Қай қой тұқымы мол ет өнімін береді: етті бағыттағы қойлардың сапалық ерекшеліктері

Қой түрлеріне, тұқымдарына, жасы мен жынысына қарай одан алынатын ет өнімі де сапалық және салмақтық тұрғыда әртүрлі болады. Қой етінің сапалық ерекшеліктерін арттыру мақсатында селекция тәсілдерін жетілдіру мәселесі де алға шығатынын бұған дейін атап өткен едік. Алдағы мақаламызда қой тұқымының әр түрі бойынша мән беру қажет көрсеткіштерге тереңірек тоқталмақпыз.

Қазақстанда қойдың шамамен 20 тұқымы бар. Олар өнімділіктің түрлі бағыттары бойынша түрліше көрсеткіштерге ие. Бұған дейін айтып өткеніміздей, ромни-марш, бордер-лейстер, гемпшир, куйбышев, етті-жүнді дегерес қойлары мен қазақтың биязы жүнді қойларынан сапалы ет өнімі алынады.

Ет өнімділігінің түрлі көрсеткіштері бойынша кроссбред қойларының төлдері де бір-бірінен өзара ерекшеленеді. Мәселен, тұтас еттің көлемі мен сойылғаннан кейінгі ет көлемі бойынша қазақтың биязы жүнді қойлары өзгелеріне қарағанда 6,25 пайызға көбірек ет береді. Ал ең аз ет өнімі ромни-марш пен кеңестік меринос қойларының төлдерінен алынады.

Сойылған малдың тұтас етінің пішіні мен түрінде де біршама айырмашылық болады. Мәселен, биязы жүнді қойлар мен прекос тұқымының саулықтарының төлдері майды кеңестік мериностарға қарағанда жақсы жинайтыны анықталған.

Сондай-ақ, олардан алынатын сүйексіз еті ромни-марштарға қарағанда 2,8-2,54 пайызға көп. Одан бөлек, бұлардың сан еті мен арқа жауырын тұсындағы бұлшықеттер де айтарлықтай жақсы дамыған.

Еттің химиялық сараптамасына назар аударсақ, етті-жүнді қой тұқымдарынан гөрі етті-биязы жүнді қойларда бұлшықет арасындағы және бұлшықет ішіндегі майлары көбірек болады. Алайда оларды іш май аздау жиналады. Бұның негізгі себебін ғалымдар былай түсіндіреді: етті-жүнді (кеңестік меринос) және етті-биязы жүнді (прекос, биязы жүнді қазақы қойлар) бағытындағы қойларды будандастырған кезде олардың ұрпақтарында етті қойлардың биологиялық қасиеттер жақсы сақталады.

Қойлардың ет өнімділігінің негізгі көрсеткіштерінің қатарында тірі салмақтан бөлек, тұтас ет салмағы, сойылған ет өнімдері, тұтас еттің морфологиялық және химиялық құрамы да бар.

Ет жәнемай өнімі жөніненаса аса өнімді саналатын қойлар санатына гиссар, еділбай, тәжік, джайдар, қазақы құйрықты, сарыарка, сараджин,алай тұқымдары, яғни құйрықты қойлар жатады.

Етті-майлы қойларды негізінен Орта Азия елдері, оның ішінде Қазақстан аумағында өсіреді. Тағы бір айта кететін жайт, мұндай қойлардың өнімділік жөнінен жоғары көрсеткіштерге ие болуы үшін оларды жайылымдарда баққан жөн. Өзге қой тұқымдарымен салыстырғанда бұл бағыттағы қойлар жаз айларында жайылымда жүріп-ақ, қосымша азықсыз жақсы салмақ жинауға бейім келеді. Ал қысқы аз азық берілген күндерді олар жеңіл өткереді.

Кітап авторларының пікірінше, жақсылап бордақыланған гиссар тұқымының қошқарының тірі салмағы 158 кг болса, одан алынған тұтас еттің салмағы 65 кг тең болған. Сондай-ақ, 43 кг құйрық май, 6 кг іш май алынып, сойылған кейінгі салмағы 72,2 пайызға өзін өзі ақтаған. Бұл көрсеткіштер аталған қой тұқымдары ет және май өндірісіндегі мүмкіндігі зор малдар қатарында екенінің тамаша дәлелі.

Гиссар, тәжік, джавдар қойларының төлдері де саулықтан айырған кезде де, туған кезде де ірілігімен ерекшеленген. Гиссар қозыларының 5 айлығындағы тірі салмағы 38,6 кг болса, дәл осындай тәжік қойларының төлдері 35,2 келі тартқан.

Бұл қойларға тән тағы бір сипат, олар 18 айлығында-ақ үлкен көлемдегі тірі салмақ жинайды. Бір жарым жасар гиссар тоқтыларының тірі салмағы 67,1 кг, тәжік қойларынікі 60,6кг, джайдар қойларынікі сәйкесінше, 56,9 кг тең болады. Ал ересек қойлардың салмағы сәйкесінше, 109,44 кг, 85,71 кг, 77,25 кг-ға дейін жетеді.

Жасы үлкейген сайын қойлардың салмағы да арта түседі. Гиссар қойларының салмағы мен майы 5 айлығына дейін өседі, ал тәжік және джайдар қойларының аталмыш көрсеткіштері 7,5 айына дейін өседі. 12 айына дейінгі кезеңде олардың бойындағы бұлшықет пен майлар азайып, 18 айлығының бастап бұлшықет пен май қарқынды түрде қайта өсе бастайды. Тұтас еттегі сүйектердің үлесі 41,73 пайыздан 23 пайызға дейін азаяды. Ал олар бір жасқа келген кезде олар қоңдылығын жоғалтып, соның салдарынан сүйектердің салмақтық үлесі қайта көбейе түсіп, 26,12 пайызға жетеді. Қоңдылығынан айырылғанын қарамастан, бұлшықет үлесі аз емес – 58,06 пайыз. 18 айға келген қойлар тұтас етіндегі сүйектердің салмақтық үлес қайта азайып, 15,33 пайызға түседі.

Еділбай қойларының өнімділігін зерттеген ғалымдар (Канапин К.К., Махатов Б.М., Ахатов А.А., 2001 ж) бұл қойлардың қоңдылығы 4-4,5 айлығында арта түсетінін айтады. Олардың тұтас етінің салмағы – 19,6 кг, сойылғаннан кейін өзін-өзі ақтауы 50,55 пайызға дейін жетеді.

Сүйіндік зауыты типіндегі 4 айлық еділбай қойларын сойған кезде тұтас еттің салмағы 15,6 кг тең болған, сойғандағы салмағы 18,8 кг шыққан. Ал 7,5-15 айлық дәл осы қойлар, сәйкесінше, 16,2, 20; 28,3 және 31,2 кг болады.

Біздің республика аумағында осы саланы жамыта түсу үшін дәл біз атап отырған етті-майлы бағыттағы қойларды барынша көбірек пайдалану орынды. Осыған байланысты қой және қозы етін өндіру технологиясын жетілдіру қажет. Бұл бұдан ары қой шаруашылығының өнімділігін арттыруға, материалды және еңбек жағдайларын жақсартуға сеп болады. Одан бөлек, қой шаруашылығындағы алуан түрлі және аса тапшы өнімдерді алуға кететін азық көлемін де азайтуға мүмкіндік береді.

Құйрықты жас қойларды союдың тиімді мерзімді бағалаудың анағұрлым объективті критерийі ретінде протеин конверсиясын атауға болады. Бұл ретте, бірқатар ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек (Казиханова С.Р., Нам В.Н., Нургалиев Ж.Ж., Казиханов Е.Р.) қозыларға берілетін азықтардағы протеин мөлшерін бағамдау арқылы түрлі бағыттағы қой тұқымдарынан алынатын ет өнімдерінің сапалық көрсеткіштерін анықтауға болады. Құйрықты қойлар 4 айлығында-ақ 36 келіге тең кондициялық салмақ жинауға бейім. Яғни, етті-жүнді қой тұқымдарына қарағанда салмақ жөнінен 56 күнге ерте жетіледі. Аталған қой тұқымдарының жасы бірдей қозыларын қатар қойғанда, етті-майлы қойлардан ет өнімі 68,6 пайыз алынса, етті-жүнді қойларда бұл үлестің 13,1 пайызы теріге тиесілі болады.

Жалпы, қай жағынан алсаң да, құйрықты қойлардан алынатын еттің сапасы, көлемі өзге қойлармен салыстырғанда анағұрлым жоғары деңгейде болады. Сол себепті, елімізде осы бағыттағы қой шаруашылығын кеңінен дамыту қой еті өнімдерін арттыруға септігін тигізбек.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.