Балқаштықтар малға зияны орасан зор кекек шөбінен зардап шегуде

Балқаш ауданындағы малшылар Іле өзенінің аңғарында ғана өсетін кекек шөбінен зардап шегіп отыр. Республикалық деңгейде зиянды шөптер қатарына енгізілмеген бұл өсімдік бүгінде аудандағы көптеген малдың өлуіне себеп болған. Бұл туралы жергілікті тұрғындар Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесу кезінде айтты, деп жазады agroqogam.kz тілшісі.
Балқаш ауданы тұрғындарымен кездесуге қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев келді.
Бұл кездесуде де облыстың басым бөлігінде бар проблемалар — жайылымның жоқтығы, шөптің қымбаттығы, медицина қызметкерлерінің тапшылығы, қоқыс полигон қоршауының болмауы секілді мәселелер көтерілді. Оның ішінде балқаштықтар Іле өзенінің аңғарында ғана өсетін жоңышқаға ұқсайтын кекек өсімдігі бірнеше ауылдың малшыларына зардабын тигізіп отырғанын жеткізді. Бұған дейінгі әкім Қанат Бозымбаевпен кездесу кезінде баяндалған мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Ал тамыз-қыркүйек айлары малдарға осы шөптен анағұрлым көп қауіп тудыратын кезең, дейді олар.
Мәселені Бақанасы ауылының тұрғыны Бекмұхамет Қанат көтерді.
«15 сәуірдегі кездесуде Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа 10 сауал қойдым. Соның кейбірі атқарылған жоқ. Малға орасан зор зардабын тигізетін кекек шөбін жою барысындағы жұмыстар жүргізілмей жатыр», — деді ол.
Облыс әкімі аудан басшысы Ғалым Тоқпейісовтен аталған мәселені мән-жайын түсіндіруді сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда мәселе шешілуде.
«Кекек шөбі ауылшаруашылық министрлігінің зиянды шөптер қатарында жоқ. Сол кездегі облысы әкімі ауылшаруашылық басқармасының басшысы Әлібек Жақанбаевқа сол мезетте тапсырма берген, зиянды шөпті улауға олар инстутит арқылы рұқсат алуға тиіс болатын. Бақылауда тұр.
Жалпы бұл шөптің зияна тамыз-қыркүйек айларында, су кеткен соң төменгі жақтағы ылғалды ауылдарда шыға бастайды. Қанша мал өлгенінің есебі жоқ. Ауылдарда бірлі-жарым малдардың өлгені анық. Мұны жеген мал 1-2 айдың көлемінде ауруға айналып, жүруге шамасы келмей, қысқа жетпей өледі. Қараой, төменгі Көктал, Ақкөл, Ақжа, Балатопар ауылдарында су қайтқан жерлерде өседі. Өлген малдардың анықтамаларында арықтықтан деп береді. Бірақ негізінен осы шөп себепкер болғанын жақсы білеміз. Республика көлемінде ондай шөп жоқ», — деді аудан әкімі.
Оның сөзінше бұл шөп 10 мың гектарға жуықаумақты алып жатқандықтан, мәселені шешу үшін әуе арқылы шпті улау әдістерін пайдалану қажет.
Айта кетейік, Іле өзенінің аңғарында жатаған, шырынды сабағы бар кекек көп кездеседі. Ол жоңышқаға ұқсас келеді. Бірақ мұның жапырақтары мен шашақ гүлдері аздап ірілеу болады.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы
Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.