Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылының 9 жасар тұрғынын қаңғыбас ит талап тастады. Бұл туралы баланың анасы хабарлады. Бала түрлі жарақатпен Алматы қаласындағы №1 ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.
Оқиға 22 сәуір күні кешкі сағат 19:00-де Жамбыл ауданына қарасты Ақсеңгір ауылында орын алған. Баланың анасы Мақпал Алманованың айтуынша, 9 жастағы ұлы Шәріпжан Халифа далада жүрген бірнеше иттен қарындастарын қорғамақ болған.
«Ауызашар уақытында далада бірі 4 жасар, екіншісі 2 жасар қыздарым ойнап жүрген. Сол уақытта жандарына бір топ ит келіпті. Ұлым қарындастарын қорғамақ болғанда, өзін талап тастаған. Төбет ит. Қаңғыбас итке ұқсамайды. Иесі әлі табылған жоқ. Қазірде балам шошынып қалған. Ауруханада тиісті ем қабылдап жатырмыз», — деді ол.
Баланың анасы болған жайтты бірден әлеуметтік желіде жазып, елден иттің иесін табуға көмектесуін сұрап, видео жариялаған. Видеодан баланың самайы мен көзінің тұсы қатты жарақаттанғанын көруге болады.
Аталған оқиға туралы Жамбыл ауданы әкімдігі пікір білдірді. Әкімдік берген ақпаратқа сай, баланы қапқан ит Ұзынағаш ауылының ветеринарлық станциясына тоғытылған.
«Аталған тұрғын үйдің ауласы қоршалмаған. Бос жүрген белгісіз ит 9 жастағы Шәріпжан Халифаны тістеп алған. Жедел жәрдем шақырылып, баланы кезекші бөлімге апарып, жарақатын таңып, Алматы қаласындағы №1 балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта онымен бірге анасы ауруханада.
Дәрігерлер баланың жағдайы тұрақты екенін айтты. Бала ақылы бөлімде ем алып жатыр. Ақсеңгір ауылының тұрғындары, еріктілері көпбалалы отбасына көмек қолын созып, ұйымшылдық танытуда», — дейді Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бахтияр Айталы.
Айта кету керек биылдың өзінде аудан бойынша 469 қаңғыбас ит ауланған.
«Ағымдағы жылы ауыл тұрғындарының өтініші және «қаңғыбас иттер туралы» жазбаша өтініштер бойынша арнайы қызметкерлер иттерді аулау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде аудан бойынша 469 ит, оқиға орын алған Ақсеңгір ауылында 30 қаңғыбас ит ауланды», — делінгін әкімдік ұсынған ақпаратта.
Еске салсақ, сәуір айының басында Қарағанды облысында екі баланы ит талап, бірі көз жұмған.
Айтолқын Адырбай,
Алматы облысы