Ақтөбе облысының тұрғыны Жаңбырбай Жиенқұлов ешкімге керексіз қой жүнін кәдеге жаратудың жаңа тәсілін ойлап тапты. Айтуынша, қой жүнін өсімдіктер көшетін отырғызатын ұяшықтарға минеральды мақтаның орнына пайдалануға болады. Бұл бір жағынан мақтаға кеткен қаражатты үнемдесе, екіншіден қырқылған қой жүнінің далада шіріп босқа қалмауына мүмкіндік береді, дейді ол. Ізденімпаз азаматпен agroqogam.kz тілшісі тілдесті.
Жаңбырбай Жиенқұлов Ақтөбе өңірінің тумасы. Мамандығы – экономист-сарапшы. Алайда ол мамандығын тастап, бірнеше жылдан бері жеке кәсіпке қарай бет бұрған.
Айтуынша, 2018 жылы алғаш рет қой ауылда қырқылған қой жүнінің сайда босқа шіріп жатқанын көріп, қатты қынжылған. Сол уақыттан бастап қой жүнін кәдеге жарату туралы ақпарат іздеп, өздігінен іздене түскен.
«Бұған қой ауылға барғанда назар аудардым. Қожалықтар қой қырқып, одан шыққан жүнді сайға апарып төгеді екен. Сөйтіп мен бұл жүнді не істеуге болатынын әбден зерттеп, ақпарат іздей бастадым. Шыны керек, бұған қатысты мүлдем ақпарат жоқ екен. Десе де, іздеген адам қашан да табады», — дейді ол.
Осылайша, ол қой жүнін көшеттер өсіруде ұяшықтарға салу тәсілі туралы аз-кем ақпарат біліп, оны іс жүзінде пайдаланып көріп, жақсы нәтиже алуға болатынына көз жеткізген.
«Ұяшықтың түбіне қой жүнін салып, оның үстіне топырақ салып, дәнін егеміз. Дәннен көшет өсіп шыққан кезде, оның жүні манағы жүнге оратылып, оның жерге отырғызғанда нығарланып, жақсы өсіп шығады. Негізінде бұл жерде көптеген көшет өндірушілер минералды мқтаны пайдаланады. Бірақ, жүн табиғи, таза, әрі босқа шірігенше осылай кәдеге жаратуға болады», — дейді ол.
Ол қой жүнін бұл мақсатта пайдалану шағын шаруа қожалықтары үшін тиімді екенін айтады. Десе де, бұл тәсілді жаппай өндіріске қосу экономикалық тұрғыда тиімсіздеу екенін айтады.
«Мен 1 гектар жерге түрлі қарбыз, қияр секілді өсімдіктер отырғызамын. Міне, солардың көшеттерін өсіру үшін маған қой жүні жетіп жатыр. Яғни, мен өзіміздің қойлардан алынған жүндерді осылай тиімді пайдаланып отырмын. Осы тәсілді барлық ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға, ауыл тұрғындарына үй жағдайында, қожалық ауқымында пайдалануға кеңес беремін. Әлбетте, ауқымды фермалар үшін қой жүні экономикалық жағынан тиімсіздеу. Минералды мақтаның орнына жаппай пайдалану, минералды вата ретінде өндіріске шығаруды да зерттедім. Бірақ қой жүнін жинау, оны өңдеу және мақта секілді орамамен сатуға дейінгі кететін шығын одан түскен пайданы ақтамайды екен. Сол үшін мен тек қана жергілікті жерде, қой жүнін кәдеге жарату үшін пайдаланған жөн деп санаймын», — дейді ол.
Жаңбырбай Жиенқұловтың сөзінше, қой жүніне бүгінде Қазақстанда сұраныс жоқ деп байбалам салудың қажет жоқ. Себебі бұл шикізатқа тек қана біздің елде емес, бүкіл әлемде сұраныс азайған. Тіпті қой жүні өндірісінен алдыңғы қатарда тұрған Австралия сынды мемлекеттерде де қой жүні өндірісі тұралап тұр, дейді ол.
«Оларды қойлары биязы жүнді. Соның өзінде сұраныс мүлдем азайып кеткен. Ал біздің қойлар қылшық жүнді. Тіптен ешкімге керексіз. Қазір неше түрлі жасанды талшықтар олардың орнын басып отыр. Сондықтан, қой жүнін пайдалану аясы да тарылып қалған.
Осы себепті біз бұл шкізатты пайдаланудың осындай үй жағдайында қолдануға болатын тәсілдерін іздеуіміз керек. Себебі, бізде 3000 астам қой бар. Еділбай қойлары жылына екі рет қырқылады, жабағы және күзем болып. Бір қойдан кемінде 1,5-2 кг жүн қырқылады. Орта есеппен қара қойдың 4-5 тонна жүні далаға тасталады қойды қырқамыз, ал одан шыққан жүн босқа пайдаланусыз шіріп жатыр», — деп өз ойын білдірді ол.
Сонымен бірге, бұл тәсіл өсімдіктер үшін тыңайтқыш ретінде жүреді, дейді шаруа. Мәселен, қой жүнінің құрамындағы күкірт жердегі фосфаттпен бірігіп, суперфосфат түзеді. Ал ол өсімдіктер үшін тыңайтқыш болады.
Айта кету керек, одан бөлек фермер жауын құрт өсірумен де айналысады.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz