындық қайталанып, жағдай ушығатынына сенімді. 

«Биыл да жағдай мәз емес. Жаңбыр жауған жоқ: далада жел, ала шаң. Наурыз айының соңында сіркіреп жаңбыр жауғандай болған. Сол тамшылап өткен жаңбырдың арқасында жердің беті кішкене болса да көктеп тұр. Бірақ енді жауын болмаса, былтырғы жағдай қайталанады», — дейді ол.

Әділбек қазір 2 үйір жылқысын қорасына әкеп қамап, жүк көліктеріне тиеп, Ақтөбе облысының Ойыл ауданына тасып жатыр. Сол жақта таныс-тамырынан жер сұрап, жалға алып, белгілі бір уақытқа дейін амалдай тұрмақ. Егер Ойыл ауданында бәрі ойдағыдай болып жатса, түйелерін де тиеп апармақшы.

Көбі сол Ақтөбе облысына, Оралға қарай көшіп жатыр. Қазір бір көлік 400 мыңға апарады. Үлкен жүк көліктеріне 33 жылқы сияды. Шамасы жеткендердің көбі кетіп жатыр, — дейді қожалық иесі.

Әділбектің айтуынша, облыс әкімдігі көрші облыстардан жер алып беруге көмектесіп, арнайы бағдарлама әзірлеуге сөз берген. Бірақ шаруалар оны күтіп отыруға уақыттың тапшылығы мен төнген қауіп жол бермейтінін айтады.

«Қазгидрометтің» де алдағы айларға жасаған болжамы көңіл көншітпейді: Қазақстанның елеулі аумағында мамыр айында ылғалдану жағдайы нормаға жақын болатыны айтылған. Бірақ Ақтөбе облысының Әйтеке би және Хромтау аудандарында, Қостанай облысының Жангелді ауданында, Қызылорда облысының Қазалы ауданында, Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында орташа құрғақшылық болатынын болжап отыр.

Синоптиктердің мәліметінше, ылғалды күндер негізінен Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Жамбыл облыстарының оңтүстігінде ғана болады.

Одан кейінгі маусым мен шілде айларында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты деңгейден 1-2° жоғары болады деген болжам бар.

Былтыр қараша айында елордада өткен Қазақ шаруаларының І құрылтайында Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялау мәселесі қайта көтерілген еді. Шығынға батқан шаруалар 1207 мал басы қырылғаны жайлы ресми деректі жоққа шығарып, шын мәнінде көрсеткіш одан анағұрлым жоғары екенін айтқан.

Сол кезде аймақта жем бағасы 90-110 теңгеге дейін шарықтады. Өңірдегі шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз ету үшін үкімет резервінен 1,9 млрд тенге бөлінді.

Дереккөз: halyq-uni.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.