Сібір жарасы: Кез келген адам бұл қауіпті дерт туралы не білуі керек?

Иллюстрированное фото из открытых источников

Күні кеше Қостанай облысында үш адам өте қауіпті аурулардың бірі – cібір жарасын жұқтырғаны белгілі болды.  Өңірдегі Денисов ауданының Приречный ауылында жиырма шақты ірі қара қырылып қалған. Сараптама қорытындысы бойынша олардың сібір жарасынан өлгені анықталып, елдімекен карантинге жабылды. Адам мен жануарлардың өміріне тікелей қауіп төндіретін бұл дерт мемлекеттік деңгейде қарастырылады. Себебі, оны жұқтырған малдың да, адам баласының да өмірін сақтап қалу қиынға соғады. Топырақта ондаған жылдар бойы сақталатын ауру қоздырғышы тұтас ағзаны аз уақыттың ішінде зақымдайды. Бұл ретте agrogoqam.kz порталы өзінің тұрақты айдары аясында сібір жарасының қаупі және қалай оның алдын алуға болатыны туралы мамандар пікірін жариялауды жөн көріп отыр.

Сібір жарасын қазақ халқы түйнеме деп атаған. Ал негізгі атауы өткен ғасырдың басында ауру Ресейдің Сібір өңірінде кеңінен тарағандықтан, осылай аталып кеткен. Инфекциялық ауруды алғаш рет француз дәрігері Моран тапқан. Ол жоғары температура мен залалсыздандыратын заттарға өлмейді.

Бұл қауіпті дерт ірі қара мал, жылқы, есек, қой-ешкі, бұғы мен түйеден жұғады. Ауру қоздырғышы жануарлардың зәрі мен нәжісінен анықталады. Ауру негізі су я болмаса жем арқылы жұғады.

Малдың ауру жұқтырғанын қалай анықтауға болады?

Кез келген малы бар адам оны үнемі бақылап, бойындағы ерекшеліктерге мән беруі тиіс. Әсіресе, егер:

  • Малдың дене қызуы көтерілсе;
  • Қан қысым төмендесе;
  • Іш өту, оның ішінде қанды іш өту мен қанды құсу байқалса,
  • Жүрісі өзгерсе
  • Жүре алмай, құлап қалса тез арада мал дәрігерін шақырған дұрыс.

Аталған ерекшеліктердің барлығы сібір жарасы ауруына тән.

Қатты асқынған кезде дертке шалдықан малдың ауыз қуысынан, мұрнынан, анусынан қан кетіп, ол жүре алмай, жатып қалады. Көп ұзамай, яғни 30-60 минуттан соң, жануар өледі.

Аурудың созылмалы түріне шалдыққан сиырлардың сүті азайып, дәмі өзгереді, тіпті кейде сүттің консистенциясы өзгеріп, қанды түске боялуы мүмкін. Сонымен бірге, жануарлардың терісінде жаралар мен ісіктер пайда болады. Өлген малдың қаны қара түсті болады және ұйымай аға береді.

Адамдарға қандай қауіп бар?

Сібір жарасы көптеген мал аурулары секілді адамдарға да жұғуы мүмкін. Ол адамның өліп кетуіне себепші болатындықтан, ауру адам өміріне қауіп тудыратын дерттер қатарына жатқызылған. Көп жағдайда сібір жарасы ауру жануарлардан, малға күтіп көрсететін адамдарға нәжістен, ауру малдың сүтін ішкеннен, етін жегеннен, тіпті мал терісінен де жұғады.

Ауру адам бойына тез тарап, ағза уланып кетеді. Адам терісі, лимфа түйіндері мен ішкі органдардың қабынады. Ауру жұқтырғандардың 98 пайызында дерт карбункулезді түрде өтеді.

Алматы облысы мал дәрігері Бахытжан МАЛКЕЕВЕІҢ айтуынша, сібір жарасын  жұқтырған адамдар тез арада әлсіреп, егер уақытылы ем қабылдамаса тіпті өліп кетуі мүмкін.

