Мал өліп, адамдар құтқарылды: Алматы және Жамбыл облыстарында сел жүрді

Алматы облысының Кеген ауылындағы Түменбай ауылы мен Көлсайға апаратын республикалық маңызы бар жолды су шайып кетті. Одан бөлек өткен түнде Жамбыл облысы Қордай ауданының Үлкен Сұлутөр ауылында да сел жүрді. Екі өңірдегі қолайсыздық нөсер жауын салдарынан орын алған. ТЖД берген ақпаратқа сәйкес, Үлкен Сұлутөр ауылындағы топан су салдарынан мал өлген, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.

Аталған табиғат тосынсыйының видеосы әлеуметтік желілерде тез таралуда. Кеген ауданы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, республикалық маңызы бар Көкпек – Кеген – Түп – Жалаңаш – Саты – Көлсай көлі жолының 10-11 шақырым аралығындағы жиекті 23 маусым күнгі нөсер жаңбыр шайып кеткен. Одан бөлек, аудандағы Түменбай ауылында бірнеше үйдің ауласын су басқан.

«23 маусым күні сағат 17-40-да шамасында Кеген ауданы Түменбай ауылында нөсер жаңбыр салдарынан ауыл іші көшелерін таудан аққан су басты. Тау суы 1 тұрғын үйге кірген және 11 үйдің ауласын басқан. Оқиға орнына аудан әкімі, Кеген ауылдық округінің әкімі, төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің қызметкерлері барды. Төтенше жағдайға бірнеше техника жұмылдырылды. Адамдар зардап шекпеген»,- делінген Кеген ауданы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда шығындар есептеліп, республикалық маңызы бар жолды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осыған ұқсас жайт Жамбыл облысында орын алды. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің дерегіне сай, 23 маусым күні сағат 20.00-де Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылында нөсер жаңбыр салдарынан Ырғайты өзенінің бойымен сел тасқыны өтті. Салдарынан ауыл жолдарын су басты. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлердің 2 шаруашылық құрылысы қирады.

 «Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, мал шығыны бар. Жергілікті атқарушы органның комиссиясы келген залал мөлшерін анықтап жатыр», – деді ведомстводан.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер, 2 техника, жергілікті атқару органдарынан 5 қызметкер және 2 техника барған.

Сондай-ақ кеше кешкі сағат 23:25-те Қордай ауданы, Шарбақты ауылынан 4 шақырым жерде Ырғайты өзенінің деңгейі күрт көтеріліп, арнасынан асқан.

«Өзен жағасында 11 адам демалып жатқан. Судың көтерілу салдарынан айналасын су басқан дөңес жерде 6 адам көлік ішінде қалып қойды. Сондай-ақ екпінді ағыс демалушылардың екінші көлігін шайып кетті. 24 маусымда сағат 01:15-те ТЖД құтқарушылары аралда қалған барлық адамды құтқарды. Оларға медициналық көмек қажет болмады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», – деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.