Сәкен Ділдахмет: «Пастереллез қайталанатын болса, онда біз бір-ақ күнде осы 1 млн бас киіктен айырылып қаламыз»

Бүгінгі күні көпшілік қазақ даласындағы киіктерді ату-атпау мәселесін кеңінен талқылауда. Киіктер санының артуы салдарынан олардың көшіп-қонуы солтүстік пен батыс өңірлердегі егістіктерге айтарлықтай зиянын тигізеді деген пайымды негізге алған Экология министрі  күзге қарай шамамен 80 мыңға жуық киікті ату қолға алынатынын мәлімдеген. Десе де бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Серікқали Брекешовтен киіктердің санын реттеу мәселесін ақылға салып шешуді талап етті. Осы орайда оқырмандарға киіктерді неге атуға болмайтынын экобелсенді Сәкен Ділдахмет түсіндіріп берген болатын.

Бүгінгі отырыста ел президенті: «Киік – қазақ үшін киелі жануар. Табиғи ландшафттан 80 мың киікті жою, яғни ату ұсынылды. Мәселені шешудің басқа да жолдары бар емес пе? Мамандармен ақылдасыңыз. Бұл ақырғы шара болуға тиіс. Бәлкім, бұған да жүгінерміз. Бірақ, бұл амалсыз шара болуы керек екенін ескертемін. Осы мәселені кәсіби тұрғыдан қарастыру қажет», — деді.

Киіктер мәселесін қалай шешуге болатынын және неге бүгінде мемлекет алдында мұндай мәселе тұрғанын экобелсенді Сәкен Ділдахмет айтып берді. Оның айтуынша, жылдар бойы киіктердің мүддесі дұрыс зерттелмеген, осы тұрғыда жануарлардың көшіп-қонатын тарихи жерлерін ауылшаруашылық мақсатта пайдалануға берген кезде көптеген жайттар ескерілмеген. Жердің оңды-солды үлестірілуі де осы мәселенің туындауына себеп болып отыр. Салдарынан кінәсіз жануарлар запа шегуі мүмкін, дейді ол. Ол киіктерді атуға түбегейлі қарсы шықты.

«Біріншіден киікті атуға, санын реттеуге қарсымын. Себебі біз киіктер популяциясының санын реттейтін жағдайда жеткен жоқпыз. Бізде олардың үш популяциясы бар. Олар Орал, Үстірт және Бетпақ дала. Әлемде олардың бес популяциясы кездеседі. Бірі — Моңғолияда, екіншісі Ресейде. Біздегі киіктер саны — 1 млн 318 мың бас. Бұл әлемдегі киіктердің 99 пайызы Қазақстанда деген сөз», — деген ол киіктер мәселесін біржақты шешуге болмайтынын қадап айтты.

Өз сөзінде Сәкен Ділдахмет үкімет тарапынан дұрыс, кешенді бағдарлама қабылдануы тиіс деп есептейді.

«Соңғы он жыл ішінде киіктердің миграциясы, мекен ететін жерлері, төлдейтін жерлері қысқарып кетті. Көптеген жер ауылшаруашылық мақсатта беріліп кетті. Ол жерге егістік түсті. Осы мәселені бірінші кезекте шешу керек еді. Екінші өте үлкен мәселе: киіктердің әр облыстарда көшіп-қонатын миграциялық жолдары қысқарды. Жол түсті, теміржол түсті. Жол түсірер кезде жауапты мемлекеттік орган жабайы жануарлардың еркін көшіп-қонуы үшін арнайы эколюктар салған жоқ. Өкінішке қарай бүгінгі күні Қазақстанда бірде-бір эколюк жоқ. Яғни киіктердің миграциялық ортасы  мемлекеттік мекемелер тарапынан дұрыс шешілмеген. Жер бей-жай таратылды. Дұрыс жол үлестіріліп, эколюктар салынғанбағандықтан, бұл проблемаға айналып отыр және оған проблемаларға киіктерді кінәлі етіп отыр. Орынсыз», — деді ол.

Экобелсендінің сөзінше, киіктердің көшіп-қонатын жолын космомониторинг арқылы әбден зерттеп, бұл жолдарды қалпына келтіру керек.

«Бүгінгі күні ешбір ғылыми негіздемесіз салынған тасжолдарға  сараптамалар жасалып, арнайы эколюктер салыну керек. Олар киіктердің ғана емес, басқа да жануарлардың еркін жүріп-тұруына мүмкіндік тудырар еді. Киіктердің миграциясы еліміздің он облысын қамтиды. Он облысында киіктер емін-еркін көшіп жүрген. Қазір олар ауылшаруашылығына үлкен проблема тудырып жатыр екен.

Ал кеңес үкіметінде 30-40 млн малдың ішінде 3-4 млн киік емін-еркін жайылып жүретін. Егістікке де, басқаға да түспейтін. Ол кезде ондай үлкен проблема туындаған жоқ еді.

Яғни, жерлер мен олардың миграциялық жолдары бақылауда әрі қалыпта болған. Киіктер саны арта бастағанда біздің жауапты органдар осыны шешудің жолдарын қарастыруы керек еді», — деген белсенді құзырлы органдарды сынға алды.

Ол киіктер санын қолдан реттеуге тыйым салып, керісінше олардың санын арттыру керек екенін алға тартуда.

«Киіктердің санын реттеу бойынша жыл соңында  мораторий аяқталады. Мораторийді кем дегенде 2025 жылға дейінс созып, миграциялық жолын қалыпқа келтіріп, киіктер облыстар арасында  еркін көшіп жүруіне жағдай жасауымыз қажет. Сосын тағы бір проблема олардың аурулары зерттелмейді. 2015 жылы киіктер пастереллез ауруынан қырылған. Содан бері бұл салаға дұрыс көңіл бөлінбей отыр.

Қаражаттың жетіспеушілігі басты мәселе. Бұл пастереллез қайта қайталанатын болса, онда біз бір-ақ күнде осы 1 млн бастан айырылып қаламыз. Бұл өте үлкен қауіп. 1 млн 300 бас деген үлкен еңбекпен келген сан. Қазақстанда жылдан жылға экологиялық ахуал артуда. Қуаңшылық, арнайы өзен-көлдердің кеуіп кетуі. Олардың су ішетін орындары азайған. Осы мақсатта киіктердің мекен ететін жолдарын зерттеп, сол жерде құдықтар қазылып, су көздерін шығару керек. Фермерлердің айтуынша, киіктер мал ішетін суға ортақтасады. Ал артында экологиялық проблема тұр. Оларға да су керек. Азық керек», — деді Ділдахмет.

Киіктердің далада еркін көсілуі мен олардың санының өздігінен, табиғи жолмен реттелмеуінің артында тағы бір үлкен проблема тұр, деп есептейді маман. Ол – қасқырлар популяциясының азаюы. Соңғы 20-30 жылда қазақ даласындағы қасқырлар мүлдем азайып кеткен.

«80-жылдары елмізіде 60 мыңнан астамқасқыр тіркелсе, бүгінде небәрі 14 мың екен. СҚО-да қасқыр мүлдем жоқ. Ақмола облысында 30-ға жуық, БҚО-да 800-ге жуық қасқыр ғана  қалды. Сондықтан осы мәселелерді де шешу керек.

Киік қызыл кітапқа енгізілмеген, себебі бұл реттелетін аң түріне жатады», — деп мәлімдеді экология саласының маманы.

Дала жануарының санын 2-3 млн-ға жеткізгеннен соң ғана, киіктерді өндірістік мақсатты пайдалану мәселесіне оралуға болады, дейді маман. Себебі бұл кешенді түрде қолға алынатын сала әрі бірінші кезекте киіктер санын реттеуге мемлекеттік монополия қажет. Олай болмаған жағдайда, аталған мәселеге жеке бастың мүддесі араласып, киікті оңды-солды ату орын алады, деп есептейді ол.

«Мемлекеттік меншік орнайтын болса, киіктердің саны реттеледі, табыс мемлекеттік бюджетке түсіп, бірден табиғатты қорғау мақсатында жолдануы керек. Киіктерлің санын реттеген кезде жергілікті халықты жұмысқа тарту керек. Олар браконьерлерлікпен айналысып, киікті заңсыз атқаннан гөрі, мүйізін жинау секілді өндірістік жұмыстарға жұмылдырса, заңсыздық азаяр еді. Киіктердің айналымынан түскен ақшаны оларды ауруын зерттеуге жұмсау керек. Киіктің өзін болашақта өндіріске жіберетін болса, экономикалық мақсаттарға қолдануға болады. Ал киікті атуға мораторийді жалғастырсақ, экологиялық министрлігі бірінші кезекте нормативті құқықтық актілерді реттеу керек. Сонымен бірге Қазақстан СИТЕС  конвенциясына сәйкес бізде нөлдік квота бекітілген. Конвенцияның келесі отырысы 2025 жылы өтеді. Сонда Қазақстан жаңа квотаны бекітіп алуы керек. Бәлкім 50 мың бола ма, 100 мың бола ма, сыртқы нарықта сатуға мүмкіндік алып, экономикалық тиімді мақсаттарға қолдануға болады», — дейді ол.

Сәкен Ділдахметтің пікірінше, дәл қазір үкімет шаруалармен өзара мәмілеге келіп, киіктер қожалығына зазал келтіргендерге сақтандыру норма енгізілуі тиіс. Осылайша мемлекет жабайы аңдарды сақтау мәселесін тиімді шеше алады, деген ойын жеткізді.

«Азия елдерінде көшеде маймалдар да жүреді, шетелде бұғылар да, маралдарда жүреді. Мемлекет халықпен барынша мәмілеге келген. Бізде де осындай мүмкіндікбар. Шаруалардың мәселесін барынша кешенді түрде шешу керек. Қазба байлығы ресурстары сияқты, киіктер де біздің ресурсымыз. Сондықтан жерді ауылшаруашылық жерлерге таратқан кезде оңды-солды бере бермей, киіктерді де ескеру қажет еді. Олар қайта кетеді? Мекен ететін жері ешбір есептелмеген.  Жайылымдық жерлердің қысқаруы үлкен проблема», — деп сөзін түйіндеді маман.

Айтолқын Адырбайқызы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.