Қой ақсап қалса, қауіпті ауруға шалдыққан болуы мүмкін

Қойларда кездесетін ауру түрлерін бір мақаламен шектеу мүмкін емес екені анық. Бұған дейін қой-ешкілерді жұқпалы инфекциялардан сақтауға көбірек тоқталсақ, тағы бір мақаламызда жұқпалы емес дерттерге кеңінен тоқталған едік. Ал бұл жолы қойыңыз ақсап алса, не істеу керек деген сауал төңірегінде жауап іздейміз. Себебі, қой ақсаңдап қалса, оның өте қауіпті дерттерге шалдығуы де мүмкін екенін естен шығармаңыз.

Егер қорадағы мал ақсаңдап, денесі ісіп, дене қызуы көтерілсе, онда буын-буынды сырқырататын артритке шалдығуы ықтимал екенін ескере жүрген жөн. Артриттің бұдан басқа белгілеріне оның жүре алмай, қисалаңдап қалуы да жатады. Малдың тәбеті қашып, азық жеуден бас тартса да, бұл назар аударарлық жайт. Себебі артриттің малдың ағзасына кері әсерін тигізетін қаупі де жоқ емес. Ауру малға диагноз қойылған соң оған көбірек жоңышқа беріп, дем беру керек. Себебі оның құндылығы өте жоғары және концентрацияланған азықтарды азайтуға мүмкіндік береді. Одан бөлек дәл ауырған буынына массаж жасап, тұрақты түрде арнайы жақпамайларды жағу керек.

Қойлардың бұлшықеттері ісініп, қатайып тұрса, ол ақсаңдап қалса, ол миозитке шалдыққан болуы да мүмкін. Бұл дертке шалдыққан қойлардың бұлшықеттеріне зақым келеді. Олардың денесі ауырсынып, дәл ауырған бұлшықеті ісініп кетеді. Бұл ауруды емдеудің бір тәсілі ауырған жеріне жылы компресстер жасалып, физиотерапия жасалады. Абсцес болып, ауырған орын іріңдеп кетсе, онда оны хирургиялық жолмен алып тастайды, яғни іріңін шығарады. Көп жағдайда сульфаниламидтер мен антибиотиктерді егеді.

Қойларда кездесетін тағы бір өте жағымсыз әрі ауру дерт — тұяқ шірігі деп аталады. Бұл ауруға шалдыққан қойлардың аяғы қатты ісініп, ауырсынады. Асқынған жағдайда тұяқ пульпитіне айналып кетеді. Бұл аурулар бір-біріне қатты ұқсас, сондықтан мұндай да олар ақсаңдап, жүре алмай қиналады. Ауруды емдеу кезінде тұяқты кесіп тастайды.

Қойлардың сіңірі қабынса, ол тендинитке шалдыққан деген сөз. Тендинит қой ағзасына жарақат немесе инфекция салдарынан түседі. Аяғы ақсаңдап, зақымданған тұсы ауырсынып, ісіп кетеді. Одан бөлек дене қызуы да көтеріледі. Бұл ауруды емдеу үшін зақымданған жерге суық таңғыщ басады. Кей жағдайда жарақат алған тұста жалқық пайда болады. Оны тесіп, ішіндегі іріңді шығару қажет болады.

Мұқият тазартқаннан кейін ауру жер арнайы антисептиктермен өңделеді. Ақырындап жалқықтың көлемі кішірейеді. Содан кейін барып, камфор майы арқылы массаж жасауға болады.

Қозылардың аяғы ақсап қалғанын байқасаңыз, бірден мал дәрігерін шақырыңыз. Себебі, олар қозылардың «беломышечная» ауруына шалдыққан болуы да бек мүмкін. Ал бұл ауруға шалдыққан қозылардың 65 пайызы өліп кетуі ықтимал екенін ескерсек, онда тезірек қимылдаған дұрыс. Бұл ең қауіпті әрі емделмейтін дерт. Ауру қозы ақсап, талмасы ұстайды. Артынша ісініп, әлсіздік пайда болады, демалысы жиілейді. Бұл көбінесе дәрумен жетіспеушілігінің салдарынан туындайды. Десе де бұл аурудың алдын алуға болады. Бұл үшін қозының азығына Е және өзге де дәрумендер қоса беріледі. Бірінші кезекте селен берген дұрыс. Буаз саулықтарға да үнемі дәрумені бар әрі минералды заттарға бай азық беруге тырысу қажет.

Кей жағдайда қойлардың ақсаңдап қалуына олардың сирақ сүйектерінің сынуы әсер етуі мүмкін. Сынықтар ашық немесе жабық болуы мүмкін. Бірінші жағдайда қойдың аяғы ісініп, жарақат алған аяғымен жүре алмай қалады. Оны емдеу үшін сирақты қатты таңып, қорада ұстайды. Сирақтардың орнынан тайып кетпеуін қадағалау қажет. Ал егер жарақат ашық болса, онда залалсыздандырылатын заттармен он өңдеп алып барып, таңу керек. Айта кету керек, қойларға гипс салынбайды. Жарақаттан су секілді сұйықтық ағуы мүмкін. Оны үнемі сүртіп алып отыру керек, себебі сепсис болып, ірің қанға түсіп кетуі же ғажап емес. Ауру малға дәрумендер мен минералды қоспалар көбірек береді. Одан бөлек сынған аяққа массаж жасаудың да маңызы зор.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын Адырбайқызы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.