Еліміздегі санаулы қант зауытының бірі Көксу қант зауыты биыл жыл соңына дейін 100 мың тонна қант өндіреді. Күзден бастап зауыт қант қызылшасын өндіруге көшеді. Бұл туралы Жетісу облысының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.
Жаңа құрылған су жаңа әкімі Бейбіт Исабаев өткен сенбіде Талдықорған қаласы мен Көксу ауданындағы өнеркәсіп орындарын аралады. Соның бірі – Көксу қант зауыты. Баспасөз қызметінің берген ақпаратына сай, қазіргі таңда кәсіпорын үздіксіз жұмыс жасауда. Қызылшамен бірге зауытта қамыс өңдеу де жолға қойылған.
Зауыт мәліметінше, наурыз айынан бастап 21 мың тонна қант қамысы өңделген, тағы 22 мың тоннасы жуық арада зауытқа жеткізіледі, жол үстінде. Жалпы қант қамысына берілетін мемлекеттік квота көлемі 50 мың тонна. Күзден бастап зауыт қант қызылшасын өңдеуге бет бұрмақ.
«Биылғы жылы 295 мың тонна шикізат өңдеу жоспарланып отыр, соның ішінде шамамен 200 мың тоннасы қант қызылшасы, одан 100 мың тонна қант өндірілуі тиіс. Жалпы 2025 жылға қарай тәтті түбірді 15 мың гектарға дейін жеткізу межеленген. Жергілікті шаруашылықтарға уәде етілгендей, қазір қызылшаның әр келісіне берілетін төлем 30 теңгені құрап отыр. Оның тең жартысы зауыттың, жарты сомасы субсидия есебінен төленеді. Бұдан бөлек Көксу қант зауыты алыс аудандардан жеткізілетін қызылшаның тасымалы үшін де белгілі көлемде төлем жасайды», — делінген баспасөз қызметінде.
Айта кету керек, бүгінде өңірде ғана емес, бүкіл республика аумағында қант проблемасы өршіп тұр. Өңір-өңірлерде қант рта есеппен 800-900 теңгеден саудалануда. Алматы облысында тұрақтандыру қоры есебінен кей сауда орындарында келісін 400-450 теңгеден сатып жатыр. Бұл мәселе республикалық мінберлерде де айтылып жүргеніне біраз болды. Жуырда Үкіметтің цифрлық кеңсесінде премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, қант бағасының шарықтауына кәсіпкерлердің заңсыз әрекеті себеп дегенді алға тартқан.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қант қоры 100 мың тоннадан асады, ал айына тұтыну 59 мың тоннаны құрайды. Бұл – жеткілікті мөлшер. Бірақ үй жанындағы дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылады. Бұл – сұранысты пайдаланып, үстеме ақы қойып отырған жеке тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік қызметінің нәтижесі. Жалпы қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге/кг болуы тиіс. Мұны ретке келтіру керек», — деген болатын ол.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz