Қазақстан президенті үкіметтің кеңейтілген отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауылшаруашылық министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады. Президент қант тапшылығы мәселесінің алдын алу жұмыстарының әлсіз болғанын ашық айтты.
«Бұған дейін іске қосылған жеті қант зауытынан бүгін төртеуі ғана жұмыс істеп тұр, олардың үштен бірі ғана жүктелген. Ауылшаруашылық министрлігі 2026 жылға қарай қант қызылшасының үлесін 7-ден 43 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.
Алайда соңғы төрт жылда қант қызылшасын егу үш есе қысқарған. Біз 90 пайыз импорттық қантқа тәуелдіміз.
Бұл ретте ЕАЭО аясындағы шешімдерге сілтеуге болады, алайда қалай болғанда да, бұл — үкіметтің қателігі.
Демек, мемлекет мүддесін қорғай алмадық. Үкімет тез арада қант саласын дамыту бойынша жеке салалық жоба жасап шығаруы қажет. Мақсаты — импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып, ақырындап өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жету», — деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел алдында қос министр — Сұлтанов пен Қарашөкеевке сөгіс жариялады.
Айтолқын Адырбайқызы,
Жетісу облысы,
Agroqogam.kz