Қазақстан фермерлеріне көбірек субсидия бөлу керек. LS-пен әңгіме барысында «Атамекен» ҰКП жанындағы агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев осындай пікір білдірді.
Сарапшының пайымдауынша, 2022 жылға жоспарланған 309 млрд теңге көлеміндегі субсидиялар жеткіліксіз және оларды қайта қарау қажет.
«Мемлекеттік қолдау деңгейі кем дегенде екі есе көп болуы керек деп санаймын. Бұл нормативтердің әдеттегі өсуі бойынша болмауы тиіс: мысалы, егер шартты түрде 1 кг 100 теңгеге берілсе, енді 200 теңге емес. Қандай да бір кішігiрiм салалардың дамуына түрткі болатын өзіндік әдістеме болуы тиіс», — деп атап өтті Есенеев.
Ол сондай-ақ, 350 млрд теңге мөлшеріндегі субсидиялардың өткен жылы баға белгілеуге айтарлықтай әсер етпегені туралы мысал келтірді.
«2021 жылы азық-түлік саласы мен АӨК өнімдерін өндіру 7,9 трлн теңге болды. Осылайша, мемлекеттік қолдау деңгейі өнімнің жалпы көлеміне шаққанда 4,4%-ды құрады. Яғни, егер бір бөлке нанның бағасы 100 теңге болса, онда оған 4 теңге ғана субсидия беріледі. Бәлкім, бұл онша көп емес шығар», — деді Есенеев.
Салыстыру үшін, Ресейде өндірілген нанда мемлекеттік қолдаудың үлесі 8-9%, ал Беларуссияда – 16% құрайды, деп сарапшы мысал келтірді.
Ал егер ағымдағы жылды қарастыратын болсақ, Есенеевтің айтуынша, бағаның өсуіне байланысты ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі алдын ала 10 трлн теңгеге жетеді. Яғни, субсидиялардың үлесі 3%-ды құрайды, бұл 2021 жылға қарағанда аз.
Алайда, Есенеев бұл жоқтан гөрі жақсы дейді. Осы ретте ол ауыл шаруашылығы министрлігі ағымдағы жылға мемлекеттік қолдауды оңтайландыруды жоспарлағанын тiлге тиек етті.
«Олардың мемлекеттік көмек деңгейін сақтап қалуы – үлкен игілік. Аграршыларға қолдау көрсеткен үкіметке құрмет көрсетуіміз керек. Егер олар қазір мемлекеттік қолдау мерзімдерін қайта қарай бастаса, онда егіс науқаны үлкен тәуекелге душар болар еді», — деп түсіндірді Есенеев.
Сондай-ақ, ол «Атамекен» ҰКП қатысатын субсидиялар бойынша жаңа шаралардың егжей-тегжейін айтып берді.
«Бұл бюджетті азайту туралы емес, ережелерді оңтайландыру туралы. Шартты түрде біз көктемде сиырға субсидия бердік: оны сатып алуға, бордақылау алаңында ұстауға, асылдандыру жұмыстарына, сатуға. Яғни, барлық жерде тікелей және жанама субсидиялар бар. Сондықтан біз мұның бәрін оңтайландыруды ұсынамыз, бірінші кезекте фермер өз бетінше жұмыс істеуі, сапасын жақсартуы, өзіндік құнын төмендетуі үшін ынталандырушы шара болуы керек. Сәйкесiнше сыбайлас жемқорлық тәуекелдері болмауы үшін», — деп қосты LS сұхбатшысы.
Сонымен қатар, Есенеев геосаяси жағдайдың Қазақстанның азық-түлік нарығына әсері туралы айтты.
«Украинаның үлесі төмендеді. Бұл қазақстандық астық нарығының 10%-ы және күнбағыс майының 30%-ы, жүгерінің үлкен нарығы. Тапшылық бағаның өсуіне әкеледі. Сондықтан бәрі автоматты түрде бағаланады», — деп сарапшы өз пікірін білдірді.
Соңында Есенеев қазақстандықтарға ауыл шаруашылығымен айналысуға кеңес берді.
«Бұл шын мәнінде өте перспективалы. Бiзге көбірек өнім шығару қажет. Себебі әлемде азық-түлікке сұраныс артып келеді. Ал бізде өнімді өсіру мүмкіндігі бар. Ауқымды өткізу нарықтары бар, олар: Ауғанстан, Өзбекстан, Иран. Мұның бәрі азық-түлікке мұқтаж елдер. Экспортқа арналған перспективалы нарықтар туралы айтуға әлі ерте. Бірінші кезекте өз қажеттілігімізбен айналысу керек», — деп атап өтті Есенеев.
Источник: LSM.kz