«Ақжол» партиясының депутаттары ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының төмендігі туралы мәселе көтерді. Олардың пікірінше, «мемлекет ауыл тұрғындарына келгенде қаржыны үнемдейді». Депутаттар ауылдағы өмірді жақсарту үшін мал шаруашылығын дамытудың ұлттық жоспарын жасау туралы бастама көтерді, деп хабарлайды agroqogam.kz.
Партия мүшелерінің Үкімет басшысы Алихан Смайыловқа жолдаған депуттаттық сауалы ауылдағы жастарды бағыттау мен өңірлердегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты болды. Сауал мәтінінде ауылдағы жағдайға немқұрайлы қараудың салдары туралы сөз болды.
«Ауылға немқұрайлы қараудың салдары ондағы білім мен медицина деңгейінің төмендеуіне, ақпараттың қолжетімді болмауына, мәдениет пен спорттың дамымауына, сондай-ақ жол сапасының төмендеуімен қатар басқа да факторларға әсер етеді.
Ауылдан шығып, оқуға түсе алмаған ауыл жастары амал жоқ, қала шетіндегі пәтерлерді жағалайды. Соның салдарынан, қалада қазір екі мамандық басым. Ол – таксист және күзетші-оққағар. Тепсе темір үзетін ауыл жастары қолында дипломы болмаған соң, күзетші-оққағар болып 50-60 мыңға – 1 күн жұмыс жасап, 2 күн демалып, бос уақытында спортзал мен сыраханаларды жағалап күнін өткізеді. Мен мұны өз ауылымның жастарынан көремін.
Біздің ауыл – Алматы облысының тау баурайында орналасқан Қастек деген 170-тей түтіні бар шағын ғана ата мекен. Бұрын 16 ғылым докторы, 57 ғылым кандидаты бар деп мақтан етуші едік. Ал қазір 50 күзетші-оққағар бар, «Алаш Праид» клубы да бізден шыққан деп мақтанамыз», — деді Азамат Әбілдаев.
Айтуынша, ауылдың әл-ауқатын көтеретін бір-ақ нәрсе – аграрлық өнеркәсіпті қолдау. Оның ішінде, депутат мал шаруашылығын дамыту біз үшін ең қолайлы екенін алға тартты.
«Малды жайылымда бағу қызыл ет өндірісінің өзіндік бағасын төмендетеді. Осылайша, қазақстандық өнім – әлем нарықтарында бәсекеге қабілетті бола алады. Жайылымды жердің ауданы бойынша біз әлем бойынша бесінші орында тұрмыз (186 млн. гектар жер, ҚР-дағы ауыл шаруашылық жерлердің 85%-ы). Ол Қазақстанға отарлы мал шаруашылығын дамыту үшін орасан зор мүмкіншілік береді.
Әлемде қызыл етті тұтыну деңгейі күн санап артып, баға өсіп келеді. Ең ірі импорттаушы елдер – іргелес жатқан көршілеріміз Қытай мен Ресей. Ал, Орта Азия елдері, Араб әмірліктері мен Түркия қой етін көптеп тұтынады. Осылайша, қазақстандық қызыл етті өткізуге арналған ірі нарықтар бар. Әлемдік нарықтарға шығу үшін Қазақстанға ең кемі 100 мың фермерлік шаруашылық қажет. Демек, қолдағы барымызға қоса тағы ең кемі 80 мың бизнес иесі қажет етіледі», — деген дерек келтірді ол өзінің депутаттық сауалында.
Согдай-ақ, ол ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялардың да талан-таражға салыну мәселесін көтерді.
«Негізінде субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсіп кетеді. Мысалы 2 триллионның қаражаттың үштен бір бөлігі сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға бөлінген. Оны АӨК-ке қосады. Бұл банктердің схемасы – ауыл шаруашылықтың субсидиясына жатпайды.
Мемлекет банктерге 1,5 – 2 пайызбен сауықтыру бағдарламасына миллиардтаған қайтарымсыз қаражат бөлінгені белгілі. Ал ауылға келген кезде 17 пайызбен несие беріп, 70 пайызын банктің схемасымен төлеп, оны субсидия деп атап қояды.
Неге біз мемлекеттің ақшасын банктерге арзанға беріп, олардан қымбатқа алып, оған тағы субсидия береміз. Мен осыны түсінбеймін. Бұның барлығы қазынадан ақша ұрлауға жасалған схемалар.
Ауылдың өркендеуіне тосқауыл қоятын, жағдайын нашарлататын бағдарламаларды біздің жұртқа жасалып жатқан қастандық деп білеміз», — деді ол.
Одан бөлек, Әбілдаев субсидия алған малшыларға қатысты қатаң тексерулер ауыл шаруашылығының дамуын тежейтінін тілге тиек етіп, АӨК-ке берілетін субсидияны жоқ дегенде 2-3 есеге көбейту қажеттігін еске салды.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы