Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары краннан қап-қара су ағып тұрғанын айтып, дабыл қақты. Тұрғындардың сөзінше судың осындай лай күйде келіп тұрғанына біраз болған. Аталған жайтқа әкімдік пікір білдірді, деп жазады agroqogam.kz.
Есік ауданы Рахат ауылдық округінің тұрғындар краннан ағып тұрған күмәнді суды ішіп отырғанын жазған. Видеодан судың өте лай екенін және тұтынуға жарамсыз екенін көруге болады.
«Бұл Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылындағы су. Әкімдік бұл мәселені шешуге асықпайды. Үнемі осындай су ағып тұр. Кір жуатын машиналар бітеліп қалып жатыр. Ешкім назар аудармайды», — дейді видео авторы.
Аталған жайтқа жергілікті әкімдік пікір білдірді. Атқарушы органның айтуынша, бұдан 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған су құбырының тозығы жеткен.
«Рахат ауылына су табиғи жолмен келеді. Ауылішілік құбырлар 1970 жылы салынған. Осы жылға Рахат ауылдық округінің 3 ауылын Еңбекшіқазақ топтық су құбырына қосу жоспарланып отыр. Ол 9 елдімекенді сумен қамтымақ», — делінген әкімдік хабарламасында.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы
Agroqogam.kz