5 ұлттың баласына пана болған кәсіпкер оларды мал өсірудің қыр-сырына үйретуде

Иллюстрированное фото из открытых источников

Алматы облысында тұратын Қойбағаровтар әулетін ауылдастары ерекше қайырымды отбасы ретінде таниды. Отағасы жетімдер үйінен жеті бірдей баланы паналатып, оларды мал шаруашылығына баулып отыр. Жұбайымен бірге бес ұлттың баласын бауырына басқан Сәбит Қойбағаров туралы Agroqogam тілшісінің материалында.

Панфилов ауданына қарасты Әулиеағаш ауылында тұратын  Сәбит Қойбағаров «жетім көрсең, жебей жүр» деген нақыл сөзді өмірлік «серігіне» айналдырған.  64 жастағы кәсіпкер бүгінде жетімдер үйінен бір емес, жеті бірдей баланы өз қанатының астына алып отыр.  Айтуынша, сауабымен қоса,  қиындығы да жетіп артылатын істі қолға алуына әке аманаты себеп болған.

Қойбағаровтар әулеті

«Әкем жетім өскен. Ол маған кішкентайымнан жетімдердің тауқыметті тағдыры туралы көп айтатын. Ол кісінің маған айтқан мына әңгімесі өмір бойы менің құлағымда жатталып қалыпты.

Шамамен 13-14 жастамын. Біздің ауылдың маңындағы «Молодежь» подхозында жетімдер үйі болатын. Сондағы тәрбиеленушілер егістіктен үнемі бұршақ ұрлап әкететін. Бірде мен әкемнен «егістікте ұрлық жасайтындар кімдер, неге олар ұрлық жасайды» деп сұрағаным есімде. Сонда ол: «Балам, олар – жетімдер. Олардың ата-анасы жоқ. Есіңде болсын, кейін ер жеткенде осындай жетім балаларға қолыңнан келгенше қамқорлық көрсет», – дейтін.

Өсіп-өніп, отбасылы, балалы болғаннан соң, мен әкемнің осы аманатын жерде қалдырмай, жетімдер үйінен бала асырап алдым», – деп есіне алды ол.

Сәбит Қойбағаров «Қойбағар» ШҚ негізін қалаушылардың бірі. Өңірдегі қой шаруашылығының дамуына үлес қосып, ата кәсіптің тізгінін ұстап отырған кәсіпкер бастапқыда ісін 13 бас қойдан бастаған екен. Кейіннен қой басын 1800-ге дейін көбейткен. Шаруа қожалығында қойдан бөлек, 200 бас ірі қара мен 200 бас жылқы малы да бар. Еңбек етудің парқын жақсы түсінетін әулет басшысы балаға кәсіп үйрету – әкелік қамқорлық екенін айтады. Сол себепті, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әке орнына әке болу үшін де, оларды мал шаруашылығына баулыдым, дейді ол.

Сәбиттің ұлдары Дәурен мен Николай

«2004-2005 жылы алғаш рет кәріс ұлтының баласын асырап алдым. Сөйтіп бірнеше жыл ішінде бас-аяғы 7 баланы өз үйіме әкелдім. Бұл іс біреуге оңай болып көрінетін шығар. Бірақ, шыны керек, машақаты да, қиындығы да өтке көп.

Мен көбінесе 12-13 жастағы ұл балаларға қамқор болғым келді. Қыздардың тәрбиесі күрделі, оларды алудан қорқақтадым. Ұл балалар ертең қоғамға зияны емес, пайдасы тиюі үшін, кәмелетке толғанда жақсы жолға түсуі үшін, өмірлік кәсіп меңгеруі үшін мен барымды салуға тырыстым. Малға шөп салу, қарау, олардың күту, баптау секілді дүниелерді, техникамен жұмыс істеуді мүмкіндігінше үйреттім», – дейді ол.

Дегенмен, Сәбиттің айтуынша, жетімдерге қамқор болудың жағымсыз тұстары да жетерлік. Мәселен, ел арасында балаларды қандай мақсатта асырап алды деп, күмәнмен қарағандар да көп болған.

«Осы уақытқа дейін көптеген жайттарды бастап кешірдім. Бұл балалардың барлығының мінезі қиын, ерекше қатынасты қажет ететін балалар. Тағдырлары да ауыр. Ата-ананың мейірімін сезінбеген. Бірақ олар – біздің қоғамның бір мүшесі.  Жетімдер үйінен шыққан соң олардың өмірге бейімделіп кетуі оңай емес. Мысалы, Николай есімді баламды әкесі тауып алып кеткен. Біраз уақыттан соң қайтып келіпті. Әкесі оны Ақмола облысындағы бір түйе шаруашылығына апарып, еріксіз жұмысқа салып қойыпты. Былайша айтқанда, сатып жіберді дейді. Бірақ, Николай орайын тауып, қашып кеттім деп отыр. Қайта қабылдап, көлік әпердік. Осында бізде жұмыс істеп жатыр. Қазір жасы 27-де. Үйленемін деп жүр. Баланы асырап алған соң оның жауапкершілігі өте көп. Үкімет тарапынан тексеріс те, қоғам тарапынан қадағалау да көп болды. Бұл – заңды. Қазір бұл балалардың барлығы  өсті»,- дейді кәсіпкер.

Қойбағаровтар әулетіне жасөспірім шағында келіп, әкесінен қашып келген Николай Попковтың айтуынша, Сәбит оған әке орнына әке бола алған. Ол Сәбит Қойбағаровтың өзіне қамқорлық танытып, бір емес, екі көлік әпергенін және үнемі болашағына алаңдап отыратынын жеткізді.

«Әкем маған бір емес, екі көлік әперді. Енді, міне, мотоцикл сатып берді. Үй алуды жоспарлап отырмыз. Мен бұл жерде тек жақсылыққа үйрендім. «Еңбек етіңдер», – деп үнемі айтып отырады. Мен мал шаруашылығының қыр-сырын да жақсы біліп алдым. Оларды қалай өсіру керек екенін, мал төлдетуді, қандай аурулары барын. Тіпті осы ауылдағы қажетті техниканы меңгеріп те алдым.  Болашақта осы іспен айналысамын деп шешіп отырмын»,-дейді ол.

Өзі жеті баланы тәрбиелеп өсірген Сәбит Қойбағаров балалардың кәсіптік білім алуына да ықпал ететінін айтады. Екі ұлы жоғарғы білім алып, дәрігер атанса, тағы екі ұлы – мал дәрігері. Бүгінде неміс ұлтының өкілі – Алексей, Алматы қаласында өз мамандығымен жұмыс істеуде. Қалған балалар көбінесе қой өсіру ісіне бейімделген.

«Көптеген әңгіме айтылды. Балаларды пайдаланып жатыр дегендер де болды. Бірақ, маған балалардың өздері риза болса болды. Өз балаларыммен бірге тұрды. Алалаған жоқпын. Қаңқу сөздерге мән бермеймін. Бастысы, балалар қабілетті, епті болып өсті. Қолдарынан көп нәрсе келеді. Міне, олардың осындай мүмкіндіктерін ашу үшін біраз тер төктім. Шынымды айтсам, кей кездері осылардың болашағын ойлап, түні бойы ұйықтамай шығамын. Отбасылы, балалы-шағалы болып, өмірден орнын тапса деп армандаймын», – дейді ағынан жарылған отағасы.

Осы уақытқа дейін отбасында неміс, украин, орыс, ұйғыр, кәріс ұлтының балалары тәрбиеленген.

Айтолкын КУЗЕРБАЕВА (фото автора)

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.