Бүгін Алматы облысы Үлкен ауылында АЭС салу бойынша жария тыңдалым өтті. Ауылдың мәдениет үйіне ауыл тұрғындары, еліміздің қоғам белсенділері жиналды. Жиында халықтың бір парасы атом станциясын салуға қарсы болса, екіншілері қолдау білдірді. Осылайша жиынның арты жиналғандардың дауына ұласты, деп хабарлайды qogam-media.kz тілшісі.
Алматыдан 300 шақырым қашықтықта жатқан Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша өткен алғашқы жария тыңдалым сағат таңғы 11-де басталды. Жиналғандардан құралған белсенділер тобы «Халық қарсы» деген лозунгілерді де қоса алып келіп, қарсылық білдіріп, ұрандатумен болды. Қарсы топ қатарында белгілі эколог Мэлс Елеусізов, танымал журналист Рысбек Сарсенбай және өзге де белсенділер келді. Одан бөлек, Алматы облысы қоғамдық кеңесі, Энергетика министрлігі өкілдері, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы», «Ядролық физика орталығы» және өзге ұйымдар арнайы келген.
«Наконец-то…»
Жиын барысында сөз алған Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас аудан тұрғындарының ұстанымын жеткізді:
«Әрдайым Үлкендіктермен кездескен сайын олар АЭС қашан салынады дегенді айтады. Осы аудан тұрғыны, әкімі ретінде айтарым: «Наконец-то лед тронулся». Жасыратыны жоқ, әр жиын осы сұрақтан басталатын», — деді ол.
Бұл ретте сөз алған энергетика министрлігі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова атом станциясы бірінші кезекте елдегі энергия тапшылығын жою үшін қолға алынатынын түсіндіруге тырысқанымен, жамыраған жұрт оны тыңдай қоймады.
«Ядролық физика институтының басшысы» Сапиев Қуанышбекте жиналған қауымға АЭС салудың маңызды екенін, еліміздің дамуына бұл жоба серпіліс әкелетінін жеткізбек болды. Ол уран шығаратын Қазақстанда атом электр станциясының болмауы «ұят» деді. Бұл тұста өзін Үлкен ауылының тұрғынымын деп таныстырған Кайрбекова Рахима көпшілік алдында сөз алып, АЭС-тің салынуын толықтай қолдайтынын айтты.
«Үлкеннің тұрғынымыз. Бізге атом станциясы керек. Бұл бізге ғана емес, Қазақстанымызға керек. Біздің Үлкен дамығанын, жаңа жұмыс орындары құрылғанын қалаймыз. Өркениетті елдер секілді өмір сүргіміз келеді. Электр жарығынсыз қалсақ, кім бізге көмектеседі?» — деді ол.
Ел алдына шыққан тағы бірнеше тұрғынның сөзі осыған ұқсас болды. Дегенмен, жиындағы тұрғындар ортақ бір мәмілеге келе алмады.
«АЭС салсақ, Балқаш өледі…»
Аталған жиында экология проблемасын алға тартып, АЭС салу қауіпті деген ұстанымым білдірген журналист Рысбек Сәрсенбай бұл мәселені референдум арқылы ғана шешуге болатынын айтады. Айтуынша, атом электр станциясын салу – қауіпті.
«Бұл мүлдем қате, қауіпті жағдай. Сіздерге Алматыдан келіп, елдің шырқын бұзайық деп келген жоқпыз, жандарымыз ашығаннан келіп отырмыз. Балқаш көл, теңіз де емес, мұхит та емес — көл, су мол, қауіп қатері аз дейтін. Ертең Балқашта апат болатын болса, онда Үлкендіктер де, сіздер де құрбандыққа шалынасыздар. Ядролық қатер зардабын сіздер көресіздер. Қырық жыл бойы Семейдің ядролық зардабын шегіп отырмыз. Қайталауына жол бермейміз. Бұл мәселені үлкендіктер шешпейді, бұл мәселені қазақ халқы ғана, адал ниетті, халықты қолдайтындар ғана шешеді. Бұл мәселені біз референдумға шығаруды талап етеміз», — деді Рысбек Сарсенбай.
Белгілі эколог Мэлс Елеусізов АЭС-тің салынуына үзілді-кесілді қарсылығын жеткізді. Балқаштың қазіргі экологиялық ахуалы өте күрделі әрі егер бұл маңда станция салынса, Балқаштан түк қалмайды, деп санайды белсенді.
«Балқаш проблемасын көп уақыттан бері зерттеп келемін. Жағдай күрделі. Балқаштың деңгейі төмендеп келеді. АЭС салынып, жылу өндірілетін болса, Балқаш өледі. Ондағы бар тіршілік өледі. Маған сеніңіздер. Бұл Үлкеннің ғана проблемасы емес…», — деген ол егер АЭС-тің салынуы кезінде жемқорлық орын алса, жағдай одан ары күрделене түсетінін айтты.
Осылайша, бүгінгі жиында тұрғындар мен белсенділер белгілі бір ортақ шешімге келе алды деу қиын.
Еске салсақ, 2022 жылдың қараша айында Алматы облысының кезекті сессиясы кезінде аудан тұрғындары қолдаған жағдайда Үлкен ауылында АЭС құрылысына рұқсат беру туралы шешім шығарылған болатын. Осыған орай Балқашта АЭС салуға қатысты жария талқылау өткізу жоспарланған еді.
Бұл бастамаға еліміздің экобелсенділері қарсы шығып, Балқашта АЭС салуға мүлдем болмайтынын айтып, дабыл қағуда. Олар онлайн-петиция жариялап, оған қол жинауда.