Алматы облысы Ескелді ауылының белсенділері жергілікті қоқыс полигонында аса қауіпті санатқа жататын медициналық қалдықтар жатқанын айтып, әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізді. Тұрғындардың белсенділігінің арқасында мәселеге ҚР ЭГТРМ экология комитеті араласты, деп жазады agroqogam.kz тілшісі.
Instagram әлеуметтік желісіндегі @karabulak_patriot парақшасында жарияланған видеодан полигонда құрамында сынабы бар қызуөлшегіштер, одан бөлек, люминесцентті қалдықтар залалсыздандырылмаған күйде жатқанын көруге болады (Сілтеме https://www.instagram.com/p/CcIqHxslf0-/ ). Ал зиянды қалдықтардың маңында ірі қара мал емін-еркін жайылып жүр. Аталған мәселені бір емес, бірнеше мәрте желіде жариялап, құзырлы органдардың араласуын сұрағаннан кейін іске өңірлік экология департаменті араласқан. Ведомствоның ресми мәлімдемесіне сай, қазіргі таңда аталған полигонда медициналық қалдықтарды жою жұмыстары жүргізілуде.
«Алматы облысы Ескелді ауданы Абай ауылында медициналық мақсаттағы бұйымдарды заңсыз орналастыру фактісі бойынша «Чакаров» ЖК ұйымына әкімшілік айыппұл салынды. Ұйым мамандандырылған кәсіпорындарда залалсыздандыру және кәдеге жарату үшін орналастырылған медициналық қалдықтарды шығару жұмыстарын іске асырып жатыр. Полигонды кәдеге жарату және қалпына келтіру үшін арнайы техниканның тартылуымен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ, бүгінде «Ескелді ауданының орталық аудандық ауруханасын» әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қарастырылуда.
Мұнымен қатар, қоқыс полигонында жатқан қалдықтар Б, В, Г класындағы медициналық қалдықтар, жеке қорғаныс құралдары, люминесцентті және құрамында сынабы бар қалдықтар және т. б.
Медициналық қалдықтарды орналастыру орнын бастапқы қалпына келтіру жұмыстары жалғасатын болады.
Айта кету керек, б санатына эпидемиологиялық қалдықтар, в санатына аса қауіпті эпидемиологиялық, ал г санатына улы әрі қауіпті қалдықтар жатады.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы