Бүгін заңсыз жолмен берілген және қазіргі күні пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жөніндегі комиссияның отырысына қатысып, баяндама жасадым.
Жуырда ғана ел Президенті біздің бастамамызды қолдап, жер заңнамасының сақталуына тексеру жүргізуге мораторийдің күшін жою туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Енді «жұмыс істемейтін», яғни игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жұмыстары тез әрі тиімді болатынына сенімдімін.
Қазір комиссия жұмыс істеп жатыр, соның арқасында пайдаланылмай бос жатқан 1 млн 119 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекеттің меншігіне қайтарылды. Бүгінде 2 млн 94 мың га алаңды алып жатқан жер пайдаланушыларға қатысты 724 жоспардан тыс тексеру жүргізіліліп жатыр. 698,4 мың га жерді тексеру бойынша 48 өтініш прокуратура органдарында тіркеу сатысында тұр. Бұл процесс барлық уәкілетті органдармен бірлесіп атқаруда.
Алайда, осы күні әкімдіктердің бұл жұмыстан өздерін шеттетіп, белсене араласпай жатқанын көріп отырмыз. Бірақ жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жер телімін беру ғана емес, оның қалай пайдаланылатынын бақылау да кіретінін ұмытпаған жөн.
Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі қандай да бір себептермен мал аз жайылатын алаңдарды анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Әкімдіктер бұл туралы АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелерін хабарлауы тиіс еді, алайда ондай жұмыс жоқ.
Дәл қазір елімізде мал жаю үшін шамамен 16 млн га жайылым жетіспейді. Бұл ауылдағы тұрғындар санының азаюына және әлеуметтік наразылықтың өсуіне әкеледі. Жер бос жатпай «жұмыс істеуі» және ең бастысы жұмыс істейтіндерге тиесілі болуы керек.
«Бір қолда» тұрған, пайдаланылмай жатқан және заңбұзушылықпен берілген ірі жер учаскелерін қайтару үшін облыстардың ведомствоаралық кіші топтары әрбір осындай учаске бойынша құқығын белгілейтін құжаттарды тексеруі және материалдарды аумақтық бөлімшелерге жіберуі қажет. Соңғысы өз кезегінде учаскенің заңды берілгенін немесе заңсыз берілгенін анықтайды.
Біздің міндетіміз — жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан 5 млн га ауыл шаруашылығы алқабын мемлекетке қайтару. Бірақ тағы да қайталаймын, бұл мәселемен барлық жауапты мемлекеттік органдар бірлесіп айналысуы керек. Өйткені, жайылым жерлердің тапшылығы түптеп келгенде бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.
Ербол Қарашөкеевтің фейсбуктағы парақшасынан