Қылшықжүнді қой: Қаракөл қойларының ерекшеліктері

Фото интернеттен алынған

Өткен ғасырда Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік батысында кеңінен қолға алынып, қарқынды дамыған қаракөл елтірісі шаруашылығы бүгінде ақсап тұр. Ширек ғасыр бұрын миллиондап саналатын қаракөл қойларының қазірде тек 38 мыңы қалған (ред. – 2019 жылғы дерек бойынша). Әлемде терісі ерекше бағаланатын қылшықжүнді бұл қой түрінің ерекшелігі қандай және оны қолға алудың қандай тиімділігі бар деген сұраққа бүгінгі мақаламызда жауап беруге тырысамыз.

Қылшықжүнді қой тұқымын көбейту етті, майлы, сүтті және шикізат өндірісі бағытын дамыту үшін аса қолайлы саналады. Қылшықжүнді қой шаруашылығы Қазақстанда етті-майлы, елтірі, етті-майлы-елтірі бағыттары бойынша жолға қойылған. Қылшықжүнді қойлар арасында кеңінен танымалы – Қаракөл қойлары. Ел арасында қаракөл деп аталып кеткен терілер дәл осы қойлардан алынады. Аса бағалы саналатын теріні қойдың жас төлінен алады. Сол себепті, Қаракөл қойлары Азия, Африка, Еуропа мен Американың 50-ден астам елінде өсіріледі. Қазақстанға Қаракөл тұқымдас қойлар орта Азия елдерінен әкелінген, сонымен қатар оңтүстік және батыс өңірлердегі қазақы құйрықты қой саулықтары мен  қаракөл қошқарларын қосу арқылы алынған. 1962 жылы құрылған қаракөл қойларын өсіру жөніндегі Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылғаннан кейін бұл бағытты зерттеу жұмыстары қолға алына бастады.

Бір қызығы, аталған бағытта 23 томдық ғылыми зерттеу кітап жарық көріп, онда оларды өсіру, селекциялау, жем-шөппен жабдықтау, саланы дамыту технологиялары жан-жақты қамтылды. Қазақстандағы қаракөл шаруашылығын дамыту ісі бүтін бір тарих. Оның дамуына көптеген ғалымдар атсалысты. Олардың тер төгуінің арқасында қаракөл қойларының түрлі түстегі тұқымы алынған болатын. Қаракөл қойлары туралы сөз қозғағанда, ХХ. Маматқазин, К.С. Алмухамбетов, Г.И. Попов, Х.И. Укбаев, А.М. Омбаев сынды ғалымдардың атын атауға болады.

Қаракөл тұқымды қойларының типтері көп. Олар жүндерінің түсі, елтірі түрлері және дене-бітімі бойынша ерекшеленеді. Қаракөл қойларының басы ұзын, мұрны дөңес, дене-бітімі мен аяқтары мықты, құлағы үлкен және салбыраңқы, ал жүні ұзын, жылтыр, толқынды болумен ерекшеленеді. Мүйізі иреленген, құйрығы үлкен. Жүні қылшықты, ұзындығы 15-18 см-ге дейін жетеді. Уақыт өте келе қаракөл қойларының биязы жүні ағарып кетеді, әсіресе мұндай өзгеріске қоңыр, күлгін, сұр түсті қаракөлдер бейім болады. Бұл типті қойлардың жүні бір жасқа келгенде ағара бастайды, ал 1,5 жасында жүн аппақ болып ағарып кетеді. Ал қара түсті қаракөлдердің түсі баяу ағарады. Бір жасқа келгенде қара қаракөлдер сұрланып, сарғыштау бола бастайды. Ал жүні 2-2,5 жасқа қарай тіптен ағарып кетеді. Қаракөл қойлары өз ішінде дене бітімі бойынша мықты, ірі және әлжуаз болып үшке бөлінеді. Бұлардың үшеуі де бір-бірінен биологиялық және өзге де құнды сипаттары бойынша ерекшеленеді. Қаракөл қойларының орташа тірі салмағы 40-45 кг, асыл тұқымды қошқарларының салмағы 65-80 кг, кей қойлардың салмағы 60-70 кг. Ал жаңа туған төлдері 4,0-4,5 кг тартады. Қаракөл қойларының өнімділігі төмен. Пайыздық көрсеткіші жөнінен өнімділік деңгейі 105-110%. Сүттілігі жөнінен өнімділігі саулықтардың жасына қарай өзгеріп отырады. Төлдегеннен кейін 15-20 күн бойы оның сүті құнарлы әрі мол болады, алайда одан кейін саулықтардың сүт өнімділігі кеми түседі. Мұның барлығын ескере отырып, ғалымдар қаракөл төлдері 70 күнге толғаннан соң оларды саулықтардан айыруды ұсынады. Қаракөл қойларының басты өнімі – терісі. Оны өсірудің, алудың, алуан түрлі түстерін күтіп-баптаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Айта кету керек, ақ түсті қаракөл қойларын алу үшін ғалымдар біршама тер төккен. Ақ түсті төлдерді алу үшін 4 түрлі қаракөл қойлары пайдаланылған. Профессор А.М.Омбаев жүргізген зерттеулердің нәтижесінде, Қазақстанның оңтүстігіндегі климаттық ерекшеліктер ескеріліп отырып алынған ақ түсті қаракөл қойларының етті-майлы, жүнді және қаракөл терілері бағыты бойынша аса өнімді болатыны анықталған. Саулықтардан төлдерді айыру кезінде кепелердің салмағы 27,6-29,6 кг болған, ал 1 жас 6 айлық кезінде олардың салмағы 44,1-44,9 кг жеткен. Тағы бір айта кетерлігі, ақ түсті қаракөл қойлары қара түстілерге қарағанда әлдеқайда мықты әрі ірі келеді.

Десе де, айта кететін бір жайт, 1991 жыл мен 2000 жыл аралығында қаракөл өндірісі 94%-ға азайған. Әлемде өте құнды саналатын және 1990 жылға дейін елімізде өте қарқынды дамыған бұл шаруашылық түрінің ахуалы күннен күнге нашарлауда. Бұған дейін Қазақстанда қаракөл қойларының бірнеше түсті түрін бағу жолға қойылған болатын. Олар: қара, сұр, ақ, қоңыр (қамбар), күлгін, ақсұр, қарақалпақ, сурхандария және т.б. Терісінен бөлек, олардан ет, сүт, ұлтабар, жүні, қой терісі секілді бірқатар шикізат алынады. Олардың барлығын тиімді түрде қолға алған жағдайда қаракөл қойлары мемлекет үшін де, шаруалар үшін, шағын бизнесті дамыту үшін де қыруар пайда әкелер еді. Саулықтардың сүт өнімділігін дұрыс пайдалана отырып, қаракөл терілерін алу арқылы саланы едәуір алға жылжытуға болады. Қаракөл қойларының сүтінен май, ірімшік, сыр жасауға болады. Бүгінгі күні қаракөл өндірісі толығымен жоғалып кетудің алдында тұр. Түрлі түстегі қаракөл тұқымды қойлар мүлдем жоқ болу қаупі бар.

Тағы бір қылшықжүнді қой түріне атыраулық құйрықты елтірі-етті-майлы тұқымды қойлар жатады. Аталған қой түрі 1998 жылғы Ауылшаруашылық министрлігінің №70 бұйрығына сәйкес академик, профессор Х.И. Укбаевтың бастамасымен алынған. Ол қазақы құйрықты қойлары мен еділбай саулықтарын қаракөл қошқарларымен қосып, нәтижесінде төмен температураға төзімді, қысқы жайылымдарда ұстауға қолайлы әрі терісі сапалы, қоңыр, ашық қоңыр, сары жылтыр түсті қой тұқымын «жасап» шығарды. Қошқарлардың тірі салмағы етті-майлы қой тұқымдарынан кем емес – 87-103 кг- жетеді. Саулықтарының тірі салмағы – 58-66 кг. Сырт пішіні жөнінен құйрықты қойларға ұқсас келеді. Атыраулық қой тұқымы климаты қатаң өңірлерге бейімді. Сондықтан оларды Батыс Қазақстанның шөлді және шөлейтті аймақтарында бағуға болады. Аталған қой түрінің төлдерінің жүні қозы кезінде өте биязы болып келеді. Олардың терісі әдемілігімен, жұмсақтығымен ерекшеленеді. Ашық қоңыр түсті жүнін бояуға да болады, сондықтан оны кілем өндірісінде де қолдануға болады.

Еске салсақ, бұған дейінгі мақаламызда еліміздегі етті-майлы (сілтеме: https://qogam-media.kz/?p=9104) және етті-жүнді қой (сілтеме: https://qogam-media.kz/?p=9374) шаруашылығын дамыту қаншалықты маңызды әрі тиімді екеніне тоқталған болатынбыз. Сондай-ақ, жартылай биязы жүнді қой шаруашылығының ерекшеліктерін (сілтеме: https://qogam-media.kz/?p=9628 ) сөз еткен болатынбыз.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.