Ауылда құс фабрикасын салуға тұрғындар қарсылық білдірді

Ақтөбе облысы құс етімен 8,8% ғана өзін қамтамасыз ете алады. Қалғаны өзге өңірлер мен елдерден, соның ішінде Ресейден әкелінеді. Рубль бағамының өсуіне байланысты дүкендерде құс етінің бағасы күрт қымбаттады.

Билік өкілдері: «Жақында облыста өзіміздің құс еті кәсіпорнымыз болады, Ақтөбе қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан Сазды ауылында құс фабрикасы құрылысы басталады. Кәсіпорын қуаттылығы – жылына 24 мың тонна ет әзірлейді. Облыстың құс етіне деген қажеттілігін толығымен өтейтін болады» — деп уәде берген.

Дегенмен, барлығы айтылғандай оңай емес болып шықты. Сазды тұрғындары қоғамдық тыңдау барысында құс фабрикасының салынуына қарсылығын білдірді.

«Рокос-Агро» мекемесі жылына 42,8 млн бройлер өсіретін болады. Бұл көлік қалдықтарын есептемегенде 75 мың тонна қоқыс, 300 тонна коммуналдық қалдық. Құс фабрикасындағы табиғи өлім 1,6 млн бройлер болады, бұл жылына тағы 1440 тонна қалдық. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы бойынша атмосфераға зияны 2023 жылы ғана 254 тоннаны құрайды.

Кәсіпорынды жоғары қырға салғылары келеді, бірақ төменде көл, әріректе Сазды су қоймасы бар. Кез-келген су тасқыны апатты жағдайға алып келеді

— деп тұрғындар уәж білдіреді. Бірақ, осы жағдайларды ескерместен құс фабрикасының құрылысы тоқтатылмады.

Жақында Ақтөбеге экология министрі Серікқали Брекшев келген кезде де: 1980 жылдары біздің ауылда «сібір топалаңы» өршуі орын алған. Құс фабрикасы су жағасында, құстардан жылына 70 тонна нәжіс шығады. Бір сағатта 6,5 мың тауық сойылады. Құс фабрикасы Сазда өзенінің арнасынан небәрі 100 метр жерде. Қоғамдық тыңдау кезінде тұрғындар бұған қарсы болды, бірақ жоба мақұлданды.

—        Біз хаттамалармен таныстық. 1980-ші жылдары Сазды ауылында топалаң жарасының ошағы болған екен. Сол уақытта жұмыс жасаған Германиядан келген мал дәрігерінің жазба деректерінде бұл жағдай көрсетілген.

Ал, құс фабрикасын салатын орында оқшаулау аймағы орналасқан екен. Топалаң індетінің әсері топырақта ондаған жылдар бойы сақталады, бұл орасан зардапқа ұрындырады — деді тұрғындар атынан Алмаз Сақтағанов.

Министр қоғам өкілдерін мұқият тыңдады. Одан кейін экология департаменті:берілген келісім құжатының күшін жою туралы «Рокос-Агро»   мекемесі экологиялық реттеу комитетіне өтініш білдірді. Сазды ауылында құс фабрикасы салынбайды – деп мәлімдеді.

Кәсіпорында 1000 жұмыс орнын құру жоспарланған еді. Енді, құс фабрикасын қай жерге салады, Ақтөбе облысындағы тауық етінің тапшылығы қалай қамтамасыз етіледі, әзірге белгісіз.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша «Рокос-Агро» мекемесі екінші құс фабрикасын салуды Алға ауданының Үшқұдық ауылында жоспарлаған.

Ол жерде тұрғындар инвесрторларға қолдау білдіруде.

Әлия Әлім

Ақтөбе облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.