Алматы облысындағы «қант дүрбелеңі» елді әуре-сарсаңға салды

Бүгінде бүкіл ел бойынша белең алған «қант әуресі» әлі де басылар емес. Тосап пен компот қайнатар уақытта қант бағасының шарықтауын күтпеген халық арзан қант іздеп, дүкен кезуге мәжбүр. Маркеттер сөрелерінде қант бағасы 600-700 теңге аралығындағы бағамен саудалануда. Ал әкімдік әлеуметтік бағада ұсынып отырған қант әр адамға 2 келіден ғана берілуде (445 тг). Десе де есебін тауып, қажетті қант қорын жинап алғандар да жоқ емес.

Agroqogam.kz тілшісі елдімекендердегі қантты арзанға сатып жатқан дүкендерді маңайлап, жағдайды бақылап көрді.

Алматы облысы Жетіген ауылындағы дүкендерде қант жоқтың қасы. Шағын дүкендердің бірді-екілісі ғана қантты 600-630 теңге шамасында сатуда. Ал өзге дүкендер қант бағасының тұрақсыздығына орай, келілеп сатпай отыр. Елдімекендегі жалғыз ірі супермаркетке қант күніне бір мәрте әлеуметтік бағада (1 келісі – 445 теңге) сатылуда. Тұрғындар осы бағаның өзіне қазір дән риза. Сол себепті кезек күтіп болса да, қажетті қант қорын жинап алуға асығуда.

«Күнде таңертең қант келеді. Жуық маңда тұрамын. Екі келіден алып жатырмын. Оған да рахмет. Былтырғы 230-280 теңгелік қантқа зар боп қалдық.  Қазір алып қалайық. 1000 теңгеге дейін барады дейді ғой. Кім біледі? Шынымды айтсам, екі баламмен келемін, әрқайсымыз екі келіден аламыз», — дейді көп балалы ана Жазира Кәкенова.

Ал зейнеткер Айгул Шәденова болса, айына түсетін 66 мың теңге көлеміндегі зейнетақысына қант түгілі ет, сұйық май, ұн секілді маңызды азық-түлікті алудың өзі оңай емес екенін жеткізді.

«Қымбатшылық қой. Биыл қант алмаймын. Таласатын адам таласа берсін. Сол қайнатпа жасап алу үшін жанталасып жатыр ғой. Мен жеміс-жидекті алып, мұздатқышқа жинап аламын. Өкінішті. Былтыр жеміс қымбат боп тағы қайнатпап едім, биыл керісінше болып тұр ғой», — дейді ол.

Ал ауыл тұрғынының тағы бірі – Қанат Нұржанов қантты көп мөлшерде алу үшін таңнан бері бірнеше мәрте қайта айналып келіп тұрғанын жеткізді.

«Амал жоқ, екі келі алып, тағы айналып келіп тұрмын. Мынау үшінші келгенім ғой. Әйелім бар жанымда, есесіне енді он келіден артық алып алдым. Ертең тағы келеміз ғой. Күзде мүлдем жоқ болады дейді. Алып алу керек. Халықта қорқыныш бар ғой, сол үшін қазір дүрлігіп, жапа-тармағай алып қалуға тырысып жатыр», — деп кеңес берді ол.

Бұл жағдай Алматы облысының барлық дерлік аймағында орын алуда. Жергілікті пабликтерде Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары мен Талдықорғанда да осыған ұқсас видеоларды жариялауда. Осыған орай «Жетісу» ӘКК департамент директоры Бахтияр Сембековке телефон арқылы хабарласып көріп едік, ол журналистерге сұхбат бермейтінін кесіп айтып, тұтқаны қоя салды. Оның неліктен пікір білдіруден бас тартқаны беймәлім. Осыған дейін өңірдегі қант мәселесі бойынша «24 Хабар» арнасына сұхбат берген департамент басшысы, өңірдің тұрақтандыру  қорында 2 мың тонна өнім бар екенін және оның 1,5 мың тоннасы қант екенін мәлімдеген. Сонымен бірге, телеарна ұсынған дерек бойынша жыл басынан бері халыққа 650 тоннаға жуық қант жеткізілген.

АШМ аграрлық азық-түлік нарықтары, органикалық өнім және техникалық реттеу департаменті директорының орынбасары Сәуле Жұрынованың БАҚ-қа берген мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда шетелден қант жеткізетін компаниялармен келісімшарт жасалып жатыр. Себебі, отандық қант шығаратын зауыттардың шығаратын өнімі аз.

«Күнделікті қантпен қамтамасыз ету мәселесін басты назарда ұстаймыз. Тараз, Мерке, Көксу, Ақсу  зауыттарының жүктемесі артқан. Сондай-ақ тездетіп шетелден қант жеткізетін компаниялармен келісімшарт жасалуда», — деген болатын ол.

Редкция аталған мәселе бойынша Алматы облысына қатысты бірқатар сауалдармен «Жетісу» корпорация басшысына ресми сауал жолдады. Жауап келген бойда, қосымша хабарлайтын боламыз.

Алматы облысының екіге бөлінуі салдарынан бүгінде осы мәселеге жауапты мамандар көшіп-қонып жатқан болуы керек. Десе де, өңірдегі қант мәселесі тез арада оңды шешуді қажет ететін проблема болып тұрғаны анық.

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.