Тоқаев отандық шаруаларды қолдау тәсілдерін жасап шығаруға қатысты тапсырма берді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы отандық өнімдерді, оның ішінде ауылшаруашылық өнімдерге басымдық беру қажеттігін атап өтті. Ол шаруаларды қолдауға қатысты нақты тәсілдер жоспарын әзірлеуге тапсырма берді, деп хабарлайды agroqogam.kz.

«Менің тапсырмам бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Биылғы шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалды. Дегенмен, мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіні анық.

Өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет. Мұнымен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруға тиіс», — деді ол.

Айтуынша, бүгінгі таңда шаруа қодалықтары мен ірі сауда желілерінің өзара байланысын нығайту – басты талап. Сондай-ақ арадағы «делдал» саудагерлер да мәселені күрделендіріп тұрғанын президент ашық айтты.

«Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек. Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады.

Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе. 

Сондай-ақ, өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін, ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуге тиіс», — деді ол.

Мемлекет басшысы дүкендер сөрелеріне отандық өнімдер орнналастыруға басымдық беру керектігін, бұл үшін шаруаларды қолдау тәсілдерін қолға алу қажет екенін алға тартты.

 «Тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату.

Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн.

Сондықтан, фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын», — деп мәлімдеді ол.

Айтолқын Адырбайқызы,

Жетісу облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.