Алматы облысында ірі сүт зауыттарынан бөлек, сүт өнімі арқылы табыс тауып, шағын бизнеске бет бұрған шағын кәсіп иелері де аз емес. Солардың бірі – табиғи таза сүт өнімін өндіруге ден қойған, бұл мақсатын жүзеге асыру үшін қаладан ауылға көшіп барған Жарқын Байділдәқызымен сұхбаттасып, саладағы қиындықтар туралы білдік, деп хабарлайды agroqogam.kz тілшісі.
Жарқын Байділдәқызы бүгінде Алматы облысы, Қарасай ауданында тұрады. 48 жастағы бухгалтер бұдан бірнеше жыл бұрын жұмысын да, Алматыдағы үйін де тастап, ауылға көшіп келген. Қазіргі таңда ол — шағын кәсіпкер. Оның кәсібі табиғи таза, еш қоспасыз өнімдерді ежелгі технологиялар арқылы жасауға құрылған. Ол бұл кәсіпке экологиялық таза өнімге деген мұқтаждықтан барғанын айтады. Бұған себеп – жақындарымның денсаулығы, дейді ол.
«Мен жалпы бұрыннан кез келген тағамның тағамдық құндылығын, құрамын, оның адам ағзасына зиянын немесе пайдасын зерттеп жүретін жанмын. «Ас адамның арқауы» екенін жақындарым науқастанып қалғанда жете түсіндім.
Қызым дүниеге келгенде дәрігерлер оған ауыр дәрежедегі дисплазия деген диагноз қойған. Аяқ сүйектері жамбасынан 4 см-ге алшақ болып туды. Бұл өте ауыр диагноз.
Себебі, баланың аяғы, былайша айтқанда, тек қана етке ұсталып тұр деген сөз. Мен дәрігерден оның неден болатынын сұрағанымда, оның себептерінің бірі ретінде бала құрсақта жатқанда ананың дұрыс тамақтанбауын атады», — дейді Жарқын Байділдәқызы.
Келіншек қызының денсаулығын жақсартуға бірнеше жылын сарп еткен. Десе де, бұл жылдар ішінде ол тағамның құрамы, қазіргі дүкен сөрелерінде самсап тұрған сүт өнімдерінің жасалу технологияларын, түрлі тағамдық қоспаларды зерттей келе, табиғи таза өнімнің адам ағзасына пайдасы көл-көсір екеніне көзім жетті, дейді. Осыдан кейін-ақ халыққа пайдалы, зияны жоқ, құрамында барлық қажетті заттары сақталатын сүт өнімдерін кең ауқымда өндіруді өзіне мақсат етіп қойыпты.
«Қаладағы үйімізді сатып, ауылға, Қарасай ауданына көшіп бардық. Мемлекеттік грант арқылы қаражат алып, 10 бас ірі қара мал сатып алып, сүт өнімдерін өндіруден бастадым. Өзім де кезінде ауылда өскендіктен, қазақтың ұмытылып бара жатқан сүт өнімдерін даярлаудың ежелгі технологияларын жақсы білемін. Сол білгеніммен айран, сұйық айран, ірімшік, сүзбе, сары май мен құрттың бірнеше түрін жасаймын. Бірақ табиғи таза өнімді өндірудің проблемасы да шаш етектен», — дейді ол.
Айтуынша, шағын кәсіпкерлердің көп жағдайда сүт өнімін өндіру ісі мен мал бағуды қатар ұстап тұруға мүмкіндігі болмай жатады. Себебі, малдан сапалы сүт алу үшін, оның күтімі мен денсаулығын бабында ұстап тұру үшін көп күш, әсіресе қосымша жұмыс күші қажет. Ал бұл енді ғана аяқтан тұрып келе жатқан бастаушы кәсіпкерлер үшін өте қиын.
«Сиыр сауу, олардың сүтінің сапасы жақсы болу үшін жақсы азықтандыру қосымша қаражатты талап етеді. Біз биыл сиыр сауатын арнайы аппараттар сатып алдық. Десе де, өнім жасау үшін арнайы сүтті жақын маңдағы фермерден сатып аламын. Себебі, мал басы көп болмаса, оның арнайы жайылымдары болмаса, меншігіңде шабыңдығың болмаса, мал ұстап кәсіп бастаймын деу қате. Қазіргі нарық жағдайында, мал шаруашылығын нөлден бастау тиімді болмай тұр. Жем-шөптің бағасы өте қымбат. Малды бағуға кеткен шығын, сүт өнімінен тапқан табысыңды екі орайтындай дәрежеде. Яғни, бұл өзін өзі ақтамайтын бизнес», — дейді.
Үш баланың анасы бұл кәсіпті отбасымен бірге игеріп жүргенін жеткізді. Десе, табиғи өнім сапасы жөнінен бәсекеге қабілетті болғанымен, экономикалық тиімділігі жөнінен сүт нарығында тиімсіз екенін мойындау керек, деген ойын айтты кәсіпкер.
«Өнімдердің өзіндік құны одан түскен табысты ақтамай қалатын кездер болады. Бір грамм су қосылмаған сүттен 1 кг таза сары май алу үшін (майлылығы жоғары – ред.) 27-30 литр сүт кетеді. Сүттің бір литрін мен 250 теңгеден сатып аламын. Күніне 100-200 литрге дейін сүт өнімін отбасымызбен игеріп отырмыз. Десе, қымбатшылыққа байланысты табиғи таза өнімім де қымбат болып тұр. Мәселен, осы мөлшердегі сүттен алынған майдың келісін 6800 теңгеге сатамын. Оған қоса қорабы мен жеткізу құны бар. Сондықтан, бұл өте көп уақытты, қаражатты, еңбекті қажет ететін кәсіп», — дейді ол.
Қазірде Жарын Бәйділдәқызы өзінің өнімдерін Jarkyn_milk брендімен сатылымға шығарған. Оның ассортиментінде айранның екі түрі, құрттың бірнеше түрі (малта құрт, ежегей және т.б.), ірімшік, сары май, қаймақ және сарысу бар. Экологиялық өнімге жергілікті деңгейде сұраныс та артқан. Алдағы уақытта отбасы бұл кәсіптің аясын кеңейтіп, қосымша күш тартуды жоспарлауда. Десе де кәсіпкердің айтуынша, табиғи өнім жасаумен айналысудың тағы бір кемшілігі – олардың жарамдылық мерзімі. Табиғи таза өнім шынтуайтына келгенде бір-ақ аптаға жарамды.
«Әлбетте, менің клиенттерім оны біледі. Кейбір өнімдер бар, апталап, айлап тоңазытқышта тұрса да бұзылмайтын Менің айраным, екі күннен соң аши бастайды. Бұл оның таза, құрамы бұзылмаған нағыз табиғи өнім екенінің белгісі. Бірақ бұл кәсіп сонысымен де қиын. Бағасы қымбат. Мен өнім жасағанда оның мерзімін ұзартып, бұзылмай сақталуға сеп болатын химиялық заттарды қолданбаймын ешқашан. Дайын әзірленген өнім бірден өтіп кетпесе, ол бұзылып кетеді. Еңбек те, шикізат та зая кетеді», — дейді келіншек.
Соған қарамастан, Жарқын табиғи таза өнімнің шын мәнінде қазақстандықтар үшін расымен де қажет екенін дәлелдеп шығамын деп отыр.
«Менің мінезім сондай, мен берілмеймін. Қаншалықты кәсіп қиын болса, содан нәтиже шығаруға тырысамын. Қоспасыз өнімдерді қалың бұқараға қолжетімді ету – менің арманым. Сонда бізде қазіргідей түрлі дерттер де, науқастар да азаяр еді. Себебі, денсаулығымыздың сапасы, жейтін асымыздың сапасына тікелей байланысты. Мұндай өнімдер қол жетпес байлыққа айналып саналатын күнге жеттік», — деді өзіне сенімді ана.
Айтолкын Адырбайқызы,
Алматы облысы