1997 жылы Алакөл ауданына біріктірілген Алматы облысының бұрынғы Үйгентас ауданының тұрғындары халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына алаңдаулы. Аймақ белсенділерінің айтуынша, Үйгентас Алакөлге қосылғалы халықтың жағдайы нашарлап, бұл өңірге тиісті назар бөлінбей отыр. Сол себепті жыл өткен сайын ондағы мектептер саны қысқарып, әлеуметтік маңызы бар салада мамандар тапшылығы сезіледі, дейді олар. Бұдан бөлек, жұмыссыздықтың салдарынан жастардың барлығы ірі мегаполистерге үдере көшіп, ата қоныста кәрі-құтаң ақсақалдар ғана қалған. Үйгентастықтар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, елеусіз қалған өңірге назар аударуды сұрауда. Алайда бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселенің түйіні әлі де шешілер емес, деп жазады agroqogam.kz.
«Жұмыссыздық – басты мәселе»
Ауыл белсендісі, бұрынғы Үйгентас ауданының әкімі Болатбек Қапсалямовтың айтуынша, бұрын аудан болған өңір халқының саны 30 жыл ішінде екі есеге, яғни 47 мыңнан 23 мыңға дейін азайған. Аудан орталығы болған Қабанбай ауылында сол жылдары 14 мыңға жуық тұрғын болса, 2021 жылы бар болғаны 6 мыңдай қалған. 1991 жылы 31 мектепте 12 мыңға жуық оқушы болса, 2021 жылы мектептер саны 21-ге азайып, 10 мектеп жабылып, 3 мыңнан астам оқушы қалған. 9 мектеп жанындағы интернаттардың екеуі ғана қалыпты.
Сондай-ақ, ауыл белсенділері жеткізген ақпаратқа сәйкес, 18 балабақшада 4 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленсе, күрделі жөндеуден өтіп, қалпына келтірілген бес балабақшада бар болғаны 380 бала тәрбиеленуде. Мұғалімдер саны 1500-ден 560-қа дейін қысқарған. Ал бұған басты себеп – ауыл тұрғындарының жұмыссыздық салдарынан жаппай үдере көшуі болып отыр.
«Шекара шебіндегі ауыл тұрғындарының ата қонысын тастап, кетуінің басты себебі – жұмыссыздық, жаңадан ашылған өндіріс орындарының жоқтығы, орта және шағын кәсіпорындардың аздығы, жалақы, зейнетақы көтерілген сайын 50-100 пайызға өсетін (азық-түлік, дәрі-дәрмек, газ, т.б) қымбатшылық.
Мысалы, біздің елдің шұғыл континенталдық аймақта орналасқанын ескерсек, 7 айға созылатын қыс мерзімінде он тоннаға жуық көмір қажет. Көмірдің бағасы соңғы бес жылда бес мың теңгеден тоннасы жиырма бес-отыз мың теңгеге дейін өсті. Сонда бір қысқы маусымға тек көмірге орта есеппен 200-300 мың теңге кетеді», — дейді ол.
«Жауынды күндері әр шалғай ауыл «Барсакелмеске» айналады»
Одан бөлек, шекарадағы ауылдардың аудан орталығынан шалғайлығы басты проблема болып тұр. Мәселен ауданның о шеті мен бұл шетіне барып келу үшін кемі 250-300 шақырым жер жүру керек. Ал аудан орталығы Үшарал қаласына айына екі мәрте іссапарға баратындар жол шығынының мол екенін айтып қынжылып отыр. Ал күнкөрістің қиындауы – бөлек мәселе, деп ойын білдірді ауданның құрметті азаматы.
«Жолыңа 10-15 мың теңге жұмсайсың. Әр отбасындағы зейнеткерлердің зейнетақысы күнкөріске жетпейтіні айдан анық екені көрініп тұр. Әсіресе, боранды, жауын-шашынды күндері жол қатынасы мүлде тоқтайды. Шекарадағы әр шалғай ауыл «Барсакелмес» аралына айналады», — дейді Болатбек Қапсалямов.
«Үйгентас ауданын қалпына келтіру – мәселені шешудің бірден бір жолы»
Ауыл белсендісінің тағы бірі Болат Қошқаров бұрынғы Үйгентас ауданының аудан мәртебесін қайта қалпына келтіріп, Алакөл ауданынан бөлек шығару – мәселені шешудің бірден бір жолы деп есептейді.
«Біздің басты талабымыз – осы. Мұны көтеріп келе жатқанымызға да біраз жыл болды. Бармаған жеріміз жоқ. Бірақ құлақ асар ешкім болмады. Бізді Алакөлден бөліп, аудан ретінде қайта мәртебе берсін. Біздің аудан ретінде дамуға әлеуетіміз бар. Ауылшаруашылығында болсын, басқа салада болсын өзімізді өзіміз асырауға шамамыз жетеді. Жұмыс істеуге мүмкіндік берсін. Жастар тұрақтап қалатындай жағдай жасалсын. Әйтпесе, өңірімізде жастар қалмай барады. Осыны талап етеміз. Біз бұл мәселеден Мәжіліс депутаты Әбсеметова Әлияны хабардар еткенбіз. Ол өз кезегінде облыс әкімі Қанат Бозымбаевқа жеткізді. Бірақ одан қандай нәтиже болары белгісіз», — дейді Болат Базарбайұлы.
Бұл ретте редакция Мәжіліс депутаты Әбсеметова Әлияға хабарласып мән-жайды сұраған болатын. Мәжілісмен расымен де бұндай мәселе барын, осыған қатысты тиісті органдарға хат жазғанын жеткізді.
«Сіз айтып отырған мәселе үйгентастықтар үшін аса маңызды. Тұрғындар бұл мәселені шешуге көмек беруді сұрап, қатты тапсырған еді. Үйгентасты қайтадан аудан орталығы ретінде құру мәселесін мен «AMANAT» фракциясының мүшелерінің аймақтардағы сапарларын қорытындылаған жиында облыс әкіміне жеткізген болатынмын. Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігіне және Алматы облысы әкіміне осы жөнінде депутаттық сауал жолдадым. Парламенттегі фракция мүшелерінің аймақтар бойынша айтылған ой-пікірлерді де Үкіметке толық жолдағанбыз. Осы бойынша жуырда облыстан да, министрліктен де жауап келді. Облыстық әкімдіктің берген жауабына сәйкес, Үйгентас ауданын қайта құру мәселесі жаңадан құрылған облыстардың әкімшілік аумақтары бекітілген соң қаралатын болады», – дейді Әлия Әбсеметова.
Ал Ұлттық экономика министрлігі Жетісу облысын құрудың нәтижесінде орын алатын жоғары қарқынды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бұрынғы Үйгентас ауданының аумағына да өзінің оң әсерін тигізетінін жеткізген.
«Министрлік елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын одан әрі жетілдіру кезінде құрылатын Жетісу облысының әкімдігімен көтеріліп отырған мәселе есепке алынатынын айтты», — деп бөлісті Мәжіліс депутаты.
Айта кету керек, сәуір айында үйгентастықтар президенттің атына ашықхат жолдап, өңірді дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Оның ішінде жастардың ауылға тұрақтауы үшін инвесторлар тартып, шекаралық аймақты дамытуға көңіл бөлу туралы талапқа 58 адам қол қойыпты.
Үйгентас өңірі Қытаймен шектелетін шекара ұзындығы 300 км аумақты қамтиды, екі ел арасындағы адам өтетін он үш өткелдің жетеуі және 2012 жылы қайғылы оқиға орын алған «Арқанкерген» заставасы да осы маңда.
Айтолқын Адырбай,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz