Былғары өнеркәсібі бойынша қажетті мәліметтерді сіздерге бөлісуді жалғастырамыз. Бұған дейін жаңа сыпырылған қой терісін сүрлеудің 4 әдісін қарастырған болатынбыз. Ал бүгінгі материалымызда қой терісі былғары өнеркәсібінде жарамды болуы үшін қалай дұрыс сақтаған жөн және терідегі ақаулардың түрлері деген тақырып аясында әңгіме өрбітпекпіз.
Сонымен, төрт тәсілдің бірі арқылы сүрленген мал терісін бірінің үстіне бірін қойып, кептіреді. Бұл ретте ылғалды құрғақ терілерге нафталин сеуіп тастайды. Аз уақыт сақтауды қажет ететеін терілерді бірінің үстіне бірін қойғанда қатты биік болып кетпеуді қадағалау қажет. Уақыт өте келе үйіндідегі терілердің арасына термометр қойып, ондағы температураны өлшеп тұру қажет.
Үйінді арасындағы температура жоғары болса, ондағы терілерді алып, суытып, нафталин немесе басқа залалсыздандыратын заттармен өңдейді.
Қой терісінің ауданын мойын тұсынынан құйрығына дейінгі аралықты ағаш сызғышпен өлшейді. Ал терінің орта тұсын өлшегенде сызғышты алдыңғы шаптан 3-4 см төмендеу қою керек. Қой терілерін шаршы дециметр өлшем бірлігімен есептейді (дм2).
Ал терінің ұзындығы мен енін көбейту арқылы оның ауданын есептеп шығарады. Өлшеудің алдында теріні үстелдің үстіне жайып, барлық ұңғыл-шұңғылына дейін жазып, қатты тартпай орналастырады. Ал қатты тартып кептірілген терілер кейін 10 пайызға көлемі кішірейеді.
Сонымен бірге тірі қойлардың терісінің ауданын шамамен есептеу үшін тірі салмағын өлшеп алады. Әр 1 кг салмақты 2 дм2 де есептейді. Бұл кезде асқазан-ішек жолдарындағы салмақтың 3 пайызын алып тастайды. Ал 5-7 айлық жас тоқтының 2,5 дм2 ауданы 1 келіге тең деп есептейді.
Сүрленген және жаңа сыпырылған терілердің ауданы келесідей арақатынасты көрсетуі тиіс: жаңа сыпырылған – 100 пайыз, ащы тұзды тәсіл арқылы сүрленген тері – 96 пайыз, ылғал тұзды тәсілмен сүрленген терілер – 100 пайыз, ылғал құрғақ тәсіл арқылы сүрленгендер 90 пайыз.
Ал қой терілерінің салмағын 0,5 дәлдіктегі таразыларда өлшеген дұрыс.
Қой терілерінің сипаты және кемшіліктерін анықтау
Қой терілері еттен ажырату кезінде немесе сақтау әлде сүрлеу кезінде түрлі дәрежеде бүлінуі мүмкін. Одан бөлек, мұндай кемшіліктер қойда сойғанға дейін де пайда болуы мүмкін.
Мәселен, сойғанға дейін кей қойлар дұрыс азықтандырылмаса немесе оларға арналған жай дұрыс болмаса, қойларды тасымалдау кезінде тері жарақатын алса, онда мұндай қойлардың терісі кей кезде былғары өнеркәсібінде жарамсыз болып қалуы мүмкін. Егер кейін қой терісін өнеркәсіпте пайдалану туралы жоспар болса, онда қойларды механикалық бүлінулерден, ветеринарлық өңдеу, айдау кезінде аса сақ болған дұрыс.
Ал мал сойылғаннан кейін тері дұрыс сыпырылмаса, дұрыс әрі уақытылы сүрленбесе, болмаса талапқа сай сақталмаса, онда мұндай терілер де көп жағдайда жарамсыз болып есептеледі.
Мал бордақылау орындарындағы терілердің 10-15 пайызы сойылғаннан кейін бүлінген терілер, ал 85-90 пайызы тірі кезінде теріде пайда болған ақаулар болып шығады.
8439-57 және 6192-57 Мемлекеттік стандарттары бойынша тері ақауларының кейбір сипаты төмендегідей:
- Жара – малдың жарақат алуы немесе ауырғаннан кейін теріде пайда болатын жараның орны.
- Қажалған тері – кейбір терілердің сыртқы бетінде түктердің болмауы. Бұл дұрыс сүрлемеу салдарынан орын алады.
- Тұрмыстық – көп уақыт тұрмыстық мақсатта төсеніш, жапқыш және т.б.ретінде пайдаланылыпп, нәтижесінде түрі мен түсі оңып кеткен терілер .
- Мұздату кезіндегі ақау – мұздатылған қой терісіндегі ылғал шектен тыс кетіп, кеуіп кету. Осының салдарынан тері шелінде ақ-сұр түсті дақтардың пайда болуы.
- Шелідегі ақаулар – теріні еттен сыпыру кезінде қалып қалған етті дұрыс алмау салдарынан пайда болатын ақау. Оның орны ойылып қалады.
- Жүні кесіліп кету – терінің кей бөліктеріндегі жүндер шектен тыс алынып, ойдым-лйдым орны көрініп тұрған кезде.
- Жұқарып кеткен тері орны – механикалық бүлінулер салдарынан орны ойылып, жұқарып кеткен терінің орны.
- Тесіктер – терінің кей бөліктерінің ойылып қалуы.
- Ет немесе май қалдықтары – теріде қалып қалған қалдықтар.
- Ыстың иісі бар терілер – ыспен кептіріліп, салдарынан түсі қою сарғышқа айналған терілер. Оларды суландыруға болмайды.
- Ошаған жабысып қалған терілер
- Ошаған алынбайтындай жабысып қалған терілер (тікенек терінің 50 пайызынан астам аумағына жабысып қалған жағдайларда)
- Терітесер қоңызы жеп тастаған қой терісі
- Түйінді шикі қой терісі – жайылмаған күйде кептірілген қой терісі.
- Сынық ақаулар – дұрыс иленбеген, тиісті түрде жайылмаған терілердің құрғап қалуы салдарынан сынуы.
- Қаракүйе жеп тастаған терілер
- Тікенек тесіп тастаған терілер
- Терінің жүнді қабатына жабысып қалған тезек және т.б.
(Жалғасы бар)
Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».
Қазақшаға аударған: Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы
Agroqogam.kz