Алматы облысы Сарыөзек ауылының тұрғындары бір ай бойы не ішерге, не жуынуға су таппай сабылғанын айтып, шағымданды. Айтуларынша, су мәселесі аудан орталығында 30 жылдан бері шешілмей келе жатқан үлкен проблемалардың бірі. Алайда соңғы апта су мүлдем ақпай қалған. Салдарынан әкімдік тұрғындарға ауыз суды әскери су тасушы көлікпен таратты, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.
Сарыөзек тұрғындары бірнеше аптадан бері жергілікті әлеуметтік желі паблигіне ауылда су тоқтап қалғанын айтып, дабыл қағуда. Алғашқы видеоны тұрғындар 15 мамыр күні жіберіп, сусыз күн кешіп отырғанын айтқан.
«Рысқұлов көшесі. Міне, су көрмегелі бірнеше күн болды. Мында көпбалалы аналар тұрады, жас балалары бар отбасылар тұрады. Су жоқ», — деп шағымданған видео авторы.
Бүгінгі таңда Кербұлақ ауданының орталығы саналатын Сарыөзекте он үш мыңнан астам адам өмір сүреді. Аудан орталығы арқылы бірнеше республикалық маңызы бар магистральды автомобиль жолдары өтеді. Тұрғындар білдей бір аудан орталығында су мәселесі шешілмей жатқанына наразылық білдіріп, желіде аталған проблема жайында жарыса жазуда.
«Мен білгелі Сарыөзектегі бір проблема – су мәселесі. 25-30 жыл болды. Әкімдік не істеп отырады? Әкім не үшін керек? Еш жұмыс істеп, бақылап отырған жоқ», — дейді жазбаға пікір қалдырған желі қолданушыларының бірі Ботагөз ЖАРБОЛОВА.
«Су сатып алып ішіп отырмыз. Үйімде су жоқ. Су келгенін тіпті білмей қаламын. Суға барсам, өшіп тұрады. Судық ақшасынан сатып алғанымыз көп болып кетті», — дейді Ақылбек Жансая есімді ауыл тұрғыны.
Олардың айтуынша, тұрғындар судың ақшасын кешіктірмей, ай сайын төлеп отыр. Бірақ, соған қарамастан, ауыз суды тасып ішуге мәжбүр.
Жергілікті әкімдік болса, аталған мәселенің орынды екенін айтып отыр. Әкімдік берген ресми жауапқа сүйенсек, судың берілмей қалуының себебі – сумен қамту жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Жөндеу жұмыстарына байланысты Сарыөзек ауылында уақытша ауыз су беру тоқтатылған. Сарыөзек тұрғындары арасында әлеуметтік желілерде жеке чат бар. Бұл чаттарда ауыз су апаттық жағдайларға байланысты тоқтатылғаны туралы хабарламалар тарап кеткен.
Бүгінгі таңда Сарыөзек ауылы тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Күреңбел Су» МКМ балансынан 2 бірлі су тасушы көлік пен әскери бөлімнен 1 су тасушы көлік бөлінді. Тұрғындардың тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу мақсатында тағы екі бірлік су тасушы көлік арқылы су таратылды», -делінген хабарламада.
Аудандық баспасөз қызметінің соңғы мәліметіне сәйкес, Сарыөзекте 30 мамыр күні су беру толықтай қалпына келтірілген.
Айтолқын Күзербаева