Алматы облысында люкке түсіп кеткен жылқыны құтқарып қалды

Алматы облысының Сарыөзек ауылында тұрғындар ашық тұрған люкке түсіп кеткен жылқыны құтқарып қалды. Аталған жайттың видеосы жергілікті пабликтердің бірінде жарияланды, деп жазады Agroqogam.kz.

Көшеде қараусыз жүрген жылқылардың бірі ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткенін Сарыөзек тұрғындары хабарлаған. Жарияланған видеодан құдықтың ішінен өздігінен шыға алмай жатқан жылқыны көруге болады.

«Топталып жүреді көшеде жылқылар. Қазір желіге саламын. Кімнің жылқысы. Сегізі жүр. Кешегі жылқылар тағы жүр», – дейді видео авторы.

Сондай-ақ, видео жазбасында жергілікті тұрғындар өз күшімен жылқыны шығарып алғаны айтылған.

«Мына жерге балалар түсіп кетуі де мүмкін. Өкінішке қарай, бұл ауылдағы ашық тұрған жалғыз люк емес. Ауылда мал да осылай жүреді», – деп жазылған жазбада.

Аталған жайтқа Кербұлақ ауданының баспасөз хатшысы жауап беріп, жылқының қожайы анықталғанын мәлім етті.

«20.02.2022 жылы сағат 17:00 шамасында Сарыөзек ауылы Байтөре көшісінің бойында орналасқан су құбырына жергілікті тұрғынның жылқысы түсіп кеткені анықталды.

Тұрғын ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңының 408-бабы бойынша («Облыстық, республикалық маңызы бар қалаларда және басқа да елді-мекендерде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу») айыпты деп танылып, ескерту алды», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.