Қарағанды облысының ауылшаруашылық жолдарының 70% орташа жөндеумен қамтылған

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Егіндібұлақ пен Қарқаралыны аралады.

«Егіндібұлақ тұрғындары ауыл проблемаларымен, оның ішінде бос уақытты өткізу мен спортпен шұғылдану үшін жағдай жасау мәселесімен бірнеше рет жүгінді. Ауылда мектеп пен Мәдениет үйі жөнделді. Аулалар абаттандырылып, балалар алаңдары орнатылуда. Көшелерге жарық тартылып жатыр. 100 орындық трибунасы, бокс, күрес, фитнес залдары және футбол алаңы бар Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Қазір металл конструкцияларын монтаждау және монолитті қабырғалардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі», – деп хабарлады Ж.Қасымбек өзінің фейсбуктегі парақшасында.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша кентішілік жолдардың 70% орташа жөндеумен қамтылды. Жолдардың 50% — дан астамы асфальтталған. Мердігерге жұмысты қазан айының соңына дейін аяқтау міндеті қойылды.

Қарқаралыда қаланы тұрақты орталық сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде. Биыл ұзындығы 40 шақырым болатын «Жарлы – Қарқаралы» топтық су құбырының құрылысы басталады. Оны тарту жоспар бойынша 2023 жылы аяқталуы тиіс.

«Жақында салынған төрт көпқабатты тұрғын үйді қарап шықтым. Кезекте тұрған 72 отбасы осы үйлерден пәтер алады. Биыл Қарқаралы ауданының 108 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы баспаналы болады», – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында М.Әдекенов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінің жанынан 100 орындық жаңа жатақхана салынды.

Жергілікті туристік кластерді дамыту үшін жағалауды абаттандыру, экотуризмді дамыту мақсатында учаскелер бөлу жоспарлануда. Туристерді көптеп тарту үшін инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсарту маңызды.

«Әзірше «Қарағанды – Қарқаралы» республикалық жолының жағдайына көптеген шағымдар түсуде. Бұл мәселені министрліктің қарауына шығаратын боламыз», – деді Қасымбек.

Ақпарат көзі: Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.