Алматы облысында ауыл тұрғындары құдықтан мал ішетін суды ішіп, жан бағып отыр

Кадр видео Сандугаш ДУЙСЕНОВА

Алматы облысы Қаратал ауданы Көпбірлік ауылының тұрғындары екі айдан бері елдімекендегі жалғыз құдықтан су үшін отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауылдағы су құбыры жүйесіндегі сүзгіш 24 мамырда істен шыққан. Содан бері, 190 отбасы тұратын ауыл түгелімен бұған дейін мал суарып жүрген құдықтан су алып, пайдаларына жаратуда, деп жазады Agroqogam.kz.

Көпбірлік ауылындағы су проблемасы қазірге дейін бірнеше мәрте көтерілген. Жиырма жылдан бері таза ауыз суға жарымаған тұрғындар ауыл проблемасын «еститін құлақ» таппай зар болып отыр. Тиісті органдарға жазылған шағымдар мен хаттардың да еш көмегі болмай отыр, дейді олар.

Ауылға ауызсу жүйесі бұдан сегіз жыл бұрын жүргізіліп, үй-үйге тартылған болатын. Алайда, көпбірліктіктердің қуанышы көпке созылған жоқ. Су құбырындағы су ішуге жарамсыз, тұзды болып шыққан. Ал 20 млн. теңгеге сатып алынған тұзды суды тұщытуға арналған қондырғы қуаты толық жетпейтін. Сондықтан, көпбірліктіктер тұщы суды даладағы құдықтан ішуге алып, үйге келіп тұрған орталықтандырылған суды кір жууға және басқа да керек-жараққа пайдаланып келген.

Бірақ, мамыр айында тұрғындар бұған да зар болып қалды. Су жүйесіне орнатылған сүзгіш мүлдем істен шығып, шіріп кеткендіктен, бүкіл ауыл сусыз қалған. Су құрамында тұзды тұщытуға арналған қондырғыдан бір емес, алтау қажет. Олардың әрқайсысы 475 мың теңге тұрады.

«Бұл құдықтың қазылғанына 10-15 жыл болып қалды. Бүкіл ауыл болып ішіп отырмыз осы суды. Балалар келеді, олар да ішеді. Міне, екі айдан бері осы құдыққа қарап отырмыз»,  — дейді ауыл тұрғыны Жанболат Баймұханов.

Айтуынша, ауылды сумен қамтитын орталық құдық әу баста дұрыс жасалмаған. Ауылдағы су шығатын орын дұрыс таңдалмағандықтан, соры көп, тұзды жерге орналастырылған құдықтың суы да ішуге жарамсыз.

«Үйді-үйге келетін судың құрамында темір бар. Сондықтан, құбырлар шіріп, жарамсыз болып жатыр. Қондырғылар істен шығып жатыр. Оны ішу де қауіпті. Сондықтан, бұрын да ауыз суды осы құдықтан \алып, ішетін едік. Енді тіпті, мал суаратын су да таппай отырмыз», — дейді ол.

Ауыл тұрғыны Нұрлан Шалбаевтың айтуынша, ауылда тұщы су қоры жоқ емес, бар. Ел арасында «Қорлас» деп аталып кеткен маңнан тұщы су шығады, дейді ауыл ақсақалдары. Бірақ, осыған қарамастан, құдықты жауапты органдар тұзды көл маңынан қазған.

Видео Сандугаш ДУЙСЕНОВА

«Ауыл тұрғындарының сұрайтыны бір-ақ нәрсе, құдықты сі ішуге жарайтын жерге ауыстырып беруді сұраймыз. Осы құдықтан су ішіп жатырмыз. Бұл құдықтың ішінде не барын ешкім білмейді. Кезінде мал да түсіп кетіп жатты», — дейді ол.

Аталған проблеманы жергілікті билік жақсы біледі. 2020 жылы БАҚ беттерінде көтерілген бұл мәселе бойынша ауыл әкімінің орынбасары Ермек Әпеков жобалық құжаттар дайын болса, су құбырының құрылысы 2022 жылы жүргізіледі деп уәде берген болатын. Алайда тұрғындар бұл уәде орындалғанға дейін зиянды су денсаулығымызға кері әсерін тигізе ме деп қорқып отыр.

Жиырма жыл бойы шешімін таппай, жыры бітпей келе жатқан су проблемасы туралы аудан әкімдігі де хабардар болып шықты. Айтуларынша, қазіргі таңда елдімекенге тұщы су тарту мақсатында, бюджеттен тағы да қаражат бөлініп, жер асты суларын барлау жұмыстары жүргізілуде.

«Бұл құдықты Көпбірлік ауылының тұрғындары қосымша су көзі ретінде пайдаланады. Неігзі су көзі – 2013 жылы салынған, орталықтандырылған су жүйесі. 2010 жылы іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ішуге жарамды тұщы жерасты суларының қажетті көлемі болмағандықтан, Көпбірлік ауылында суды тұщытатын қондырғы орнату туралы шешім шығарылған.

Алайда, өкінішке қарай, қажетті сүзгіш тер уақытылы ауыстырылып тұрғанына қарамастан, бұл қондырғыдан шыққан су тиісті деңгейде тұщытылмайды. Сондықтан, тұрғындар су тұзды деп , шағым айтып жатыр.

Видео Сандугаш ДУЙСЕНОВА

Ақсақалдар мен ауыл белсенділерінің ұсыныстарын есепке ала отырып, аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, «Казгидробурпроект»ЖШС ішуге жарамды жерасты суларын барлау жұмыстарын жүргізуде», — делінген хабарламада.

Сонымен бірге, аудан әкімдігі егер жерастында ішуге жарамды су көлемі жеткілікті деп танылса, онда жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, Көпбірлік ауылындағы орталықтанырылған су жүйесі қайта қалпына келтірілетінін жеткізді.

«Аталған құдықтан шығып жатқан суды орталықтандырылған су құбырына неге пайдаланбай жатыр деген сұраққа келсек. Бұл құдықтағы су көлемі 4 кубометр болғандықтан, ол 1000 тұрғыны бар бүкіл ауылды сумен қамтуға жеткіліксіз. Ақсақалдар мен өзге де тұрғындардың келісімімен, жақын арада құдық маңы қоршалып, шатыр орнатылады. Тұрғындар құдықтан су алған кезде санитарлық талаптар сақталуы үшін бірқатар шаралар қолға алынады», — делінген жауапта.

Жиырма жыл бойы шешілмеген түйін алдағы уақытта шешіледі ме деген сұрақтың жауабын жақын арада білетін боламыз.

Айтолқын АДЫРБАЙ

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.