Қой терісінің түрлері мен оның сипаттамасы

Былғары өндірісі пайдасы көл-көсір, жеңіл өнеркәсіптің негізгі түрлерінің бірі. Біздің елімізді былғары өнеркәсібі қазіргі таңда ақсап тұрған сала болып саналады. Десе де, қой шаруалығы қарқындап дамыған мемлекетте былғары өндірісіне деген қызығушылық та бәсеңдемесі анық. Бүгінгі мақаламызды қой терісінің түрлеріне кеңірек тоқталмақпыз.

Қой терісі – бұл өлген немесе сойылған малдан сыпырылып алынатын, көлемі 18 дм2 кем болмайтын тері. Бұл романов қойларынан бөлек, кез келген қой тұқымына қатысты. Ірі романов қойларының диаметрі 35 дм2 кем, ал тоқтыларынікі 25 дм2 кем болмауы керек.

 Жаңа сойылған малдан алынған тері шикізат саналады, ал өңделген тері – жартылай фабрикат саналады.

Қой терісінің негізгі қасиеті жылуды жақсы ұстауында, жеңілдігі мен беріктігінде. Оның бұл қасиеті қой терісінің жабыны мен гистоқұрылымына байланысты.

Қой терісінің жылу сақтау қасиеті жүн талшықтарының қалыңдығы мен типінің есебінен, ал жеңілдігі шелқабаттың жіңішкелігіне, жүннің қалыңдығы мен ұзындығының, беріктігі тері қабатының құрылымына байланысты.

Сондай-ақ қой терісінің сапасына әсер ететін бірнеше фактор бар. Олар: біртектілігі, қалыңдығы, жұқалығы, ұзындығы, бірыңғайлығы, тері қабатының түсі, қой тұқымы, өнімділігі, жынысы, жасы, азықтандыру жағдайы, ауырган аурулары, сойылған уақыты (маусымы), терілерді сақтау және консервілеу тәсілі және өзге де факторлар.

Қой терісі біртекті, бірақ жүні биязы болса, онда мұндай тері тез жыртылғыш, берік емес болады. Ал жүні қалың әрі тығыз орналасқан терілер керісінше өте берік болады. Мұндай шикізаттан жасалған өнімдер анағұрлым берік болып келеді.

Қой терісінің классификациясын жасағанда, қой жүнінің ұзындығына мән береді. Яғни қой жүнінің ұзындығына қарай жүнді, жартылай жүнді және жүні аз деп үш топқа бөледі.

Қысқа жүнді қой терісін тықыр тері деп атайды. Мұндай терілерден көбіне-көп сапиян, шевро жасайды.

Биязы, жартылай биязы және биязы-қылшықжүнді қойлардың біртекті, кейді біртекті емес терісін кейде қой терісінің үлбіріне жатқызады.

Десе де, бизы жүнді қойлардан алынған тері өте жұқа әрі былғары өндірісі үшін жарамсыз шикізат. Себебі жүн фолликулалары өте тығыз орналасқандықтан өңдеу кезінде пилярлық қабат қатпарланып кетеді. Сол себепті өңдеу кезінде дұрыс өнім шығуы үшін қой терісінің үлбірінің жүні ұзын болғаны дұрыс болады.

Биязы жүнді қойлардың жүні терінің негізгі бөлігінде қалың  әрі бірыңғай, ұзындығы мен жіңішкелігі де біркелкі, штапельді құрылымға жақын, жүні мамықтан тұрады.

Ал жартылай биязы қойлардың жүнді қабаты негізгі бөлігі біртекті, штапельді құрылымы бар, орташа және ірі бұйрасы бар.

Қой терісі үлбірінің жүні біркелкі, анағұрлым қалың, серпімді болуы тиіс.

Биязы жүнді және жартылай биязы жүнді жас қойлардың сыртқы штапелі үшкірлеу болып келуі мүмкін.

Жартылайқылшық жүнді қойлардың тері жабыны біртекті емес, аралас, құрылымы штапелді болып келеді. Онда мамықжүнді бөліктер көп.

Біртекті жүнді қой терісі әйелдер және балалар киімі, қалпақтар, жағалар және күртешелер өндірісі үшін пайдаланылады. Жартылайқылшықжүнді қойлардан алынған қой терісі онша әдемі болмайды, салмағы ауыр болғандықтан көп жағдайда ерлерге арналған сырт киім өндірісінде көп қолданылады.

Қой терісінің үлбірі көп жағдайда терісі ішке, шелі сыртқа қолданылады. Сондықтан мұндай терілерді өңдеу және бояудың маңызы зор. Жартылай қылшықжүнді және жартылай биязы жүнді қойлардан алынған қой терісінен жасалған өнімдерді кейде керісінше, үлбірін ішке қарата, шелін сыртқа қарата киеді. Мұндай жағдайда шелді арнайы өңдеуден өткізіп, сыртын матапен сәндейді.

Қылшықжүнді қой терісінен тон, тұлып, жартылай тон секілді өнімдер тігеді. Мұндай өнімдерде терінің шелі сыртына жіберіледі. Ал үлбірі іш жағына қолданылады. Сондықтан қой терісінің шеліне үлкен назар аударады. Әсіресе, оның беріктігі мен сыртқы факторларға төзімділігіне қатаң талап қойылады (ылғал, суық және т.б.). Өңделген тонға арналған қой терісінің шелі жұмсақ, жұқа және жеңіл болуға тиіс, солай бола тұра төзімді және иілгіш болғаны дұрыс.

Тонға арналған қой терісінің жабыны мамықтан, шудадан және бұйрадан тұрады. Қылшықжүнді қойлардың көбінде құрғақ және өлі жүн талшықтары болады. Ал мұндай талшықтар өте көп болған терілер былғары өндіріс үшін жарамсыщз жабындар болып саналады. Сол себепті бұл салада осындай жайттарға да назар аударған жөн.

Қой терісіндегі жүнді жабын қалың, илеуге бейім емес, ұзындығы шамамен 1,5 см болуға тиіс. Сонымен бірге, ол өте жұмсақ, өлі жүн талшығы жоқ болғаны жөн. Осыған қарап, тонға арналған қой терісінің сапасын анықтайды. Келесі материалымызда қандай қойдың терісі былғары өндірісінде анағұрлым бағалы болатынын жазатын боламыз.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.