«Игілігін барша аналар көрсе екен»: Маңғыстаулық келіншек ешкі асыраудың маңызы туралы айтты

Маңғыстау облысы өзінің қатаң климатымен, ерекше табиғатымен және қазақы салт-дәстүрімен танымал өлке. Былтырғы қуаңшылық  салдарынан  мал қырылып, жергілікті тұрғындар біраз ауыртпалықты бастан кешірді. Десе де, қиындықтан мойып, ата кәсібі – мал шаруашылығын тастап кететін маңғыстаулықтар емес. Олар керісінше, қолынан келгенді жасап, төрт түлік малын өсіріп қана қоймай, кәсібін дөңгелетіп, бизнеспен айналысуда. Солардың бірі – мамандығы қаржыгер болса да, бүгінде төрт-түліктің бірі – ешкі сауып, сүтін сатып отырған Мәдина ЛЕПЕСБАЕВА. 28 жастағы келіншекпен agroqogam.kz тілшісі тілдесті.

Бүгінде Мадина Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылының тұрғыны. Бес баланың анасы отбасымен бірге мал шаруашылығымен айналысады. Бұдан он жыл бұрын осы ауылға келін боп түскен қаржыгер түбегейлі ата кәсіпті меңгеруге бет бұрған. Қазір ол ауыл-аймаққа ет-сүт өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпкер әйел ретінде танылған.

«Келін боп түскелі өз мамандығым бойынша жұмыс істемедім. Ата-анамыз өмір бойы мал шаруашылығымен айналысқан адамдар. Сондықтан, біз де сол кісілердің ізін жалғап жүрміз. Мал шаруашылығына деген қызығушылығым 2018 жылы басталды. Етті жіліктеп сату, қақтау, сүт өнімдерін жасаумен айналысамыз. Маңғыстаудың климат мал шаруашылығын ұстауға өте қолайсыз. Әсіресе, жылқы мен сиыр бағу күрделі. Басты проблема – азығы. Негізінде түйені көбірек ұстайды. Өнімді, төзімді. Ет жағынан болса да, сүт жағынан болса да өте көп өнім береді. Сосын, қой, ешкі. Жалпы төрт-түліктің бәрін ұстаймыз», – дейді ол.

Айтуынша, былтырғы құрғақшылық олардың да кәсібіне біршама шығын келтірген. Жұттан қырылған малдардың арасында олардың да жылқылары болған екен.

«Барлығына кесірін тигізді. Халық шығынға батты. Өзіміздің де басымыздан өтті. Далаға жығылып қалмасын деп жылқыларды үйге әкеліп, жемдедік. Соның өзінде өздігінен біршамасы өліп қалды. Мал шаруашылығымен айналысу қиын. Ол да бір адам сияқты ғой. Үлкен бап керек», – деген кез-келген істе сүйіспеншілік пен ынта болса, ол ары қарай ілгерілейді деген пікірде.

Биыл Маңғыстаудың жағдайы былтырғыға қарағанда әжептәуір жақсы. Жауын-шашынды ауа райының есебінен шөп бітік өскен.

Айта кету керек, түйе сүтінен ауылда балқаймақ жасау жолға қойылған. Мұндай өнім басқа өңірлерде нағыз деликатес. Оны өзге өңірлерге арнайы жіберіп алдыратындар да аз емес. Маңғыстаудың балқаймағы өзінің ерекше дәмімен танымал.

«Балқаймақ деген ерекше дәмді сүт өнімі ғой. Дәмі кәдімгі ирис кәмпиті секілді. Ол біздің өңірге таңсық емес. Ауылдағы әр үйде дерлік мал бар. Түйе сүті қою болады. Ал балқаймақ жасау үшін сол сүтті отқа қойып қайнатамыз. Қайната-қайната келе ол әбден қоюланып, қоңырқай түсті болады. Сол кезде оған қант қосып араластырамыз. Сосын арнайы ыдыстарға салып, формасын жасап сатуға болады. Ауылда сұраныс аз. Бірақ қалалықтар көп сұрайды», – дейді ол.

Қазіргі таңда көпбалалы ана ешкі асырауды қолға алған. Ешкі Маңғыстауда ұстауға ыңғайлы төрт түліктің бірі. «Мал өсірсең ешкі өсір, пайдасы оның көл-көсір», деп бекер айтпаған, дейді ол. Десе де, ешкі асырауға түрткі болған – оның өміріндегі жайсыз жағдай екен. Босанып келген соң, отаға түсіп, ауруханадан бір-ақ шыққан келіншектің жақындары ана сүтін алмастыру үшін жаңа туған сәбиге ешкі сүтін бере бастапты.

«Сол кезде балама қоспалар бере бастаған. Бірақ ол жақпады. Сосын ешкі сүтін пайдаланып көрдік. Ең бір үлкен артықшылығы – ана сүтіне ұқсас, балаға жеңіл болады деп жатады. Сөйтіп балам соған үйреніп кетті. Ешкінің сүтінің пайдасын сонда көрдік. Шипалы, балаға қажетті барлық дәрумендер бар», – деп баяндады ол.

Баласының балпанақтай болып өскен келіншек жақындарымен ақылдаса келе асылтұқымды ешкі асырауға бел буған. Пайдалы әрі дәруменді ешкі сүтіне деген сұраныс бар, дейді әйел. Құрамы жөніне ана сүтіне ұқсас келетін ешкі сүтін көп жағдайда жаңа туған нәрестелерге ана сүтін алмастыру үшін беру ұсынылады. Онда кальций, фосфор, кобальт, темір, В1, В2 және С дәрумендері көп және олардың барлығы адам ағзасына тез сіңірілетін формада.

«Асыл тұқымды Заанен, Нобель, чех ешкілерін асыраймын. Сәбилерден бөлек, ересектер де көп келіп сатып алады. Аш қарынға асқазаны ауыратын жандар келіп ішіп жатады. Ешкі сүтінің игілігін мен ғана емес, барша аналар көрсе деймін. Мұндай пайдалы өнімді бала рационына енгізу керек », – дейді ол.

Заанен ешкілерінің бір ерекшелігі – өте өнімді болады. Швейцариялық ешкілердің түрлі климаттық жағдайларға бейімделуі де оңай.  Орташа есеппен бір ешкіден тәулігіне 2-4 литр сүт алуға болады. Әлемдегі ең ірі ешкілер санатына жатады. Лақты ешкіні жыл бойы, күніне екі рет саууға болады. Сондай-ақ, чех ешкілері де сүтті әрі өнімді келеді. Жылына 10 ай саууға болады. Сүтінің майлылығы төмен (3,6-3,7%) әрі гипоаллергенді. Олар көп тамақ талғамайды. Негізгі ағызы – пішен.

Мадинаның айтуынша, ол ешкі сүтінен қосымша құрт жасайды. Ащы құрттарға сұраныс өте жоғары. Ал ешкіні толықтай өзім сауамын, дейді ол.

Осындай шағын ғана кәсібін дөңгелетіп отырған келіншек отбасылық кәсіпті ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол негізгі мақсатым – қазақтың ұмытылып кеткен тағамдарын танытып, желі арқылы ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, деп санайды.

«Маңғыстау киелі өлке. Адамдары қазақы, салт-дәстүрді берік ұстанады. Осы ауылшаруашылығына бет бұрғалы қазақтың дәстүрімен табақ тарту, етті жіліктеу сынды өте маңызды дүниелерді жақсы меңгеріп алдым. Біз ондайды ұмытпауымыз қажет. Мал – біздің ата кәсіп. Ата кәсіпті жаңғырту – баршамызға сын», – деп сөзін түйіндеді келіншек.

Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.