Алматы облысында бірнеше ауыл тұрғындары өз ақшасына жол салып жатыр: әкімдік түсінік берді

Алматы облысы Талғар ауданының бірнеше ауылында тұрғындар өз күшімен жол жөндеуге кіріскені туралы ақпарат жергілікті пабликтерде жарыса жариялануда. Аталған ақпаратқа әкімдік жауап берді. Ведомствоның берген жауабына сәйкес, кей ауылдардағы жол Рамазан айына байланысты қайырымдылық шара ретінде жасалған, деп хабарлайды agroqogam.kz тілшісі.

Желіде шұрық-тесік жолдан шаршаған тұрғындар жұмыла кірісіп, жолды өздері жасауға бел шеше кіріскені туралы ақпарат тарады. Асар бір емес, бірнеше ауылда жалғасын тапқан.

«Алмалық ауылы. Талғар әкімдігі халықтың үніне назар аудармады. Сондықтан халық өзі жөндеп жатыр», – деді видео авторы (сілтеме: https://www.instagram.com/tv/CcKGwYhgxic/?igshid=YmMyMTA2M2Y=) Бұдан бөлек, жол жөндеу және жол салу жұмыстары Бірлік, Кеңдала және Тұздыбастау ауылдарында да жүргізілген.

Аталған дерек бойынша agroqogam тілшісіне әкімдіктің өкілі жауап берді. Жергілікті атқарушы органның жауабына сүйенсек, Бірлік ауылында жөнделген жол жергілікті тұрғындар тарапынан қайырымдылық мақсатында жасалған (Мәметов көшесінен Шүленов көшесіне дейін – 10 м2).

«Қазіргі таңда аталған ауыл әкімдігі Белбұлақ ауылдық округінің көшелеріндегі жол шұңқырларын бітеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатыпалу байқауларын өткізуде. Бірлік ауылының жаңа аудандарындағы ұзындығы 1,3 км болатын көшелеріне 24 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Биыл Бірлікте су құбырын қайта жөндеу және салу жоспарланған. Бұл жұмыстар аяқталған соң бюджеттік тапсырыс жасалмақ», – делінген жауапта.

Одан бөлек, жауапта Алмалық ауылындағы Набережная көшесіндегі шұңқырларды жамауда осы көшеге жасалатын су құбырының жұмыстары аяқалған соң қолға алынатыны айтылған. Алайда тұрғындар есебінен жасалып қойған көшеге қайта жөндеу жұмыстары жүргізіле ме, ол жағы белгісіз.

Кеңдала ауылы бойынша биыл Алматы көшесіне орташа деңгейдегі жол жөндеу жұмыстары жоспарланып отырған көрінеді. Қазіргі таңда байқау процедуралары жүргізілуде, дейді әкімдік. Одан бөлек, бағыттық тәсіл бойынша Отырар, Райымбек, Береке, Райымбек көшелеріне де жалпы ұзындығы 1,5 км-ке тең 48 млн теңгеге жөндеу жасалмақ.

Ал Талғар қаласы бойынша тұрғындар тарапынан ешқандай шұңқырларды бітеу жұмыстары жасалған жоқ, деп сендірді әкімдік. Жалпы Талғар қаласы бойынша жол жөндеуге 237 млн.теңге бөлінген. Ұзындығы 7,1 км болатын 10 көшеге түрлі деңгейдегі, оның ішінде шұңқырларды бітеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Айта кетерлік бір жайт, Алмматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ауылішілік және қалаішілік жолдарды жөндеуге қатысты 3,7 млрд теңге сомасындағы қаражатқа өтініш берілген. Мұнымен қоса, «Ауыл бесігі» бағдарламасы бойынша орташа деңгейдегі жол жөндеу жұмыстарына 598 млн теңге сомасында бюджеттік өтініш жасалған.

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.