«Әрине, адамға көрсетілетін көмек ауру формасының күрделігіне қарай жасалады. Оны жұқтырған адамның ең алдымен қызуы көтеріліп, терісіне жаралар шығады. Ісініп кетеді. Ауыр формаларына шалдыққан болса, қан аралас іш өту, құсу байқалады. Іші ауырып, тыныс алуы қиындайды. Оған қоса, ауру өкпесі мен жүрегіне де әсер етеді. Емделмесе тіпті өліп кетуі мүмкін», — дейді ол.

Науқс қанында жара бактериялары шектен тыс артып кетіп, инфекциялық шок алады. Дене қызуы бастапқыда 40 градусқа дейін көтеріліп, бірнеше күннен соң кенеттен түсіп кетеді. Адам терісінде шамамен 15 мм болатын жаралар қаптап кетеді.

Мал дәрігерінің айтуынша, кез келген ауылдағы ветеринарлық қызмет мұндай қауіпті жағдайлардың орын алуына дайын болуы тиіс. Себебі, сібір жарасы мемлекеттік қана емес, халықаралық азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін үлкен факторға ие дерт.

«Мен жұмысқа келгелі, әрине, мұндай жағдайды бастан кешірмедім. Дегенмен, еліміздегі әрбір ауылдың мал дәрігері алғашқы көмек көрсету, оны анықтау, салдарымен жұмыс істеу сынды жайттарға әрқашан дайын болуы тиіс. Сібір жарасынан ешкім сақтандырылмаған. Оның қоздырғышы топырақта көп жылға дейін өмір сүре беретін, сондай күрделі дерт. Сондықтан, қолды қусырып отырмай, алдын алу бойынша әрекет ету керек», — дейді маман.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығына сәйкес сібір жарасының алдын алу бойынша бірқатар іс-шараларды орындау міндетті.

Олар:

– Сібір жарасынан қайтыс болған мәйіттердің көмген орындарын анықтау, есепке алу және залалсыздандыру шаралары, сібір жарасы бойынша қолайсыз аймақтардағы жануарлардың екпесін жүргізу;

– Сібір жарасын жұқтырған немесе күдіктелген жануарларды дереу оқшалау;

– Қолайсыз тұрғын аймақтарынан жануарлардың әкелінуі мен әкетілуін, ет, сүт және тері шикізаттарының шығарылуын болдырмау;

– Барлық күдікті жағдайлар және малдың қырылуы жайлы дереу түрде ветеринарлық мекемелерге ақпарат беру;

– Малдың қасапалды тексеруіне ветеринарды міндетті түрде шақыру;

– Мәжбүрлі қасап ету кезінде еттің және басқа өнімдердің қауіпсіздігін растау үшін міндетті түрде лабораториялық зерттеулер өткізу қажет. Үй жағдайындағы қасапта терілерді, тері шикізатпен айналысатын мекемелерге өткізу алдында, оларды сібір жарасына лабораториялық зерттеу өткізу қажет.

Қалай сақтану қажет?

Мал дәрігерлері мен дәрігерлер сібір жарасын алдын алу туралы кез келген адам хабардар болуы тиіс деп есептейді.

Ол үшін қарапайым гигиеналық талаптардан бөлек, бірқатар маңызды жайттарды да ұмытпаған жөн.

«Денсаулығыңызды қауіп-қатерден сақтау үшін тағамға қолданылатын мал өнімдерін, оларды өңдеуден өткізу тек қана ветеринар сараптамасынан кейін ғана қолданған дұрыс. Қандай ет алсаңыз да, ертті бөлгенде ас үй қолғабын пайдалану керек. Шикі етке тиген пышақты кір сабынмен әрі ыстық сумен жуу керек. Белгілерін байқасаңыз, уақыт ұттырмай дәрігерге барған жөн», — дейді дәрігер.

Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.