Қант, май және тұзы көп тағамдарды жарнамалауға шектеу керек пе

Елімізде құрамында қанты, майы мен тұзы көп тағамдарды жарнамалау бойынша белгілі бір деңгейдегі шектеулер қойылуы мүмкін. Бұл алдағы екі жылға арналған салауатты өмір салтын насихаттау мен халықтың сауаттылығын арттырудығ жол картасының жобасында айтылған. Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жария талқыға шығарылған, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында денсаулық сақтау министрлігі 2023-2025 жылдарға арналған салауатты өмір салтын насихаттау мен халықтың сауаттылығын арттыру бойынша жол картасын ел назарына ұсынды. Жол картасындағы мәліметтерге сүйенсек, халықтың дұрыс тамақтануы мәселесі көп көңіл бөлінген. Әсіресе, құрамында қанты бар сусындар мен өнімдерді бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалауға  белгілі бір деңгейде шектеу қойылуы мүмкін.

Құжатта «БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялай отырып, құрамында қант бар сусындарды, құрамында тұзы көп өнімдерді тұтынуды азайту бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жөніндегі медиа-жоспарды әзірлеу», сонымен бірге «Жарнама туралы» заңға «Құрамында қант, май, тұзы көп өнімдерді жарнамалауға шектеулер жөнінде ұсыныстар жасау» деген ұсыныс жазылған.

Аталған өзгерістер 2024 жылдың ақпан айына дейін қолға алынып, аяқталуға тиіс.

Салауатты өмір салтын насихаттап, сүттен таза табиғи өнімдер өндірумен айналысатын Жарқын Байділдәқызының айтуынша, құрамында зиянды заттары бар өнімдерді, әсіресе қанты бар сусындарды жарнамаламаудың халыққа тигізер пайдасы мол. Қант диабеті, жүректегі түрлі ақаулар, буын ауруларының барлығы да осы тұтынатын азық-түліктің дұрыс болмауынан, дейді ол.

«Маған көптеген науқас таза табиғи өнім іздеп келеді. Қазір қай өнімді алсаң да, құрамы таза емес, сол қынжылтады. Қант диабеті тіпті жасарып келеді деп жатыр. Сондықтан, мен жалпы құрамында қанты бар сусындардың жарнамада, телевизиядан көрсеткенін қаламаймын. Балаларым да сондай жарнаманың құрбаны болғанын қаламаймын. Жарнама үлкен құрал. Ақпараттық, идеологиялық құрал. Біз керісінше, табиғи өнімді жарнамалауымыз керек. Сол жағы өкінішті. Салауатты тамақтануды үкіметтік деңгейде қолға алғаны жақсы болды», — дейді ол.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.