Алматы облысы тұрғындары ауыл ішінде өріп жүрген шибөрілерден үрейленіп отыр

Фото из открытых источников

Алматы облысы Қарғалы ауылының тұрғындары ауыл маңында кешқұрым шибөрілер қаптап кететінін айтып, дабыл қағуда. Айтуларынша, жыртқыш аң ауыл үйлерінің ауласына кіріп, тайраңдап жүретін болған. Кешке қарай спорт үйірмелерінен қайтатын балалары үшін алаңдаған ата-аналар жергілікті әкімдіктен бұл проблеманы шешуді талап етіп отыр, деп хабарлайды agroqogam тілшісі.

Ajnj Айтолкын КУЗЕРБАЕВА | Agroqogam.kz

Сарқан ауданындағы Черкасск ауылдық округіне қарасты Қарғалы ауылының тұрғындары кешке далаға шығуға қорқып отыр.  Тұрғындардың сөзіне сенсек, бұрын ауыл маңына жоламайтын жыртқыштар бүгінде үйлердің ауласына емін-еркін кіріп, мал мен тауықтарға тап беруде.

«Биыл Қарғалыда шибөрілер тым көп. Олар тауда емес, ауыл ішінде, тіпті аулаға кіріп алатын болған. Кеше кешке әкем үйге кіріп, далада шибөрілер үйір-үйірімен жүргенін айтты. Балалар үшін қорқып отырмыз. Олар кешке спорт секцияларына барады», – дейді ауыл тұрғыны Әлия МОЛДАЖАНОВА.

Әлияның сөзін өзге де ауыл тұрғындары растап отыр.

«Біздің үйдің жанында күнде жүреді, балалар далаға шыға алмайтын болды, жұмысқа таңертең қорқып әзер барамын. Түнде әжетханаға шығудан қалдық. Қорқынышты. Әкімдік бір шара қолданса екен. Иттерді аулағанша, шибөрілерді ату керек қой», – деген тілегін білдірді Әсем АЙДАРОВА есімді тұрғын.

Фото Айтолкын КУЗЕРБАЕВА

Жергілікті әкімдік бұл жайт туралы жақсы білетін болып шықты. Алайда жыртқыш аңдарды ату құзыретіне әкімдік ие емес, дейді олар.

«Аталған мәселе бойынша жергілікті әкімдік хабардар. Жабайы жануарларды жою үшін арнайы лицензия қажет. Ал ол лицензия біздің ауданымызда Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде бар. Аталған мәселе бойынша арнайы хат әзірленіп, аталған мекемеге жолданған. Қазіргі таңда жабайы жануарлармен (қорқауларды) күрес жолдары қарастырылуда», – деген жауап келді әкімдіктен.

Осылайша, ауыл маңында қаптап жүрген шибөрілер мәселесі қашан шешілетіні әлі де белгісіз болып отыр.

Айтолкын КУЗЕРБАЕВА

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.