Дизель проблемасы Алматы облысының жүк көлігі жүргізушілерін әбігерге салды. Өткен аптада жүргізушілер дизель тапшылығына қарсы шығып, Құлжа трассасын жабуға мәжбүр болған еді. Аталған мәселе бойынша Энергетика министрлігінде отырыс өтіп, мәселені шешудің жолдары қарастырылды, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.
Наразылыққа шығып, бүтін бір трассаның жолын жабуға бекінген көлік жүргізушілері жанар-жағармай орындарында оларға дизель отынын сатпай жатқанын айтуда. Жүргізушілер болса, Құлжа трассасының бойынша жанармай құю бекеттерінің бірі дизельді бекітілген 230 теңгеден емес, 300 теңгеден сатқан.
Ал дәл сол күні кешке Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Petrosun» АҚ, АЖҚС ірі желілері («Helios», «Газпромнефть-Қазақстан», «PetroRetail» және «Sinooil») өкілдерінің қатысуымен Алматы облысын жанар-жағармай материалдарымен іркіліссіз қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша Алматы облысында дизель отынының тапшылығы жоқ. Мәселен, қазіргі таңда дизель отынының қоры өңірде 11 мың тоннадан асады. АЖҚС желілерінің өкілдері де дизель отынының қоры халықты іркіліссіз қамтамасыз ету үшін жеткілікті екенін айтып, сендірді.
Сонымен қатар АЖҚС желілерінің ақпараты бойынша бүгінде өңірде дизель отынына сұраныс 30%-ға бір-ақ артқан. Соның салдарынан кейбір жанармай құю бекеттерінде отынның тәуліктік көлемі тез таусылуда. Бұған себеп — Шымкент МӨЗ жөндеуге тоқтауына байланысты өңірге мұнай өнімдерін жеткізу бойынша шектеулер болған, дейді олар. Жиында аталған мәселелерді шешу үшін облысқа отынды көп тұтынатын аудандарға жіберілетін дизель мөлшерін арттыру туралы тапсырма берілген. Тағы бір айта кететін жайт, Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қосымша 3 мың тонна дизель отыны бөліну көзделіп отыр.
Айтолқын Адырбай,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz.