Маңғыстаудағы жұт: Өңірдегі ахуал қаншалықты күрделі?

Фото Бердімұрат ТӨРЕКЕНОВ

Маңғыстауда қуаңшылық салдарынан ірі қара мал жаппай қырылып жатыр. Қыста қар, көктемде жаңбыр жаумаған аймақта биыл малға азық болар шөп те жарытып шықпаған. Биылғы жыл, әсіресе, Маңғыстау, Қарақиян және Түпқараған аудандарының малшыларына қиынға соғуда.  Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ашыққан жылқыларды жұрт 130 мыңға да өткізе алмай отыр. Ресми деректерге сүйенсек, бір айдың ішінде қырылған мал саны 1400-ке жеткен. Алайда, статистика дұрыс жүргізілмей отырғанын алға тартқан белсенділер аштан көтерем болып өлген мал саны бұдан әлдеқайда көп дейді. Өңірдегі ахуал жөнінде Agroqogam.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Бірнеше күннен бері Маңғыстау өңірінде қыл құйрықты Қамбар ата түлегінің аштан қырылып жатқаны бейнеленген жантүршігерлік суреттер мен видеолар тарап кетті. Қалың бұқараның назарына іліккен бұл суреттер өңірдегі ахуалдың қаншалықты күрделі екенін көрсетті.

«Ауыл тұрғындары үшін жылқыдан басқа күнкөріс көзі жоқ»

Мән-жайды білу үшін алдымен аталған суреттерді әлеуметтік желіге жүктеп, мәселенің жай-жапсарын ашық жазған аудан белсендісі Бердімұрат ТӨРЕКЕНОВКЕ хабарластық. Ауылдағы шаруалар мен қарапайым тұрғындардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп жүрген ол бізге қарапайым халық малға жер-су іздеп, сабылып жүргенін жеткізді. Әлі келгендер қырға шығуда. Қырда қыста қар жоқ, көктем-жазда жаңбыр жоқ Үстірт үсті де оңып тұрған жоқ, дейді ол.

«Біздің өңірдің климаты қатаң екенін білесіздер. Жылқыға қарағанда түйе, қой ұстағанға қолайлы. Бірақ, бізге әкім-қара басшылар, ауыл шаруашылығын дамытыңдар, мұнай саласында барлығыңа бірдей жұмыс жоқ дейді. Оған ауыз аша бермеңдер деп отыр. Ауылда тіптен жұмыс жоқ. Кішігірім ауылдарда жастар сабылып, жұмыс таппай жүр. Қалаға кететіндері кетті, қалғандары не істейді? Қарапайым халықтың 20% пайызы ғана мұнайда. Қалғаны теміржолда, одан қалса күзетте жүр.

Жұмыссыз жастар көбі үкіметтен мал өсіруге 3 миллионан кредит ала бастады. Осылайша, жаппай жылқы асырауға көшті. Себебі, түйеге қарағанда жылқы малының еті өтімді, сұраныста, қымызын сатып күн көруге болады. Бағуға да, сатуға да қолайлы. Түйенің етін кім алады? Сөйтіп, қазір біздің Сайөтес ауылында шамамен 2500   тұрғын болса, оның шамамен  100 түтіні жылқы ұстайды. Әрбір отбасыда кемінде 10-20 малдан бар. 300-650 бас жылқыға дейін ұстайтын екі-үш шаруашылық бар. Сонда оның барлығын қайда жібереді? Қырда жайылымдық жерлер аз. Берілген жайылым тар. Бірақ аудан сол тар жердің орнына 500 гектар жер беріп, зерттеп, шаруашылық жайын көрмей, уақытша жайылым деп беріп жатыр, беріп жатыр. Шөбі шүйгін, жақсы жерлердің барлығы жеке меншікте, ауқатты адамдардың қолында. Жайылымға берілген, сапасыз, шөп шықпайтын жерге барып, барлығы жазда малын жібереді. Жылқы деген үйір-үйірімен жүретін мал ғой. Бір күннің ішінде 30 км-ге дейінгі жерді жүріп өтеді. Сол жердің барлығын жайпап кетеді, тып-типыл етеді екі үш айда. Өңірімізде, міне, бірнеше жыл болды жауын-шашын аз. Қар да, жаңбыр да сирек жауады. Салдарынан қуаңшылық болып, сол жерлерге шөп шықпай қалып отыр. Малды үйінде ұстайын десе, жем-шөп қымбат. 1 орам шөп 16-17 мың  теңгеден. Кебектің келісі 85 теңге. Оған халықтың жағдайы жоқ. Бәрі осы малға қарап отыр. Күнкөріс көзі  — осы жылқы», — дейді ол.

«Малшылар жылқысын 130 мыңға өткізуге дайын отыр»

Бердімұрат Төрекеновтің айтуынша, Маңғыстау даласы жылдан-жылға шөлейтке айналып бара жатыр. Сол себепті, Үкімет тез арада бұл жағдайдың шешімін таппаса, арты үлкен трагедиялық апатқа әкеп соқтыруы мүмкін, дейді.

«Үкіметтің комиссиясы құрылды. Ақтөбенің, оңтүстік өңірлердің кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізіп, олардан жем-шөп әкеледі дейді. Бірақ олардың қарапайым халыққа жетуі неғайбыл.Тек кәсіпкерлерге ашылған жол деп есептеу керек. Үкімет төтенше жағдай жариялап бұл жерде жаңағы өңірлерден әкелінетін жем-шөпті жеткізуге кеткен шығын толығымен субсидиялап өтеуі тиіс. Бірақ, бұл субсидияға азғантай ғана малы бар, 10- 20 бас жылқысы бар халық ілікпейді. Жайылым іздеп, жем-шөпке ақша таппай сабылатын да солар. Мал ұстайтын тиісті қоралары жоқ болғандықтан, малды жайылымға шығаруға мәжбүр. Міне, сондықтан осындай төтенше жағдайлар орын алып отыр», — деген ауыл азаматы өз наразылығын білдірді.

«Бізге төтенше жағдайға арналған, жем-шөп сақтайтын,  үлкен-үлкен аңгарлар салып берсін. Мына Маңғыстаудың Өзбекстанмен шекаралас жерлерінде шөбі жақсы келетін жақсы жерлер бар. Соны зерттеп, малды сол жаққа көшіру жағын ойластыру керек. Водовозбен және жүк көліктермен, жайлауға ыңғайлы палаткалармен қамтамасыз етсе. Осы саладағы мықты-мықты мамандарды жинап, бір шешім шығару керек. Жем-шөппен қамтамасыз етіп, қарапайым халыққа орамын 16 мыңнан емес, 7 мыңнан сатсын ең болмағанда. Қалғанын субсидияласын», — дейді ол.

Айтуынша, Маңғыстау ауданының Бозащы түбегі, Ақшымырау, Тұщықұдық, Шебір және Қызан ауылдарындағы жағдай мүшкіл болып отыр. Еңбекпен тапқан малын сақтап қалу үшін әбігерге түскен малшылар оларды өте арзан бағада өткізу үшін жанталасып жатқан көрінеді.

«Жақында малшылар хабарласты. Ашыққан жылқыларды 130-150 мыңнан өткізіп жіберуге дайын отыр», — дейді ол. 

Айта кету керек, бұл жайтқа дейін дәл осындай жылқылар өңірде шамамен 230 мың теңге көлемінде бағаланатын.

«Ресми органдар уәдені үйіптөкті. Мәселе шешіле ме?»

Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Аслан СУЕБАЕВТЫҢ айтуынша, бүгінде аталған мәселе бойынша Үкіметке бірқатар ұсыныстар тасталған. Оның ішінде, жем-шөпті субсидиялау қағидаларына өзгеріс енгізіп, 10 бас малы бар тұрғындарға да арзан бағамен жем-шөп сатып алуға мүмкіндік беру көзделіп отырғанын жеткізді.

«Субсидиялау критерийлері бойынша жем-шөпке бірыңғай базада тіркелген үш жасқа толған 50 ірі қара малы бар жандар иек арта алатын. Біз бұл критерийлерді 10 малға дейін азайтуды сұрап отырмыз. Одан бөлек, инвестициялық субсидиялауға да өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс тастадық. Мәселен, бұған дейін қырда құдық қазуға кеткен шығынның 50 пайызын үкімет өтесе, біз 80 пайызға дейін өтеу туралы айтып отырмыз. Электр энергиясын күн сәулесінен жинайтын күн панельдерін орнату сынды мәселелер көтіріліп отыр»,- дейді ол.

Маңғыстау облысында 2600 шаруа қожалығы бар. Қазіргі күні өңірге 30 мың тонна жем-шөп әкелу жоспарланып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, арнайы штаб құрылып, әр ауданнан шабындыққа жер бөліп беру, шөп тасымалдау мәселелері жергілікті деңгейлерде шешіліп жатыр, дейді ол.

Бұдан бөлек, облыста жем-шөп сақтайтын қойма салу да қарастырылуда.

«Қазіргі күні кәсіпкерлердің көмегімен Шетпе ауылының маңынан гектар аумақты қамтитын логистикалық қойма құрылысы  қолға алынбақшы. Ақтөбе мен оңтүстік аймақтардан жем-шөп жеткізу жөнінде құжаттарға қол қойылған», — дейді шенеунік.

Басқарма басшысы ашыққан малдарға жем-шөп жеткізілгенмен, оларды сақтап қалу мәселесінде әлі де тәуекелдер барын жасырмады. Ресми деректер бойынша, өңірде соңғы бір ай ішінде қуаңшылық салдарынан 1400 бас ірі қара мал қырылған.

«Тәуекелдер жоқ емес. Біздің өңірде мал ұстаудың өзі тәуекелді іс», -деп қысқа қайырды маман.

«Статистика дұрыс емес: қырылған мал саны мыңнан да көп»

Ал облыстық мәслихат депутаты Нұрпейіс СӘРСЕНБАЙ болса аталған шаруалар жоспарлы жасалатын тірліктер екендігін, бүгінгі таңда кезек күттірмес шаруалар ұйымдастыру қажеттігін баса айтты. Атап айтқанда, өңірге жеткілікті мөлшерде жем-шөп қолжетімді бағамен жеткізілуі керек екенін тілге тиек етті.

«Облыстағы қырылған мал саны статистикада көрсетілгеннен көп. 1000 бас деген ол бір ауылда ғана өлген мал саны. Жалпы, біздің облыста мал санының статистикасы дұрыс жасалып отырған жоқ. Біздегі мал саны статистикадағы мал санынан екі есе көп. Біз мұны  облыс деңгейінде айтып жатырмыз. Қазіргі күні мал әбден тұралап қалды. Қыстан әзер шығып титықтаған мал қуаңшылыққа шыдамай жатыр. Бізге тез арада төтенше жағдай жариялау қажеттілігі туындап отыр.  Ахуал өте күрделі. Қиналып отырған қара халық. Өңірдегі ахуалды апатты деп тану керек», — дейді ол.

«Қуаңшылықтың басты себебі – Каспийдің тартылуы»

Нұрпейіс Сәрсенбайдың айтуынша, мәселені Каспий теңізіндегі экологиялық ахуал тұрғысынан қарастыру қажет. Себебі, Каспийдің тартылуы өңірдегі ауа-райына қатты әсер етіп жатыр, дейді ол.

«Маңғыстауға жауын жаумағалы биыл үшінші жыл болды. Мұның себебі арыда жатыр. Жылдан жылға Каспий теңізінің Маңғыстау жақ бөлігі өте қатты тартылуда.   Қаламқастың жағалауы 15 километрге дейін тартылды. Шаруалар көктемнен үміт күтіп еді, көктемде де жауын-шашын болмады. Тіпті мал тұяғы тимеген жерлерде де биыл шөп шықпай қалған. Өңірдегі ауа-райының басты құраушы факторы — Каспий теңізі. Оның деңгейі қатты түсіп кетіп отыр. Ауа-райын зерттеушілері де мұны растап отыр.

Бұрын теңіздің 50-60 шақырым жерге  дейінгі жағалауы ылғалды болатын. Ащы шөптер шығатын. Бұл шөптер шабындық болмай қалған жылдары маз азығының екінші қоры болатын. Қазір мұның бірі де болмай отыр. Қыстың қарлы, көктемнің жаңбырлы болуы осы Каспий теңізіне тікелей байланысты. Каспий теңізі негізінен Еділ өзені суымен қоректенетінін білесіздер. Бірақ Ресей оған жіберілетін Еділ өзенінің жылдық су мөлшерін жылдың әр маусымында әркелкі жібереді.

Қыста көп жібереді де, жазда өздерінің қажеттіліктеріне пайдаланады. Мұның барлығы енді халықаралық деңгейде реттелетін мәселелер.  Мұның барлығы жақын арада шешілуі тиіс мәселе», — дейді Нұрпейіс Сәрсенбай.

Сонымен бірге, ол далада қырылып жатқан малдардың өлекселерін залалсаздындыру қажеттілігін де атап өтті.

«Өлекселер шіріп, иістенеді, жан-жаққа ауру таратпай тұрғанда дереу заласыздандыру керек. Бұл мәселені министрлік шұғыл қарап, заласыздандырушы, өлексені өртеп жоюшы топтарды жіберуі тиіс», — дейді ол.

Айта кету керек, бүгінгі күні Маңғыстаудағы қуаңшылық мәселесін шұғыл түрде шешу үшін өңір қазынасынан 200 млн теңге бөлінгені белгілі болды. Одан бөлек, Ауыл шаруашылығы басқармасы келесі айдан бастап жыл соңына дейін Маңғыстау облысының 5 ауданына 2200 тонна азық сатып алынатын мәлімдеді. Ал көрші өңірлердің жекеменшік иелері 15 маусымнан бастап шөп жеткізуге дайын деп отыр шенеуніктер. Бұл ретте, бөлінген қаражат пен атқарылып отырған шаралар қарапайым халықтың игілігіне жұмсалып, аштан қырылып жатқан мал проблемасы шешімін табады деп үміттенеміз.

Айтолқын Күзербаева

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.