Қарағанды облысы Мартбек Мамыраев ауылдық округіне қарасты Қоспақ қыстағы карантинге жабылды. Аталған қыстақта бірнеше мал өліп, ірі қара мал сынамасынан қарасан ауруы анықталған, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
Қарқаралы ауданындағы қыстақта малдан қарасан селі анықталған. Республикалық ветеринариялық зертхананың Қарағанды облыстық филиалының 2022 жылғы 2 қарашадағы сараптама актісіне сәйкес, 1 сынама мүйiздi ipi қара малдың iшкi ағзалары бактериологиялық микроскопиялык/биосынама әдiстерiмен зерттеу кезiнде қарасан ауруына оң нәтиже көрсеткен. Ірі қара мал «Свиридов» шаруа қожалығында өлген.
Қоспақ қыстағының эпизоотологиялық зерттеу актісіндегі деректерге назар аударсақ, 20 қазан күні аталған шаруа қожалығында мал өлімі тіркелгені туралы хабарлама жергілікті ветеринариялық пунктіге келіп түскен. Айта кетерлік жайт, аталған хабарламадан соң аумақтық инспекция басшысы мен ветстанция басшысы жағдайды анықтау үшін шаруа қожалығына барған. Белгілі болғандай, аталған шаруа қожалығының малына бұл ауру түріне қарсы екпе салынбаған. Себебі, қарасанға қарсы вакцина тек 20 тамыз ғана келіп түскен, одан бөлек, жергілікті мал дәрігерлерінің округ аймағында мал егу, қан алудан қолы босамаған.
Мал иесі А.Свиридовтың дерегі бойынша мал қазанның 15 күні өле бастаған. Жалпы қожалықта 7 бас мал өлген. Мал өлімінің себеп болған басты факторлар — қажетті вакцинамен уақытылы егілмеуі және құрғақшылық, делінген құжатта. Осылайша, 2 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес және Қарқаралы аудандық аумақтық инспекцияның санитарлық инспекторының ұсынысының негізінде «Свиридов» шаруа қожалығының аумағындағы «Қоспақ» қыстағында карантин жарияланған.
Айта кету керек, ірі қара малдардың қарасан селі жедел өтетін, безгек сияқты дене қалтырауымен, ағзаның етті жерлерін басқанда дыбыс беретін ісіктердің пайда болуымен білінетін індетті ауру.
Қарасанмен негізінен 3 айдан 4 жас аралығындағы сиыр малы, сирегірек қой, ешкі, бұлан мен бұғы ауырады. Жас төл колостральдік иммунитеттің, ал сақа малы иммундеуші субинфекцияның әсерінен төзімді келеді. Негізінен коңды, бұлшық еттерінде гликогені мол жас жануарлар ауырады.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz