62 жастағы әлем чемпионы Қасенхан Серғазиев: Далада қаңғып қалдым

Бұдан төрт жыл бұрын ардагерлер арасында грем-рим күресінен әлем чемпионы атанып, елге абыройлы алтын медаль әкелген Қасенхан Серғазиев өзгенің есігін жағалап, жалдамалы пәтерде күн кешіп жүр. Бұл туралы qogam-media.kz тілшісіне батырдың өз мәлім етті. 

Қасенхан Серғазиевтің есімін Панфилов ауданында білмейтін жан кемде-кем. Өңірде спорт саласының, оның ішінде күрестің дамуына зор үлес қосып жүрген азамат жастайынан туған топырағының есімі әлемде ұлықталуына жанкештілікпен атсалысуда. Кеңес үкіметі кезінде Қазақстан бойынша 9-дүркін чемпион атанып, 1981 жылғы КСРО чемпионатында 1-орын иеленген. Осыған дейін түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізген ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері дәрежесіне де ие. Ең негізгісі — 2019 жылғы Әлем чемпионатында 62 келі салмақ дәрежесінде Жаркенттен шыққан Қасенхан Серғазиев ардагерлер арасында әлем чемпионы атанып, көк туды желбіреткен. 

«Жетінші сыныптан бастап күреспен айналысып келем. Осы уақытқа дейін көптеген жарыстардың жүлдегері атандым. Аудандық спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істеп келемін. Бір жылдан кейін зейнетке шығамын. Мен өзім ғана емес, шәкірттерім де чемпион атанған. 2017 жылы ардагерлер арасында әлем чемпионатында Нұржан Нұрбеков есімді шәкіртім елге алтын әкелген. Барлық жарысқа өз қаражатымызбен барамыз. Мемлекеттен қолдау жоқ», — дейді ол.

Бұдан бөлек чемпион Тұрпан және  Сарыбел ауылдарында спорт мектебін ашуға мұрындық болғандардың бірі. Ол ауыл балаларының кәсіби  спортпен айналысуы үшін маман ретінде қолынан келгенін жасағанын жеткізді. Десе де кей жағдайларда тәрбиеленушілер қолдың қысқалығынан әлемдік жарыстарға бара алмай қалып жатады, деп қынжылады Қасенхан аға. Ардагердің айтуынша, бүгінде жас спортшылардың әлеуеті жақсы. Тек ауыл-ауылдарда заманауи жабдықталған, жаңа спорт мектептерін ашып, жағдай жасау керек. Мәселен, аудандық спорт мектебі жөндеуге жабылғалы  шәкірттері жаттығатын зал таппай сенделуде. Ал бұл жаттығуға кететін «алтын уақытты» жоғалту дейді ол. 

Ең өкініштісі, өзі жасы пайғамбар жасына жетіп қалса да, үйсіз. Бүгінде пәтер жалдап тұрады. Жергілікті шенеуніктер оған үй береміз деп уәде еткенімен, уәде сол күйінде орындалмай қалыпты.

«Үйдің кезегінде 10 жылдай болды тұрғаныма. Жеті балам бар. Жеке өзімде үй жоқ, пәтер жалдап тұрамын. Бәрі біледі. Қазір далада пәтер іздеп қаңғып жүрмін. Мектепке баратын 2 балам бар. Жарысқа баратын кезде жағдай болмай, осылай далада жүрмін», — деп өкінішін білдірді ол.

Айтолқын Адырбай, 

Qogam-media.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.